Ғасыр үні
Ғасыр үні
Халықаралық хабар алмасу мәселелері, шетелдерге хабар тарату, журналистердің жұмысын ғылыми ұйымдастыру, космостық телерадио байланысын пайдалану сияқты көптеген мәселе үлкен форумдарда талқыланады. Себебі ақпаратсыз яғни журналистикасыз бүгінгі күніміздің болмысын елестету мүмкін емес. Сол ақпарат құралының бірі де, бірегейі де — радио. «Теледидар өмірге араласқан соң электронды ақпарат құралдары арасында радионың беделі төмендеді» деген пікірді көптеген ғалымдар бастапқыда қостап жүрді. Батыстық теоретиктердің алғашқыда «тек тыңдағаннан гөрі, әрине көре отырып тыңдаған жөн, сондықтан радионың өмірде қажеттігі болмауы мүмкін» деген ой, болжамдары дәлелденбеді. Қайта, радио өзінің артықшылығын, мүмкіндіктерін пайдалана отырып, қанатын қатайта түсті. Радионың өзіне тән спецификалық ерекшеліктері – баспасөз бен теледидарға қарағанда жедел, шапшаңдығы, өте ауқымды аудиторияны жинайтыны, қолайлылығы, ерекше уақыт алмайтыны, тыңдаушы санасына өзіндік пікір қалыптастыра алатыны, сөйлеуші адамның даусының мәнерінен нақтылықтың білінуі сияқты көптеген ақпараттық ерекшеліктері радиожурналистиканың мәнін, рөлін күшейте түсуде. Алайда, жеделдігі жағынан интернетті алға қоятындар басым. Ал интернеттегі ақпараттардың нақтылығына күмән көп екені де рас. Қазақ радиожурналистикасы елдегі демократиялық жаңарулар мен нарықтық экономика үрдістеріне сай жаңа кезеңді бастан кешіп отыр. Электронды ақпарат құралдарының қызметіне кең мүмкіндіктер ашылды. Радионың рөлі бұрынғыдан да терең мазмұн алып, өзінің оперативтілігімен, өзіндік ерекшеліктерімен жаңашыл прогрестің алдыңғы сапынан көрініп жатыр. Бұрын республикада жалғыз Қазақ радиосы болған болса, ендігі жерде сан түрлі ақпарат құралдары пайда болды. Электронды ақпарат құралдары арасында бәсекелес радио көбейгенімен әлі күнге дейін Қазақ радиосының шоқтығы биік екені даусыз. Өйткені тарихтың аумалы-төкпелі кезеңдерінде ұлттық радио өзі көздеген межесінен шығып отырды. Халықтың жоғын жоқтап, мұңын мұңдады. Сан салалы мәселелерді уақытында көтеріп, заман ағымына үн қоса алды. Қазақ радиосының журналистер ұжымы еңбектерінің ерен болғаны тарих парақтары — мұрағат құжаттарынан байқалып отырды. Қазақ радиожурналистерінің өткен дәуірде әуе толқынынан өткізген материалдарын талдай отырып, олардың араласпаған бірде-бір саласы болмағанын көруге болады. Кеңестік кезенде эфирге берілген материалдар ғылымның кез келген саласынан зерттеу еңбектерге тақырып боларлықтай нақты деректерге толы. Мысалы, мына бір ақпаратты алайық: «Жақында Қазақ ССР Ғылым Академиясының тіл-әдебиет институтында қазақтың бұқарашыл ақыны Мәшһүр Жүсіп Көпеев туралы 7214 жолдық жаңа мәлімет түсті. Бұл мәліметтерді жинауда М.Көпеевтің жиені Жүсіпов Жолмұрат көп еңбек сіңірген. Мәліметтердің ішінде ақынның Баянауылдан Ташкентке, Бұқараға үш рет саяхат жасаған жолы, ондағы жол хаттары, 1896 жылы қазақ даласында болған ашаршылық туралы «Жұт» деген, өлер алдында жазған «Қоштасу» сияқты көлемді өлеңдері бар. Жолмұрат Жүсіповтың М.