«Роза Рымбаева да ауырып тұрыпты». Әнші Майра Мұхамедқызы вакцинаның әсерін ауыр өткергені туралы айтты

Опера әншісі, Шымкент қалалық Опера және балет театрының директоры Майра Мұхамедқызы вакцина ектіргеннен кейінгі хал-ахуалы жайлы Instagram-дағы парақшасында жазды.  Әншінің айтуынша, 3 күнге дейін қызуы көтеріліп, басы ауырып, әлсіз жүрген.

«Вакцина салдырғаннан бастап қал-жағдайымды сұрап, денсаулығыма алаңдаушылық білдіріп жатқан жандарға рахмет! Аманмын! «Спутник V» вакцинасын салдырып, 10 минуттан соң аздап басым айналғандай болды, қобалжыған болармын деп мән бермедім. Бірақ, таңға жуық басым қақсап, температурам көтеріліп, қалтырап, аяқ-қолым сырқырап бүкіл денем астаң-кестең…» деп жазды М.Мұхамедқызы әлеуметтік желідегі парақшасында.

Оның айтуынша, қатты мазасызданған соң әншінің жолдасы да алаңдап, түн ішінде дәріханадан дәрі іздеген.

«Шырт ұйқыда жатқан жолдасым атып тұрып, дәріханаға дәрі іздеп кетті. Былтыр жаздағы ауырған сәттерім көз алдыма лезде оралды. Жеңіл түрі осы болса, анау емханада ауыр халде жатқандар не болып жатыр екен деген ой келді. Аллаға шүкір! Бүгін 3-күн басымды көтеріп жан-жағыма қарай бастадым. Астанадағы дәрігеріме хабарлассам, жуықта тексеруден өткен результаттарым бәрі жақсы дейді..» деп жазды әнші.

Майра Мұхамедқызы әнші Роза Рымбаева да вакцина салдырғаннан кейін ауырып тұрғанын айтады.

«Роза Рымбаева апамыз да вакцинадан соң ауырып тұрыпты. Нағыз әншілер осыншама нәзік, сезімтал болғанымыз ба?» дейді Майра Мұхамедқызы.

Back to top button