952
Салық – халықтың қазынасы
Салық – халықтың қазынасы
Қазіргі кезде ел азаматтарын төленбеген салық, өсімпұл мәселелері жиі алаңдатады. Оған қоса салық рақымшылығы, салықтағы түрлі жеңілдіктер, жаңалықтар, жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы ақпаратты білу – салықтың мәні мен мазмұнын түсінуге жол ашады. Осы орайда Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитетінің Өндірістік емес төлемдерді әкімшілендіру басқармасы басшысының орынбасары Олжас Отармен сұхбаттасып, салыққа қатысты ең көп қойылатын сұрақтарға жауап іздеп көрдік.
– Елімізде бірнеше рет салық рақымшылығы болды. Оған кімдер ілікті? Жалпы салық рақымшылығы туралы нені білу керек, не нәрсені ескерген жөн?
– Жалпы алғанда біздің үкімет кәсіпкерлерге де, жеке салық төлеушілерге де көптеген жағдай жасап жатыр. Мысалы 2019 жылы шағын және орта бизнес өкілдерімен қатар жеке тұлғаларға да мүлік, көлік, жер салығы бойынша рақымшылық берілді. Сол 2019 жыл бойынша жалпы 1 миллион 400 мыңға жуық салық төлеушінің 21 миллиардқа жуық берешегі болған. 2019 жылы салық рақымшылығы шеңберінде жеке тұлғалар үшін аумақтық мемлекеттік кіріс органдары 756 мың жеке тұлғаның өсімпұлын есептен шығарды, олар бойынша 16 миллиард теңге мөлшерінде негізгі борыш сомасы төленді және 3,1 миллиард теңге сомасына өсімпұл есептен шыққан. Сонымен қатар жалпы қарыздары бар салық төлеуші тұлғалардың 61 пайызы негізгі салығын төлеген.
2020 жылы да Үкімет қалған салық төлеушілердің мәселелерін көтеріп, жеке тұлғаларға арналған салық рақымшылығын жалғастырды. Соның аясында 1 млн 400 мың қарызы бар тұлға 12 миллиардқа жуық негізгі салығын төлеп, қателеспесем 6 миллиардқа жуық өсімпұлы кешірілді. Бұл жерде жалпы 800 мыңнан астам жеке тұлға салығын төледі.
Қалған жеке тұлғаларға талдау жүргізген кезде 500 мыңға жуық тұлға мүлік, көлік, жер салығы бойынша 1000 теңгеге жетпейтін сомада қарызы бар екені анықталған. Сонымен қатар, жалпы ең көп салық қарызы осы мүлік салығы бойынша екенін де айта кету керек. Бұл жерде де біздің көп мәселеге салғырт қарайтынымыз байқалады. Сонда бұл – салықты қиналғаннан төлей алмау емес, салық мәдениетінің қалыптаса қоймағанын көрсетеді. Салыққа салғырт қарайтынымызды байқатады. Қазіргі кезде, қарап тұрсаңыз 1000 теңге деген қомақты қаражат емес. Бірақ жинала келе қаншама қаражат мемлекетке түспейді. Бұл – облыстық, аудандық, қалалық әкімдіктің бюджетіне түсетін қаражат. Бір аудан орталығында аурухана, мектеп, балабақша салу үшін шамамен 300-350 миллион теңгеге жуық қаржы кетеді. Салығымды төлесем, мейлі ол 1000 теңге болсын, көшеде бір шам артық жанады деген түсінік қалыптасуы керек. Жүздеген адам салығын уақытылы төлер болса, бір көшенің жолы жөнделеді немесе бір мектеп салынады.
– Одан басқа салық төлеудеқандай жеңілдіктер бар? Ол жеңілдіктер кімдерге жасалады?
– Мүлік, көлік, жер салығы бойынша Ұлы Отан соғысының ардагерлері және оларға теңестірілген тұлғаларға, І, ІІ топтағы мүмкіндігі шектеулі жандарға, «Алтын алқа», «Күміс алқа» иегерлеріне салық жеңілдіктері қарастырылған. Мысалы, «Алтын алқа», «Күміс алқа» иегерлері қозғалтқыш көлемі 4000 текше см болатын көлікке салынатын салықтан босатылады.
