328
Латын графикасына көшу мәселелері талқыланды
Латын графикасына көшу мәселелері талқыланды
Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының ұйымдастыруымен «Латын графикасына көшу - қазақ тілінің ауқымды реформасы» атты онлайн форматтағы дөңгелек үстел өтті. 4 сағатқа созылған бұл жиынға 150-ден астам адам қатысты. Олардың қатарында еліміздің ұлттық университтерінің ғалымдары, Тіл білімі институты, АҚШ, Еуропа, Түркия профессорлары, Халықаралық “Қазақ тілі” қоғамының шетелдік және отандық бөлімшелері және Қазақстан Республикасы Парламенті депутаттары, танымал жазушылар, жастар, тіл жанашырлары бар, - деп хабарлайды Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының баспасөз қызметі.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің 2-отырысында латын әліпбиіне көшу мәселесі туралы:
«Латын графикасындағы әліпбиге көшу мәселесінде асығыстық танытуға болмайды. Тыңғылықты, тексерілген ұстаным талап етіледі. Жан-жақты сараптау және жаңа әліпбидің барлық аспектілерін әзірлеу қажет»,- деген болатын.Алайда, әлеуметтік желіден «Жетілдірілген әліпби» жобасын бекітуге дайындық жүріп жатқандығы белгілі болды. Бірақ, бұл жөнінде ешкім еш жерде ресми ақпарат бермеген еді. Дөңгелек үстел латын графикасына өту жәй таңба ауыстыру емес, қазақ тілінің ауқымды реформасы екеніндігін жан-жақты негіздеу мақсатында өткізілді. Жиынды Халықаралық "Қазақ тілі" қоғамының Президенті, ҚР ҰҒА Қоғамдық ғылымдар бөлімшесінің Төрағасы, ҚР ҰҒА корреспондент мүшесі, филол. ғыл. докторы Ерден Қажыбек жүргізді. Алдымен баяндамашылар сөз алды: филология ғылымдарының докторы, А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының жетекші ғылыми қызметкері, орфографиялық жұмыс тобының мүшесі Әлімхан Жүнісбек, А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының директоры Анар Фазылжанова, Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты, Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының Нұр-Сұлтан қалалық филиалының басқарма төрағасы Берік Әбдіғали, Қазақстанның құрметті жазушысы Бексұлтан Нұржекеұлы, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің профессоры Салқынбай Анар, Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеттің профессоры Қалыбай Қаламқас, Л.Н Гумилев атындағы Қазақ ұлттық университетінің профессоры Мағрипа Ескеевалар латынға көшудің маңызын, оның тек таңба ауыстыру ғана емес, қазақ тілінің ауқымды реформасы екенін жан-жақты дәлелдеді. Ұсынылған жетілдірілген әліпбиге бір қатар сын ескертпелер айтты. Қазақ әліпбиін латын таңбасына көшіруге байланысты бұндай ауқымды жиын тұңғыш рет өткізіліп отыр. Ең бастысы жиынға жиналған барша ғалымдардың ой-пікірі ортақ екеніне көзіміз жетті. Жиын соңында мынадай қарар қабылданды:
- Біз латын қаріпіне көшу мерзімін соңғы ресми ақпаратта айтылғандай 2030 жылға дейін созуға қарсымыз. Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің 2018 жылғы 13 наурыздағы № 27-р өкімімен бекітілген Қазақ тілі әліпбиін латын графикасына 2025 жылға дейін кезең-кезеңімен көшіру жөніндегі іс-шаралар жоспарына сәйкес 2025 жылға дейін деп қалдырылғанын қолдаймыз.
- Осы уақытқа дейін бір ғана орфографиялық топ Ш. Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығы мен А. Байтұрсынов атындағы Тіл білімі институты атқарып келген әзірлеу, сараптау сынамадан өткізу, енгізу жұмыстары Білім және ғылым министрлігіндегі мектепке енгізілетін оқулықтарды сараптау жүйесіндегідей бір-біріне тәуелсіз бірнеше ұйымға жүктеліп, сатылай сараптаудан өту арқылы ғана мақұлданып, бекітілуін ұсынамыз.
- Латын графикасына көшу, әзірлеу және енгізу кезеңдерінен тұрады. Әліпбидің кемшін тұстары республикадағы білікті ғалымдар арасында осындай ашық жиындарда жан-жақты талқыланбай бекітілсе, алдындағы ҚР Парламентінде таныстырылған диграф жобасы мен ҚР Президенті бекіткен апостроф және акут жобаларының тағдырын құшады. Сондықтан әзірлеу кезеңі аяқталмай тұрып оны қоғамға, оқу үдерісіне енгізу жұмыстары тоқтатылсын (насихаттау, диктант алу, сауалнама алу, газет шығару, бекітілмеген әліпбимен көрнекі ақпарттар ілу, және т.б)
- Осы салаға жауап беретін Қазақстан Республикасының Бiлiм және ғылым министрлігінің Тіл саясаты комитеті ҚР Мәжіліс депутаттарын, Қоғам қайраткерлерін, Білім саласының өкілдерін, ЖОО оқытушыларын, Халықаралық қазақ тілі қоғамының өкілдерін, белгілі түркітанушыларды, ең бастысы осы салаға қатысты білікті мамандарды жинап қазақ жазуының өзекті мәселелерін талқылап бір шешімге келуі керек.
- Ең басты мәселе – жазу реформасы арқылы тілімізді А. Байтұсынұлы салған ұлттық арнаға әкелі, кеңес дәуірінде тынысын тарылтып келген жат тілдік ықпалдан арылу деп түсінеміз. Жат дыбыс пен әріп, жат сөздердің тілімізде қолданылуы мәселесіне байланысты да түпкілікті байлам мен шешімге келу аса маңызды. Бұларды шешпейінше, қазақ тілінің бәсекеге қабілетті ұлттық тіл ретіндегі келешегін қамтамасыз ету де мүмкін емес.
- Иә, қанша ғалым болса, сонша пікір болады деп «мен білемдікпен» біржақты кету дұрыс емес екендігін көрдік. Тіліміздің табиғи болмысын сақтаймыз десек, барлық ғалымдар кеңесе отырып түбегейлі бір шешімге келуі керек. Төреші тілдің ішкі жүйесі мен басты заңдары болуы тиіс. Басты міндет - ғылыми негізделген, тіл заңдылығына сүйенген, ең бастысы, тілге қызмет ететін, тіл болашағын сенімді ететін жаңа әліпби мен емле ережелерін қабылдау болуы керек.