Майра Мұхамедқызы халықаралық «BraVo» сыйлығының лауреаты атанды

Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, Шымкент қалалық опера және балет театрының директоры Майра Мұхамедқызы классикалық өнер саласындағы «BraVo» сыйлығының иегері атанды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Жұма күні Мәскеудегі Үлкен театрдың тарихи сахнасында «BraVo» халықаралық кәсіби музыкалық сыйлығын табыстау рәсімі өтті. Кештің басты оқиғасы ретінде түрлі елден келген лауреаттарға алтын скрипка кілттері табысталды. М. Мұхамедқызы 15 номинация ішінен «Әріптес елдің ең танымал классикалық орындаушысы» атағын жеңіп алды.

«BraVo» сыйлығының лауреаты атану – мен үшін үлкен мәртебе. Мен ресейлік тарапқа шығармашылық қызметімді жоғары бағалағаны және өнер жұлдыздарының арасында болуға мүмкіндік туғызғаны үшін алғыс айтамын», – деді М.Мұхамедқызы.

«BraVo» халықаралық кәсіби музыкалық сыйлығы 2017 жылы Monte Carlo радиосы мен «Русская Медиагруппаның» қолдауымен құрылды. Жеңімпаздарды анықтаудың негізгі критерийі – классикалық музыка саласындағы номинанттардың орындаушылық шеберлігін көрермендердің бағалауы.

Back to top button