Салық төлеушілерге қиындық тудырмасын деп 3,5 миллион көлік құралы бойынша 3 млн 200 мың адамның салығын алдын ала есептеп, 20-наурыздан кейін арнайы хабарлама жібердік. 2020 жыл үшін 21 жылғы 1 қазанға дейін мүлік және жер салығын төлеу міндеттемесі келеді. Бұл – бұлжымайтын қағида, 1 қазанға дейін төленуі керек. Ал көлік салығы бойынша өзгерістер енгізіліп, 1 сәуірге дейін ауыстырылды.
– Қиындық тудырмау дегеннен шығады, қазір заман талабына сай барлығы цифрландырылып жатыр. Халыққа қызмет көрсету орталықтарында бұрынғыдай кезекте тұрып, қағаз жинамай-ақ қажет қызметіңізді ала аласыз. Салық төлеу немесе басқа да қызметтерді оңтайландыру, жеңілдету бойынша атқарылған шараларға тоқтала кетсеңіз.
– 2020 жылғы қазаннан бастап e-salyq Azamat мобильдік қосымшасында түзету қызметі енгізіліп, қазіргі кезде мүлік, көлік жер салығы бойынша 12 мыңға жуық салық төлеуші қателесіп төлеген салығын қайта түзететін мүмкіндік алып отыр. Сонымен қатар 1 сәуірдегі жағдай бойынша мобильдік қосымшаны 440 мыңға жуық салық төлеуші пайдаланған. Оның ішінде 12 мыңға жуық азамат түзету қызметін қолданған. Жеке тұлға өзінің жеке сәйкестендіру нөмірін теру арқылы қанша қарызы бар екенін біле алады. Сонымен қатар алдағы төлемдерін де көре алады.
Оған қоса Президенттің көлеңкелі бизнестің алдын алу туралы тапсырмасына байланысты жұмысшылардың еңбекақысын көру мүмкіндігі іске қосылды. Сізге қанша айлық төленгенін, зейнетақы қорына қанша қаражат аударылғанын сонымен қатар қанша табыс салығы төленгені барлығы көрініп тұрады. Мұның барлығы – көлеңкелі экономиканың алдын алу үшін атқарылып жатқан шаралар.
Сонымен қатар биылдан бастап жалпыға бірдей декларацияға көшудің бірінші кезеңі өтіп жатыр. 246 мыңнан астам адам e-salyq Azamat қосымшасы арқылы декларация тапсырған. Оған бар-жоғы 1-2-ақ минут уақыт кетеді. 24 мыңға жуық адам салық әмиянын толтырса, ондағы артық төлемдерді автоматты түрде қайтару қызметін 8000-нан астам адам қолданған. Артық төленген ақшаны қайтарып алуға болады, не болмаса басқа салыққа, яғни мүлік салығынан жер салығына немесе жер салығынан мүлік салығына аударуға болады. Мұның барлығын ешқайда шықпай-ақ, үйде жасауға болады. Яғни салық төлеушіге жағдай жасалып отыр. Биыл 1 шілдеден бастап жеке кәсіпкерлерге арналған қосымша да іске қосылады.
e-salyq Azamat мобильді қосымшасы өте ыңғайлы, сондықтан пайдалануға кеңес беремін. Сол арқылы қарызыңыз бар ма, жоқ па соны тексеріп, бірден сол қосымша арқылы төлей аласыз.
2021 жылғы 1 қаңтардан бастап 1 сәуірді қоса алғандағы кезеңде жеке тұлғалардың көлік құралдарына салынатын салық бойынша бюджетке 19,7 миллиард теңге түсті. Осы жылғы 25 наурыздағы жағдай бойынша бұған дейін 6,6 миллиард теңге түссе, алдағы төлемдер туралы push-хабарлама жібергеннен кейін 13,1 миллиард теңге түскен.
– Жалпы бюджеттің қанша пайызы салықпен толығады? Қай саланың салығы ең жоғары, қай саланыкі, керісінше, төмен?
– Жалпы салық халық үшін жұмсалады ғой. Бюджеттің басым бөлігі, шамамен 70-80 пайызға жуығы салықпен толығады. Ең көп салық төлейтіндер – қазба жұмыстарымен айналысатын, алтын кен орындары, көмір, мұнай, газ саласындағылар. Ал ең аз салық мүлік, көлік, жер салығынан түседі.
