302
Министрлер газет-журнал оқи ма?
Министрлер газет-журнал оқи ма?
Соңғы уақытта ғаламтор мен түрлі ақпараттық порталдар дәстүрлі бұқаралық ақпарат құралдарын ығыстырады деген пікірді жиі естиміз. Десе де БАҚ нарығының сарапшылары ғана емес, психологтар да алдағы уақытта адамдар монитордан жалығады деп есептейді. Яғни дәстүрлі, бірақ мазмұны жағынан жаңаша газет-журналдар ешқашан сұраныссыз қалмақ емес.
Мәселен, Ұлыбританияда жүргізілген зерттеу қорытындысы жалған ақпарат пен жарнамаға толы осынау уақытта мерзімді басылымдар қайтадан халық сұранысына ие бола бастағанын көрсетіпті.
Елімізде де мерзімді басылымдардың қоғамдағы орны ерекше. Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, 2021 жылы қазақстандықтар «Қазпошта» АҚ арқылы 55 017 018 дана газет-журналға жазылған.
Былтыр Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзі оқитын әрі оқуға кеңес беретін мерзімді басылымдарды атап өткен болатын. Онда осы жолы Тúrkistan газеті еліміздегі министрлерден қандай газет-журнал оқитынын сұрап, сауал жолдады. Сауалымызды назардан тыс қалдырмаған тоғыз министрдің жауабы мынандай болды:
Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой Egemen Qazaqstan, «Казахстанская правда», Aiqyn, «Литер», «Время», Túrkistan, «Аргументы и факты», «Комсомольская правда» сынды республикалық басылымдардың жаңа саны жұмыс үстелінде міндетті түрде тұратынын айтады. Министр осы ақпарат құралдары арқылы еліміздің күнделікті тыныс-тіршілігімен танысып, жаңалықтан хабардар болады.
Сонымен қатар Tengrinews.kz, Информбюро.кз, «Капитал», Kazinform, «Азаттық радиосы», «Фармация Казахстана», «Медицина» сияқты ақпарат порталдарыда үнемі назардан тыс қалдырмай, шетел басылымдарының ішінен халықаралық «Евразия» журналын оқиды екен.
Газет-журналдардың қоғамда алатын орны, журналдар, газеттер, көркем әдебиет ғылым мен мәдениеттің барлық жетістіктерін ұрпақтан-ұрпаққа аманат етіп жеткізудің негізгі құралы, білімнің қайнар көзі екенін атап өткен Қорғаныс министрі генерал-лейтенант Нұрлан Ермекбаев Egemen Qazaqstan, «Казахстанская правда», Aiqyn, «Сарбаз», «Время» және «Айбын», «Простор», «Жұлдыз» журналы сияқты қазақстандық басылымдарға, «Зарубежное военное обозрение», «Техника и вооружение», «Известия», «Независимое военное обозрение», «Военно-промышленный курьер», «Оружие» сияқты газет-журналдарға жазылғанын айтты.
Сонымен қатар Қорғаныс министрі күнделікті жаңалықтармен интернет желісі арқылы танысады.
Ал Мәдениет және спорт министрлігі отандық басылымдардың көпшілігіне жазылған. Министр Ақтоты Райымқұлова жалпы отандық және шетелдік бұқаралық ақпарат құралдарын көбінесе онлайн нұсқада, ал елімізде қазақ тілінде шығатын республикалық газет-журналдарды, атап айтқанда Egemen Qazaqstan, «Қазақ әдебиеті», «Жұлдыз», «Жалын», «Ана тілі», «Жас Алаш», Túrkistan, Aiqyn, «Заң газеті», «Қазақ спорты» және тағы басқа басылымдарды жаздырып алып оқиды.
Ведомствоның баспасөз қызметі министрдің күнделікті республикалық, тіпті облыстық, қалалық, аудандық бұқаралық ақпарат құралдарында, сондай-ақ әлеуметтік желілерде жарияланған еліміздегі басты жаңалықтар мен министрліктің қызметіне қатысты ақпараттық шолуымен оқып-танысуын ұйымдастырады екен.
Әділет министрі Марат Бекетаев та жалпы отандық және шетелдік бұқаралық ақпарат құралдарын онлайн форматта оқиды. Одан бөлек Egemen Qazaqstan, «Казахстанская правда» республикалық газеттеріне жазылыпты.
