Ынтымақты елдің баласы бақытты

Ынтымақты елдің баласы бақытты

Ынтымақты елдің баласы бақытты
ашық дереккөзі
570
Биыл ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығын тойлап жатырмыз. Қазақстанды мекендеген ұлттар мен ұлыстардың береке-бірлігі, татулығының арқасында шаңырағымыз шай­қалмай, отыз жыл бойы елімізде ұшан-теңіз игі істер атқарылды. «Жі­герлі болса ер болар, бірлікте болса ел болар» деп айтқан Жамбыл атамыздың сөзінің айғағы – 130-дан астам ұлт өкілінің ын­тымақ пен бірлікте, бір атаның баласындай өмір сүріп жат­қаны. Ұлттар арасындағы келісім мен толерант­тылықты ны­ғайтуға бар­ша этнос өкілдері жұмылдырылып, еліміздің дамуы ба­ғытында орасан зор қызмет атқарды. Әу бастан-ақ міндеті мен мақсаты ай­қын болған Қазақстан халқы Ассамблеясы еліміздегі барша халықтың басын біріктіріп, бір шаңырақ астында айрандай ұйытып, тұрақтылықты сақтап отыр. Осы орайда Ассамблея мемлекеттік ор­ган­дармен өзара байланыса отырып, қо­ғамдағы этносаралық келісімді және то­леранттылықты дамытып қана қой­май, экстремизм мен радикализм көрі­ніс­теріне қарсы әрекет, азаматтардың сая­си құқықтарын қалыптастыруға кө­мек көрсету, сондай-ақ Қазақстан хал­қының ұлттық мәдениеті, тілдері мен дәс­түрлерінің өркендеуін, сақталуын, дамуын қамтамасыз етуді басты назарда ұстап отыр. Толеранттылық деген ғылыми ұғым­ның мәнін қазақ «Кең болсаң, кем бол­май­сың» деген бір ғана мақалға сыйғыз­ған. Бүгінде еліміздің барлық аймағында түрлі ұлттардың этно-мәдени орталық­тары жұмыс істейді. Қазақтың кемеңгер жазу­шысы Мұхтар Әуезовтің «Ел боламын десең, бесігіңді түзе» деген дана сө­зін басшылыққа ала отырып, Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі, сондай-ақ «Үміт» балалар үйінің директоры ре­тінде бала тәрбиесін азаматтық боры­шым деп білемін. Көпұлтты мемлекетте өмір сүретін балаларға тәрбие беруде олар­дың бойындағы өзге ұлттарды сыйлау, мәдениетін құрметтеу, іскерлік қа­рым-қатынас пен жалпы адами мә­се­лелерді шешу сияқты жағымды әдеттерді қалыптастыру керек. Сонымен қатар түрлі мәдениетті танып-білуге шақырып, Абайдың «Адамзаттың бәрін сүй, бауырым деп» деген қағидасы негізінде, олардың бойларына басқа халықтармен до­стаса алатын дағдылар мен мінез-құлық­тарды сіңіру керек деп ойлаймын Біз бүгінде Қазақстанда түрлі этнос өкілдері келісім мен бейбітшілікте өмір сүріп жатқанын мақтан етеміз. Бұл өске­лең ұрпақты ұлтаралық татулыққа тәр­бие­леудің арқасында жетіп отырған же­тіс­тігіміз. Мысалы, «Үміт» балалар үйін­де 11 этностың баласын тәрбиелеп отыр­мыз. Мұнда әр ұлттың балаларының ба­сын біріктіретін балалар Ассамблеясы құрылған. Балалар Достық үйі жанынан құрылған жексенбілік мектепте өз ұлты­­ның адамдарымен қарым-қаты­нас жасап, туған тілін үйреніп, салт-дәстүр, әдет-ғұрыптарымен танысуға зор мүм­кін­дік алды. Достық үйінің түрлі ұлт өкілдері балалар үйіне жүйелі түрде ке­ліп мерекелер мен фестивальдер өткізді. 1 мамыр – Бейбітшілік пен ынтымақ кү­нінде мерекелік шаралар өткізу дәс­түрге айналған. Бұл күні ұлттық та­ғам­дар дайындалып, ұлттық киімдер киіліп, әр тілде ән шырқалып, би биленіп, ұлт­тық салт-дәстүрлер көрсетіледі. Мұның барлығы әр баланың санасына өз хал­қына деген құрмет пен мақтаныш сезі­мін ұялатып, оларды өзге ұлт өкілдерін құр­меттеуге шақырары сөзсіз. Халық арасында ауызбіршілік болса, алынбайтын қамал жоқ. «Алтау ала бол­са, ауыздағы кетеді, төртеу түгел бол­са, төбедегі келеді». Біздің бірлігіміз – Қазақ­станның игілігі!

М.БЕЙСЕҚАНОВА, Шығыс Қазақстан облысы «Үміт» балалар үйі КММ директоры

Серіктес жаңалықтары