Жеке тұлғалардың қай-қайсында болмасын, «мен салығымды төледім бе?» деген ой болуы керек. «Мемлекет өйтуі керек, мемлекет былай істеуі керек» деп жатамыз. «Біздің қазба байлықтарымыз бар, оның ақшасы қайда кетіп жатыр?» деп жатамыз ғой, осының барлығы салық арқылы келіп халықтың қазынасына түседі. Мемлекеттік органдарда отырған қызметкерлер әр теңге үшін жұмыс істейді. Салық қызметкерлері бір кәсіпорын салығын дұрыс төледі ме, жоқ па бәріне арнайы талдау жүргізіп отырады. Мұның барлығы қазір цифрландырылған.
– Қазіргі кезде сот орындаушыларының қызметі төңірегінде мәселе де, сұрақ та жиі туындап жатады. Дегенмен олар да белгілі бір белгіленген шеңбер аясында, заң бойынша қызмет атқарады. Олардың қызмет-құзыреті қандай? Жалпы сот орындаушылары өндіріп алу бойынша қандай шараларды атқаруға құқылы?
– Иә, қазіргі кезде сот орындаушыларына қатысты мәселе көп көтерілетін болды. Бес теңгем үшін бұғаттап тастапты, шетелге шыға алмай қалдым дегенді де жиі естиміз. Осы орайда айта кететін нәрсе – бес-он теңге үшін мүлік, көлік, жер салығы бойынша есепшот бұғатталмайды. Қарыз 20 айлық есептік көрсеткіштен асқан жағдайда ғана сот орындаушыларының арнайы шешімімен шетелге шығуға шектеу қойылады.
Мысалы биыл 1 сәуірде 2020 жылға мүлік, көлік, жер салығын төлеу мерзімі аяқталды. Одан кешіккен тұлғаларға 30 жұмыс күнінің ішінде, 45 күнтізбелік күн өткеннен кейін банк қосымшалары арқылы, e-salyq Azamat арқылы және салық төлеушінің кабинеті арқылы тағы хабарлама жіберіледі. Сіз ол хабарламаны алғаннан кейін төлемесеңіз, 5 күннен кейін салықтық бұйрық шығарылады. Бұрын оны бірден сотқа жіберетін, қазір ол бұйрықты мемлекеттік кірістер органы шығарып, тағы хабарлама жібереді. Содан кейін ғана іс сот орындаушыларына жолданады. Олар да сізге арнайы хабарлама жібереді. Осыдан соң барып қана сот орындаушылары арнайы шешім шығарып, сіздің банк есепшоттарыңызды бұғаттап, мүлік, көлік, жерді сатуға және қарызыңыз 20 айлық есептік көрсеткіштен асқан жағдайда шетелге шығуға шектеу қояды. Сот орындаушылары өндірген ақшасының белгілі бір пайыздық мөлшерін еңбекақы ретінде алады. Мейлінше істі сот орындаушыларына дейін жеткізбеген жөн. Сол үшін де телеарналар, әлеуметтік желілер түсіндіру және үгіт-насихат жұмыстарын жүргізіп жатырмыз.
Дамыған елдерде айтылатын мынандай сөз бар: «Бірінші ажалдан, екінші салықтан құтыла алмайсың». Яғни көптеген елде салық төлеу мәдениеті қалыптасқан, салық төлемеген адам қоғамнан оқшауланады. Бізге де сол нәрсе керек. Оған қоса біздің ел әлем бойынша салық салу мөлшерлемесі ең төмен елдердің қатарында екенін де атап өткен жөн.
Шын мәнінде, уақытында қаржы түспегендіктен қаншама жұмыс кейінге қалып жатады. Сондықтан біз ең бірінші кезекте осы салықты уақытында төлеу мәселесімен шындап айналысуымыз керек. Салық халықтың қазынасы ғой. Сол арқылы айлық аламыз, сол арқылы зейнетақы, шәкіртақы беріледі. Бұл – қоғамдағы үнемі айналымда болатын механизм.
Әңгімелескен
Ділда УӘЛИБЕК