475
Қазақ ғылымының бары мен жоғы
Қазақ ғылымының бары мен жоғы
2020 жылғы мамырдағы дерек бойынша елімізде ғылыми-зерттеу жұмыстарымен айналысатын 386 ұйым бар. ЮНЕСКО Статистика институты (UIS) Қазақстандағы әрбір миллион адамның 790-ында ғылыми атақ бар деген қорытындыға келген. Ал 2020 жылғы 27 қаңтардағы статистикалық мәліметке сүйенсек, еліміздегі ғалымдардың саны 24 мыңға жуықтайды екен.
Отандық ғылым: жағдайы мен бағдары
Соңғы уақытта елімізде ғылыми және ғылыми-техникалық жобалар конкурсының саны едәуір артқан. Сонымен қатар, ғалымдарға, ғылыми жоба жетекшілеріне, ғылыми басылымдарға қойылатын талаптар өзгеріп, ғылыми метрикалық көрсеткіштерге ерекше назар аударыла бастаған. Web of Science Core Collection-да жарияланған қазақстандық ғылыми еңбектердің дәйексөз келтіру индексінің деңгейі 1,5 есеге өскен.
Жүйелі әрі нәтижелі жұмыс атқару үшін бірқатар стратегиялық және бағдарламалық құжаттар, білім мен ғылымды дамытудың 2020-2025 жылдарға арналған жаңа мемлекеттік бағдарламасы әзірленді. Оған дейінгі 2016-2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарлама 93,4 пайызға орындалған.
Ұлттық тестілеу орталығының мәліметтеріне сүйенсек, 2020-2021 оқу жылына PhD докторларын даярлауға жалпы саны 2 355 грант бөлініпті. Жалпы еліміздегі ғылыми жұмыстардың 56 пайызын жоғары оқу орындары жүзеге асырады.
Таяу арада министрліктің қолдауымен конкурстық негізде еліміздегі үздік жоғары оқу орындары іріктеліп, орталық құрылмақ. Нәтижесінде, іріктеуден өткен университеттердің QS және Times Higher Education рейтингтеріндегі бәсі жоғарыламақ. Жақында еліміздегі бес жоғары оқу орны осы QS World University Rankings рейтингісіне кірді.
Сондай-ақ докторанттарға оқу аяқталғаннан кейін министрлік тарапынан төлемсіз тағы бір жыл беру жоспарланып отыр. Сол уақыт ішінде оқуды жалғастыруға және ғылыми жұмысты санкциясыз қорғап шығуға рұқсат етіледі.
Одан бөлек, биыл Білім және ғылым министрлігі ғалымдарға арналған гранттық конкурстардың санын бес есеге дейін көбейтті. Ал осы мақсатқа бөлінетін қаржы екі есеге ұлғайтылған.
2020 жылы гранттық жобалардың конкурсына 5 мыңнан астам өтініш түскен, бірақ қаражаттың жетіспеушілігіне байланысты 4 мың жоба қабылданбаған. Жалпы ғылымды қаржыландыру жағынан көрсеткішіміз дамыған елдерден едәуір төмен.
Ғылымға қанша қаржы бөлінеді?
Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша ғылымға бөлінетін қаржы көлемін ұлғайту мәселесі де қаралды. Алдағы 2-3 жыл ішінде ғылымға қазіргіден 2 есе көп қаржы бөлінбек. 2020-2022 жылдары жас ғалымдарды қолдауға 9 миллиард теңге қарастырылып отыр. Finprom.kz порталының мәліметінше, 2020 жылы республикалық бюджеттен ғылымға 16,3 миллиард теңге бөлінсе, ал 2019 жылы тек 154,8 миллион теңге қарастырылған.
2025 жылға қарай елімізде жалпы ішкі өнімнің 1 пайызы ғылымға жұмсалады деп жоспарланып отыр. Ал қазір елімізде ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарға жалпы ішкі өнімнің 0,2 пайызы жұмсалады. Бұл ретте Қазақстан халықаралық рейтингте 61-орында.
Ресей Есеп палатасының сайтындағы мәліметтерге сәйкес, Ресейде ғылымға бөлінетін қаржы жалпы ішкі өнімнің 1 пайызына тең. Оның көп бөлігі қолданбалы зерттеулерге, қалғаны іргелі ғылым мен эксперименттерге жұмсалады екен. Бұл басқа қаржыландыруды есептемегендегі таза бюджет қаражаты.
Ақ үйдің ресми сайтында жарияланған ақпаратқа сәйкес, АҚШ-та жалпы ішкі өнімнің 1,3 пайызы ғылымға жұмсалады. Америкалық бұқаралық ақпарат құралдарының хабарлауынша, АҚШ ғылымындағы жеке қаражаттың үлесі мемлекеттік қаржыландырудан едәуір асып түсіп, жалпы ішкі өнімнің 1,5-1,6 пайызына дейін жетеді екен. Демек, АҚШ-та орта есеппен ғылымға жалпы ішкі өнімнің 3 пайызы жұмсалады.
Ал Қытайдың ғылым мен технологияға бөлетін қаражаты жалпы ішкі өнімнің 2,2 пайызына тең.
Eurostat статистикалық бюросы ұсынған мәліметтерге сәйкес, Еуроодаққа мүше мемлекеттер ғылыми зерттеу жұмыстарына, жеке инвестицияларды есепке алмағанда, 306 миллиард еуродан астам қаражат немесе жалпы ішкі өнімнің 2,19 пайызын жұмсайды екен. 2020 жылы Еуроодаққа мүше мемлекеттер ғылым шығындарын жалпы ішкі өнімнің 3 пайызына дейін арттыруды жоспарлаған, бірақ пандемияға байланысты бұл нәтижеге қол жеткізу мүмкін болмады.
2019 жылғы көрсеткіш бойынша, ғылымға ең көп қаржы жұмсаған елдер қатарына Швеция (ЖІӨ-нің 3,39 пайызы), Австрия (ЖІӨ-нің 3,19 пайызы), Германия (ЖІӨ-нің 3,17 пайызы), Дания (ЖІӨ-нің 2,96 пайызы), Бельгия (ЖІӨ-нің 2,89 пайызы), Финляндия (ЖІӨ-нің 2,79 пайызы) кірген.
Мақалалардың жарияланбауы – ең үлкен кедергі
Ғылыми зерттеулердің нәтижелерін бағалау арқылы ұйымдар мен елдердегі ғылыми өнімділікті салыстыратын InCites деректері бойынша 2015-2019 жылдар аралығында қазақстандықтардың 14 852 ғылыми жұмысы жарияланған. Бұл – Web of Science Core Collection (15 488 645 ғылыми жұмыс) базасындағы материалдардың 0,10 пайызы. Осы көрсеткіш бойынша Қазақстан 214 елдің арасында 75-орында тұр.
Аталған базадағы ресейлік ғылыми жарияланымдардың үлесі – 2,5 пайыз, (15-орында), Беларусь – 0,07 пайыз (81-орын), Армения – 0,04 пайыз (96-орында), Қырғыз Республикасы – 0,01% (138-орында).
Қазіргі кезде ғылыми еңбектер базадан шығып қалған, ғылыми ортада анау айтқандай беделі жоқ басылымдарда жиі жарық көретін болған. Себебі, лайықты журнал табуға бірнеше ай уақыт кетеді. Тапқан күннің өзінде, мақаланың шығу-шықпауы екіталай. Оның ішінде, гуманитарлық, әлеуметтік саладағы мақалалар Web of Science Core Collection, Scopus базасындағы журналдарға жарияланбай жатады. Осы себепті де докторлық диссертация уақытылы қорғала бермейді.
Тек біздің елде ғана емес, жалпы алғанда шетелдік жоғары рейтингті журналдарға шықпай қалатын еңбектердің ішінде әлеуметтік-гуманитарлық саладағы мақалалардың үлесі жоғары. Оның себептері де жоқ емес.
Scopus базасы – Web of Science-тен кейінгі рецензияланған ғылыми әдебиеттердің ең үлкен дерекқоры. База халықаралық 5 000 баспаның 23 500-ден астам басылымын индекстейді. Scopus-та жарияланған мақала басқа басылымға шыққан мақалаларға қарағанда беделді саналады. Осы себепті, Scopus базасына кіретін басылымдарға ұсынылған кез келген ғылыми жұмыс өте қатаң іріктеуден өтеді.
Әлемдегі ең ірі университеттер мен ғылыми ұйымдар Scopus дерекқорын пайдаланады. Сондай-ақ, QS World University Rankings, Financial Times және басқа да агенттіктер университеттердің әлемдік рейтингтерін жасау үшін Scopus деректер базасына жүгінеді.
Іргелі және қолданбалы ғылымдағы жаңалықтар мен өнертабыстар экономикалық дамудың, елдің өркендеуінің, интеллектуалдық потенциалдың өлшемі саналатындықтан, ғылымның бәсі биік болғаны қашан да маңызды. Елімізде әлем мойындайтын, «еңбегі мен ақылы екі жақтан» ғалымдар жетерлік. Талапты жастардың да қарасы қалың. Ғылымның дамуына жеткілікті түрде көңіл бөлсек, әлемдік ғылымнан ойып тұрып алар орнымыз, ашар жаңалығымыз бен алар еншіміз көп болары анық.