466
Жанарбек ӘШІМЖАН: Miras кеңесіне үлкен жауапкершілік жүктеліп отыр
Жанарбек ӘШІМЖАН: Miras кеңесіне үлкен жауапкершілік жүктеліп отыр
Мемлекет басшысының «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын іске асыру аясында 14 кеңес құрылды. Әрине, барлығының өзіндік орны мен мақсаты, бағыт бағдары алабөтен, бірақ Miras кеңесіне жүктелетін жауапкершіліктің салмағы өз алдына бөлек. Кеңес бұдан бұрын да жұмыс істеді, талай өзекті мәселелерді көтеруге мұрындық болды. Кезінде «Nur Otan» партиясы жанындағы Саяси кеңес бюросының шешімімен сайлауалды бағдарламадағы басым бағыттардың жүзеге асуына ықпал ету үшін 14 республикалық Қоғамдық кеңес құрылды. Бұл –бақылаушы құрылым. Өздеріңіз білесіздер, партия басшысы – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тікелей тапсырмасымен 217 сайлауалды бағдарламасы терең зерттеліп, талданып жасалған болатын. Сол құжатты іске асыру бойынша Жол карталары бекітілген. Сайлауалды бағдарламада көзделгендей осы жылдар ішінде кезең-кезеңімен 80 мыңнан астам индикаторға қол жеткізу қажет. Депутаттар заң жобаларын әзірлеуден бөлек қоғамдағы түйткілді мәселелердің шешімін табу үшін осы бағыттарды да бақылауға алады. Партияның Қоғамдық кеңестерінің жұмысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы негізінде уақыт ағымына сай жүйеленіп, қайта жасақталып отыр. Соның ішінде «Nur Otan» партиясы жанындағы мәдениет және өнер бағытындағы Miras республикалық кеңесінің жетекшілігі бізге жүктелді. Бұл – ең әуелі халықтың және Елбасының сенімі. Кеңестің мүшелері – қоғамдағы, сонымен қатар өз саласындағы қордаланған мәселелерді бес саусағындай білетін, мәдениет пен өнердің бір пұшпағында жүрген азаматтар мен қайраткерлер, депутаттар мен үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері, сарапшылар, зиялы қауым өкілдері. Олар өздеріне үй-жай, жағдай сұрамайды, оларды алаңдататын – ұлттың мәселесі. Сол мәселелердің нақты, іс жүзінде шешімін тауып, заңды құжат бойынша жүзеге асуына ықпал етуді мақсат тұтады. Руханият пен мәдениеттегі және басқа да игі бастамаларға қолдау білдіреді. Бірінші кезекте сайлауда берілген уәделердің орындалуын жүйелі бақылау, бюджет қаражатының тиімді және ашық жұмсалуына мониторинг жасау қолға алынбақ. Әдебиет пен мәдениет,руханият саласында да ұйыған мәселелер аз емес. Бірнеше талқылаудан соң кеңестің ережесі қайта бекітілді. Құрам мүшелерін анықтау бағытында жұмыстар жүргізіліп жатыр. Жақында кеңестің алғашқы жиыны өтеді. Айту бір бөлек, оның орындалуы деген мәселе бар. Біз айтудай-ақ айтамыз, ал оның жүзеге асуы атқарушы органдардың құзыретінде. Осыған байланысты халық және билікпен тығыз байланыс орнатып, атқарушы органдардың біз нұсқаған, біз ұсынған бағыттағы жұмыстарына мониторинг жүргізу, қадағалауды да қолға алмақпыз. Айтылған нәрсе, көтерілген мәселе жерде қалмауы керек. Кеңес те сол үшін жұмыс істейтін болады.
Жанарбек ӘШІМЖАН,
Парламент Мәжілісінің депутаты, Miras республикалық кеңесінің төрағасы: