294
Ердің ісі елге сіңеді
Ердің ісі елге сіңеді
Халқымызда еңбегі ерен, ісі ізгі, өмірі өнеге болған азаматтар аз емес. Сондай ерен еңбегімен көптің сый-құрметіне бөленген, өз ісінің білгірі бола білген, қашанда қайырымдылық жасаудан жалықпайтын ел ағасы – Талғатбек Жанайдарұлы. Аға өмірінің басты қағидасы – еңбек еткен ұжымына, туған жеріне, еліне қолынан келгенше жақсылық жасау.
Еліміз егемендік алып, тілімізге теңдік, рухымызға кеңдік тие бастағанда елордамызда жаңа білім шаңырағы Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті ашылды. Ол бұрынғы Ақмола педагогикалық институты мен инженерлік-құрылыс институтын біріктіруден туындады. Биыл 25 жылдық мерейтойын атап өтіп жатқан білім ордасы қысқа уақыттың ішінде еліміздегі ең таңдаулы, жастардың арманы болған жоғары оқу орнына айналды.
Университетіміздің қарыштап дамуына білім ордамыздағы қоғамдық ұйымдардың да үлесі қомақты. Соның бірі де бірегейі – кәсіподақ ұйымы. Талғатбек ағамыз – сол ұйымды жиырма жыл бойы абыроймен басқарып, үлкенге құрмет, кішіге ізет жасап, елдің құрметіне бөленген жан. Осыдан екі жыл бұрын жастарға орнын беріп, құрметті демалысқа шыққаны көпке үлгі болды.
Қазақстанның мемлекеттік сыйлығының иегері, мемлекет және қоғам қайраткері Мырзатай Жолдасбековтің Талғат аға жайлы былай деп еске алғаны бар: «Университетке ректор болып келгенде алдымен адамдарды байқадым. Талғаттың аты жақсы, заты да жақсы. Талғаттың өзі де жақсы, сөзі де жақсы. Бұл бір өзі Алланың қалауымен, сондай-ақ ата-ананың тілегімен дүниеге келген азамат деп ойлаймын. Біреуді жамандағанын, біреудің үстінен күбірлеп сөз айтқанын естімедім. Ондай мүмкіндігі болды Талғаттың, өйткені мен Талғатқа сенгеннен кейін жаныма жақын ұстадым. Екі туып, бір қалғаным емес. Адамның ішіндегі адамы болады ғой, міне, сондай қалай мақтауға да, мақтануға да тұратын азамат. «Бір әулеттің бағы бір кісінің басында тұрады» – дейді ғой бұрынғылар, мен осы университетке келген сайын Талғатты көрсем университеттің жағдайы жақсы екен деймін. Бұл – адамның адамы. Мәселе біреудің министр болуында, үлкен лауазымды қызмет ұстауында емес, осындай қарапайым, жаяу жүріп халыққа қадірі асқан азаматтар болады. Кәсіподақ жұмысының үлкен білгірі, көпшіліктің жанашыры, ылғи кез келген адамға жаны ашып жүреді. Талғаттың өмір жасы ұзақ болсын, дені сау, отбасы аман болсын, көргені жақсылық болсын, бейнет көрмесін. Осы елінің, жұртының алдында, өзінің қызмет істеп жүрген ұжымының ортасында абырой-беделімен жақсылап жүре берсін деп тілеймін».
Мырзатай ағамыз Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің ректоры қызметін біраз жыл атқарғаны белгілі. Талғат аға сол кісімен талай ғалымдарды, жас, болашағы бар ғылым саласында жүрген азаматтарды университетке тартуға белсене атсалысқан азаматтың бірі болатын. Ол кезде Мырзатай ағамыздың қасында Талғат ағамен бірге атақты ғалымдар, ғылымға өшпестей із қалдырған Кемел Ақышев, Ақселеу Сейдімбеков, Рымғали Нұрғалиев, Мырзатай Серғалиев, қазір де аянбай еңбек етіп жүрген белгілі ғалым Қойшығара Салғараұлы болатын.
Енді Талғатбек ағамыздың өмірдерегінен сыр шертетін болсақ, доцент, Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті кәсіподақ комитетінің төрағасы болып қызмет атқарды. Университетке әр кезде тағайындалған төрт ректордың тұсында солармен тізе қосып бірге жұмыс істеді. Ол 1969 жылы Қаныш Сәтбаев атындағы Қазақ политехникалық институтын бітірген. 1969 жылдан 1971 жылға дейін Жамбыл қаласында рота командирінің орынбасары болып әскери борышын атқарды. Ал 1971 жылдан бастап елімізге білікті мамандар даярлау саласында ұстаздық қызмет істей бастады. «Құрылыс механикасы» кафедрасының оқытушысы, аға оқытушы, доцент болды. 1990-1995 жылдар аралығында құрылыс факультеті деканының орынбасары, кейін инженерлік-экономикалық факультеті деканының орынбасары қызметін атқарды.
Педагогикалық жұмыстарда әрқашан өзінің тәжірибесін жетілдіре отырып 47 жылдан астам бір жерде қызмет атқарып келді. Қаншама жоғары білім иелерін даярлады. қазір олар еліміздің көркейіп, өсуіне өз үлесін қосып отыр.
Университетке талай ғалым, ақын, мәдениет саласындағы, ғылым саласындағы майталмандардың жұмысқа келуіне атсалысты, университеттің деңгейін көтерді. Отырар кітапханасы, жазу тарихы музейін, кейінгі жылдары қосылған білім мұражайын, күндіз-түні тыным таппай, қаншама деректермен, жәдігерлердің ең қажеттісін сұрыптап, оны ашуға зор үлес қосты.
Ауыр ота жасатқан университеттің ғалымдарына, оқытушыларына материалдық қайырымдылықты да жасаудан жалыққан емес. Күні кеше ғана өмірден озған білікті ғалым ағаларымыздың бірі Наубат Қалиевтің жүрегіне ота жасау үшін ауруханаға түскенде алғашқылардың бірі болып қолдау білдірген болатын. Өмірден озарда Талғатбек ағамызды шақырып, соңғы аманатын да тапсырған еді. Айта берсек мұндай жақсылықтардың шегі жоқ деуге болады.
Білімі мен қайратын, елге сүйіспеншілігін өзінің туып-өскен өлкесіне арнаған кісі. 1916 жылғы Ұлт-азаттық көтерілісте қол бастаған, арын жанынан жоғары қойған Жанайдар батырдың кенже ұлы Астананың Еуразия университетінің белді ұстазы болған. Көтерілістің 100 жылдығына орай Талғатбек Жанайдарұлына «Ерейментау ауданының Құрметті азаматы» атағы берілді.
Нұржамал
Әлменбетова