50308
Отандық ғалымдар вирусқа қарсы қорғаныс экранын жасады
Отандық ғалымдар вирусқа қарсы қорғаныс экранын жасады
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Ғылыми-технологиялық паркінің жас мамандары Жану мәселелері ғылыми-зерттеу институты мамандарымен бірге бетке арналған ALFASHIELD қорғаныс экранын әзірлеп шығарды.
Пандемия басталған кезде көптеген технологиялық компаниялар медицина қызметкерлеріне арналған қорғаныс экрандарының әртүрлі нұсқаларын шығарды. Кейбір компаниялар тіпті өз нұсқаларын жасағысы келетіндерге әзірлемелерін ашық ұсынды. Көптеген үлгілер 3D-принтермен жасалады. Әдетте осындай бір қорғаныс экранын басып шығару орташа есеппен 1,5-2 сағат уақыт алады. Сондықтан ҚазҰУ-лық жастар вирусқа қарсы қорғаныс экрандарының өзіндік нұсқасын әзірледі. Оның басты ерекшелігі – дайындау жылдамдығының тиімділігінде. Мұндай қорғаныс экрандарын өндіру үшін 3D-принтердің қажеттігі талап етілмейді. Сондай-ақ технология дайындау барысын 5-6 есе жеделдетуге мүмкіндік береді. Жоба әзірлеушілерінің айтуынша, күніне 2 адам 100-ге жуық қорғаныс экранын дайындай алады. Еліміз және әлем бойынша ауруды жұқтырушылар саны күн санап үдеп жатқан қазіргі жағдайда бұл өте маңызды.
«Бет қорғаныс экранының антистатикалық материалының шынайылығы пайдаланушыға көз алдындағы объектілерге кедергісіз шолу жасауға мүмкіндік береді. Экран вируспен бірге түрлі сұйықтықтар мен шаң-тозаңдардың бет пен көзге түсуінен қорғайды. Нәтижесінде COVID-19 коронавирусын жұқтыру қаупін бірнеше есе төмендетеді», – дейді ҚазҰУ технопаркінің директоры Әмірхан Темірбаев.
Өнімнің алғашқы тұтынушыларының бірі учаскелік дәрігер Розгүл Үркембаева: «ҚазҰУ технопаркі дайындаған қорғаныс экранын жарты жылдан астам пайдаланып келемін. Өте ыңғайлы, жағымды материал әрі бет өлшеміңе қарай бейімделеді. Күні бойы тағуға қолайлы. Айналаны анық көремін, тіпті кейде бетімде қорғаныс экранының бар екенін де ұмытып кетемін. Залалсыздандырғанда сапасы еш өзгермейді. Пандемия кезінде елге аса қажет өнім әрі бізге көмек ретінде сыйға тартылды», деп өндірушілерге алғысын білдірді.
Технопарк мамандары университет қолдауымен әлеуметтік жоба аясында өнімнің алғашқы легін шығарып, қала бойынша медицина қызметкерлеріне таратып берді. Қорғаныс құралының құны, нарықтағы басқа нұсқалармен салыстырғанда, екі есе төмен, ал сапасы жоғары. ALFASHIELD экрандарын әр қолданар алдында антисептикпен сүртіп, қайта пайдалана беруге болады.
ҚазҰУ ғалымдары дайындаған кезекті отандық өнімді медицина қызметкерлерімен қатар, көпшілікпен тығыз жұмыс жасайтын банк, білім беру орталықтары, ХҚКО, сауда дүкендері, сұлулық салондарының қызметкерлері мен бортсеріктерге тағу ұсынылады.