Арал теңізі жойылып кетуі мүмкін
Арал теңізі жойылып кетуі мүмкін
Арал теңізі алдағы 5-7 жылда тартылып қалуы мүмкін. Сырдарияның төменгі сағасындағы егінжайдың болашағы да тікелей осы суға байланысты екені түсінікті. Бұл туралы Хабар 24 телеарнасы мәлімдеді.
Қазір Кіші Арал теңізінде 22 млрд текше метр су бар. Ол алдыңғы жылдарға қарағанда 5 млрд текше метрге азайған. Тек былтырғы жылдың ішінде су тапшылығынан Қамбаш көлі жағалаудан 250-300 метрге дейін тартылды. Бүгінде теңіз маңындағы көлдерді сақтап қалу мәселесі де өзекті. Жергілікті атқарушы билік қолдан келер шаралардың тиімді тұстарын қарастырып жатқан көрінеді.
18 мың гектарды құрайтын көлді су сорғы құрылғыларымен құрғатпау мүмкін бе? Оның шығыны қанша? Бұл әлі басы ашық сұрақтар. Кіші Арал теңізімен қатар көлдер жүйесі мен егін алқаптарына нәр беретін Сырдарияның деңгейі трансшекаралық мәселелерге тікелей байланысты. Осыған орай сенаторлар да «су дипломатиясын белсенді жүргізу, су тұтыну көлемін азайту және тиісті заңдарға өзгертулер енгізудің берері мол» дейді.
– Осыдан 17 жыл бұрын қабылданған еліміздегі Су ресурстарын басқару заңы қазіргі талаптарға жауап бере алмайды. Сондықтан суды пайдаланудың жаңа тұжырымдамасы жасалып, ол тек суға қажеттілікті реттеп қоймай, су нысандарымен байланысты табиғи эко жүйелерді сақтап, суды үнемдеуге ынталандыру үшін тұтыну саласындағы тарифтерді қайта қарап, озық технологияларды енгізуге мұрындық болуы тиіс, - дейді Парламент Сенатының депутаты Мұрат Бақтиярұлы.
Кіші Аралдың осы деңгейін ұстап тұру үшін Сырдария өзені арқылы теңізге кемінде жылына 2 млрд текше метр су келуі қажет. Тек күріш пен басқа да егістікке 4,2 млрд текше метр су жұмсалады. «Осы ретте судың қадірі мен құнын айқындай түсетін кешенді шаралардың қабылданғаны маңызды», - деп санайды сарапшылар.