Көпеевтің толық өмірін көрсететін мәліметі және өмірі мен еңбегі туралы очеркі бар». Тағы бір мысал: «Қазақстандағы ең қарт сайлаушы. Оның жасы биыл 110-да. Семей облысының Абай ауданында «Қызыладыр» колхозында тұрады. Биылғы сайлауда Тоқтай шешейдің балаларынан, немере-шөберелерінен 50 адам сайлауға қатысты. Жиналыста сөз алып, ол былай деді: – Дүниеде ғасырдан артық өмір сүріп келемін. Менің жастық шағым заманның қыспағында өтті. Жасым 12-ге келгенде мені келіншек етіп ұзатты. Той болып, неке қиғанға дейін мен кіммен қосылатыныма көзім жетпеді. Он бір құрсақ көтердім. Балаларым тегіс аман өсті. Көңіл жұбатарым осы балаларым болды. Бірақ олар да, ол кезде өмірдің қызығын құша алмады. Қызық өмір, сәулетті тұрмыс тек Совет өкіметі орнағанда ғана көзге көрінді. Ол кезде менің жасым 80-де еді. Совет өкіметі мені қайта жасартты. Менің балаларым алғаш рет «Қызыладыр» ауылшаруашылық артелін ұйымдастырды. Әйелдер құлдықтан құтылып, қатарға қосылды. Германияның жендеттері елімізге бас салғанда мен өзімнің 40 немеремді елін қорғау үшін майданға аттандырдым. Оларға елдің бүтіншілдігін сақтау үшін аянбай күрес деп нұсқау бердім. Немерелерім менің бұл өсиетімді орындады. Олардың бәрі де ордендер мен алғыстар алып қайтты. Сайлау деген хабар күнде құлағымда. Патша тұсында сайлаудың қалай өткені мәлім. Ол кезде сайлау былай тұрсын маңына да бара алмағанмын. Сайлау кезінде ел ру-ру болып таласып, тартысып дауысты параға сатып алып жататын. Дауысты неғұрлым көп алу үшін сайлауға тізбеге балаларға дейін енгізетін. Кейбір байлардың екі баласы болса, екеуі де болыстыққа таласып, бірімен-бірі қырылысып, шабысатын. Ол кезде кедей шаруаның әкім болғанын мен өзім көрген емеспін. (Қаз ТАГ). 27.01.1946 жыл. Қазақ радиосы журналистері өздері көтеріп отырған проблемалары арқылы қоғамдық пікір туғыза отырып, халық пен үкімет арасында дәнекер бола білді. Егемен ел, тәуелсіз мемлекет болғандықтан өткен тарихымызға бүгінгі күннің талап-деңгейінен қарауға тиіспіз. Демек, ұлттық радиожурналистиканың тарихын толықтыра түсуде Қазақ радиосының қызметін зерттеудің өзіндік орны бар. Радиожурналистика кенже дамыған ғылым болғандықтан, оның тарихы толық зерттелді дей алмаймыз. Радиожурналистиканы жалпы журналистиканың бір саласы деп танитын болсақ, оны бұдан былай да дамыта беру үшін өткен жылдар тәжірибесінен сабақ алу – заман талабы. Елді қамтыған тарихи процестер Қазақ радиосы хабарларының негізгі желісі болды. Идеологиялық үстемдік етуші партияның осы тұрғыдағы нұсқаулары басшылыққа алынды. Одақтық радио нені айтса, соны асыра қайталау сарыны үстем болды. Тіпті, шаруашылықтың қандай саласы туралы, не мәселелерді көтеру керегі жөнінде Одақтық басшылардан келіп түсіп жатқан нұсқаулардың хабарлар тігіндісіне қосылған көшірмелері осы пікірді айғақтайды. Қазақ радиосының ішкі құрылымы мен хабар тарату жүйесі, техникалық жарақтандырылуы тұрғысында да көптеген мәселе көтерілді. Тіпті, мен зерттеген кезеңде еңбек еткен радиожурналистердің, радио үйі қызметкерлерінің еңбек тәртібіне байланысты да біраз мысалдар кездесті. Сол тұстағы еңбек тәртібінің қатаңдығы, қойылған талаптың күштілігі сияқты мәселелер бүгінгі ұрпаққа үлгі боларлықтай жайлар ретінде ескеріліп, қарастырылды. Эфирден өткен шағын мағлұматтардың қызықты, тартымды деген біразын ғана ұсынуға мүмкіндік болды. Кезінде 30-40 минуттық қана хабар беруден өз жұмысын бастаған Қазақ радиосы ішкі, сыртқы құрылымы кеңейіп, өркениетті өзге елдермен терезесі тең дәрежеде дүниежүзілік әуе кеңістігіне шығып отыр. Радиожурналистиканың өмірге келгеніне бір ғасыр уақыт өтсе де, жас ғылым болып саналады. Өйткені радиожурналистиканы ғылым ретінде мойындау, зерттеу жұмыстары едәуір кеш дамыды. Қазақ радиожурналистикасы журналистиканың жаңа бір тармағы ретінде қалыптасты. Қазақстанның бүкіл өркендеу, өсу тарихын көзге тосатын өзгеше ерекшелігі басым саланың талай сыры мен қырының әлі де соны зерттеулерге тиек болатыны ақиқат.
Клара ҚАБЫЛҒАЗИНА, Әл-Фараби атындағы қазақ Ұлттық университетінің профессоры, филология ғылымдарының кандидаты