Сонымен қатар ведомство басшысы баспасөз қызметі дайындаған күнделікті республикалық, облыстық, қалалық, аудандық басылымдарда, сондай-ақ әлеуметтік желілерде жарияланған еліміздегі басты жаңалықтар мен министрліктің қызметіне қатысты ақпараттық шолуымен оқып-танысады делінген жауап хатта.
Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин заманның талабына сай кез келген жаңалық пен маңызды ақпаратты оқуға тырысады. Тығыз жұмыс кестесіне және маңызды іс-шаралардың көптігіне байланысты күнделікті бақылауға уақыты кейде жетпей жатса да, мүмкіндігінше қоғам пікіріне ықпалы бар Egemen Qazaqstan республикалық газеті, «Казахстанская правда» жалпыұлттық газеті және тағы басқа газет-журналдарды оқитынын айтады.
Бұдан басқа, британдық The Times газетін, ай сайын жарық көретін танымал Harvard Business Review ғылыми журналын, ғалымдарға арналған The Scientist кәсіби журналын, танымал Tech Crunch стартап хабаршысын онлайн форматта оқиды. Министр жұмыс бабына кедергі болмайтын кезде халықтың көпшілігі бақылайтын әлеуметтік желілерді де қарайтынын тілге тиек етті.
Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді де алыс-жақын шетел және отандық басылымдарды күнделікті жүйелі түрде оқып, назарынан тыс қалдырмайтынын айтады.
Министр ағылшын тіліндегі
Washington Post, New York Times, Financial Times секілді басылымдардан бөлек, Ресей және Қытай, Орталық Азия басылымдарының электронды нұсқаларын тікелей дереккөзден оқып, елімізге қатысты жаңалықтарды жүйелі түрде сараптап отырады.
Одан бөлек, министр Egemen Qazaqstan, «Казахстанская правда», «Ана тілі», Aiqyn, «Литер» және «Қазақ әдебиеті» сияқты басылымдарды назардан тыс қалдырмай оқиды. Баспасөз қызметі үнемі министрді ақпараттық кеңістіктегі басты жаңалықтармен және оқиғалармен таныстырып тұрады.
Ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаров еліміздегі, аймақтардағы жаңалықтарды тұрақты түрде бұқаралық ақпарат құралдары арқылы көріп, хабардар болып отырады екен.
«Газет-журналдарға келетін болсақ, министрліктің баспасөз қызметі жалпы саны 40-қа жуық республикалық және аймақтық басылымдарға жазылған. Оның ішінде ақпараттық, танымдық басылымдардан бөлек министрліктің құрылымдық бөлімшелерінің тікелей қызметтеріне қатысты қаржылық, салық, заң тағы да басқа салалық бағыттардағы соңғы өзгерістер мен жаңалықтарды жариялап отыратын арнайы газет-журналдар да бар.
"Сапархан Кесікпайұлы Egemen Qazaqstan, «Казахстанская Правда», Túrkistan, Aiqyn, «Литер», «Ана тілі», «Время» және басқа да республикалық басылымдардың тұрақты оқырманы екен. Сондай-ақ, аймақтық және агросалаға қатысты өзге де басылымдар мен журналдардағы маңызды деген ақпараттарды қарап, хабардар болып отырады", – дейді ведомствоның баспасөз қызметі.Одан бөлек, министр бүгінгі күні ақпарат жеткізу, ақпарат алмасу құралы ретінде кеңінен тараған әлеуметтік желілерді де белсенді пайдаланады екен. Ал Ұлттық экономика министрі Әсет Ирғалиев Қазақстанның іскерлік БАҚ-тарын, Egemen Qazaqstan газетін және шетелдік экономикалық басылымдарды үнемі қадағалап, оқып отыратынын айтты. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Серік Шәпкенов үшін ведомствоның баспасөз қызметі әлеуметтік-еңбек саласының мәселелерін жазатын барлық бұқаралық ақпарат құралдарына күнделікті мониторинг жүргізеді. Баспасөз қызметі басылымдарды бөліп-жармайтынын, министр барлығын оқитынын айтып жалпылама жауап қайырды.