Бала Неслихан әкесімен бірге[/caption]
– Әкеңізге арнап шығарған Little girl деген әніңізді көпке дейін орындай алмай жүргеніңізді айтып қалдыңыз. Неліктен?
– Негізі, бұл әнді шығарғаныма көп уақыт болған, бірақ орындай алмай жүрдім. Өйткені бұл туындыны естіген сайын жылай беретінмін. Жалпы, бұл әнді жазып шығуыма әкеме деген сағыныш түрткі болды. Үнемі қорғап, қолдап, желеп, жебеп жүрген әкемнің бізді жалғыз тастап кеткеніне көпке дейін сене алмай жүрдім. Есейіп кетсем де, өлең жолдарында айтылғандай, «қайтадан кішкентай қызың болғым келеді, әке» деп сағынышымды жеткізгім келді.
– Әкеңіздің ықпалымен ашылған таэквондо мектептерінің жұмысынан хабарыңыз бар ма?
– Мюнхенде мектеп ашқанын білемін, бірақ қазір ашық па, жоқ па білмеймін. Әкемді Мюнхенде Қазақстан мен Түркиядағыдай көп таниды деп айта алмаймын. Ал Стамбұлда ашылған екі мектеп жұмыс істеп тұр. Түркияға барған кезде ол мектеп туралы сұрап-біліп отырамын. Негізі, біз жыл сайын әкемнің зиратына барып, құран бағыштап тұратын едік. Коронавирустың кесірінен биыл бара алмай қалдық. Қазір Стамбұлдағы ата-әжемнің үйінде әкемнің қарындасы тұрады. Әжемнің айтуынша әкемнің тағы үш бауыры болған. Атам мен әжем 1950 жылдары талай қиыншылықты бастан өткерген бұқара халықпен бірге Алтайдан Үндістанға, кейін Түркияға көшкен кезде жолай үш баласынан айырылып қалған.
[caption id="attachment_146349" align="alignnone" width="800"]
Неслихан әке қабірінің басында[/caption]
– Ел білетін Мұстафа Өзтүрік сырт көзге сұсты көрінетін. Ал отбасында ол кісінің қандай ерекшеліктері есіңізде қалды?
– Әкем көпшілік арасында қалай сұсты көрінсе, отбасында да солай қатал болды. Ол кісі дастарқан басында отбасымызбен бірге тамақ ішкенімізді қатты қадағалайтын. Бір күні ағам далада балалармен ойнағысы келіп, тамақты сосын ішетінін айтқаны сол еді, әкем «Жоқ, ешқайда бармайсың. Бізбен бірге тамақтанасың. Отбасы болып, бірге тамақтану, бірге осылай отыру – бәрінен маңызды. Адамдардың көбі қазір ішуге тамақ таба алмай жүр, ал сен сол тамақты ысырып қойып, далаға шықпақсың. Барды қанағат ет. Бізбен бірге отыр да, алдыңда ыстық тамақ тұрғанына риза болып, бізбен бірге дұға жаса!» деп айтқаны есімде. Жалпы, әкелік қамқорлығын аямай, бетімізді қақпай өсірді. Мені «Қара қызым, Дудуш, айналайын!» деп атайтын. Кей кезде әкемнің осылай айтатын сөздерін сағынамын. Осы ретте бір айта кетерлік жайт, Мұстафа Өзтүріктің қызы екенімді естіп-білген жұрт мені беделді, ауқатты жан деп ойлайды екен. Мюнхендегі бір досымның әйелі Қазақстанда туып-өскен. Менің сол досыммен түскен суретімді көрген ол «Мына кісі Мұстафа Өзтүріктің қызы ғой. Бұл қыз қарапайым ба, әлде бай, атақты адам ба?» деп сұрапты. Осыны естігенде қатты таңғалдым. Қазақстандағы көпшілік біз туралы осындай ойда болса керек. Бар айтарым, біз қарапайым отбасында тәрбиеленіп өстік, қазір де ел қатарлы қарапайым өмір сүреміз. Бір жағынан, Мұстафа Өзтүріктің қызы болу зор жауапкершілікті жүктейтінін түсіндім.
– Ағылшын, неміс тілімен қатар, қазақ тілінде де ән айтады екенсіз...
– Иә, «Жапырағын жайған бәйтерек...» деп басталатын «Әке арманы» деген керемет әнді орындағанмын. Жалпы, біз отбасымызбен бірге қазақ әндерін тыңдағанды жақсы көреміз. Бала кезімізден домбыра үнін тыңдап өстік. Әкемнің досы домбырада ойнайтын. Сол кезде әкем мені тізесіне отырғызып алып, досымен қосыла бірге ән айтатын. Сол себепті домбыраның үнін тыңдаған сайын, әкем есіме түседі. Үйде домбыра бар, бірақ шерте алмаймын. Сосын «Барып қайт балам ауылға» әнін сүйіп тыңдаймын. Бұл әнді тыңдағандағы күйімді тіпті сөзбен жеткізе алмаймын. Сосын Алматыға екінші рет барғанда телевизиялық бағдарламада қонақ болғанда әнші Жанар Айжанова және Айжан Нұрмағамбетовамен таныстым. Қазір әлеуметтік желі арқылы сол кісілердің өнерін тамашалап жүрмін. Әкем әсіресе Жанар Айжанованың орындауындағы әндерді сүйіп тыңдайтын. Жанарға әкемнің ол кісінің әндерін күн сайын тыңдағанын айтқанымда көзіне жас алған еді. Жалпы, қазақша әндерді YouTube-тан іздеп тауып, күні бойы тыңдап жүретін кездерім көп. Негізі, балаларым есейген соң Қазақстанға барып, біздің қай жерден, қай ұлттан тарайтынымызды көрсеткім келеді. Осы жолы көлікпен емес, көшеде жаяу жүріп, қала ішін асықпай аралағым келеді. Тауға шыққым келеді.Қазақстанда асыға күтіп жүрген туыстарым, достарым жетерлік. Алматыға барғанымызда актер Асылхан Төлепов қасымызға келіп, әкемнің мектебінде таэквондо үйренгенін, әкемді құрмет тұтатынын айтып, жақын тартқан еді. Сол Асылханмен әлі күнге дейін араласамыз. Ол Қазақстандағы әсем жерлерді аралатамыз, елге келіңіздер деп үнемі шақырады. Әкемнің жеке көлік жүргізушісі болған кісімен, сондай-ақ таэквондо мектебінің жетекшілерімен де хат алысып тұрамыз. Әкеміздің өмірден қайтқанына жиырма жеті жыл болса да, әлі күнге дейін аузынан тастамай, айтып жүретін көпшілікке ризамын. Біздің отбасы үшін бұл – ерекше құрмет. Қазақ барда, әкемнің есімі өшпейтіні хақ.
Әңгімелескен Әлия ТІЛЕУЖАНҚЫЗЫ