1437
Балық та қазақтың бір байлығы - балық өнімдеріне сұраныс артып келеді
Балық та қазақтың бір байлығы - балық өнімдеріне сұраныс артып келеді
Балық шаруашылығы – балық аулау, тасымалдау, қорғау және өсірумен, өңдеумен, су өсімдіктерін жинаумен шұғылданатын сала. Қазақстанда балықты су айдындары жеткілікті. Каспий теңізінің қазақстандық бөлігі, Арал, Балқаш, Алакөл бассейндері, Бұқтырма, Шардара, Көксарай, Қапшағай су қоймалары, сонымен қатар, Орал, Сырдария, Ертіс өзендері мен оның бойында орналасқан көптеген көлдерден мол балық ауланады.
Балық шаруашылығы қазақ жерінде мол өріс алып, ірі балық аулау шаруашылықтары, өңдеу кемелерімен, моторлы қайықтармен жарақталса, бассейн жағалауларында ірі балық өңдеу комбинаттары мен зауыттар жұмыс істеп, оларда жоғары сапалы өнімдер мен консервілер, ысталған, қатырылған, кептірілген балық өнімдері еліміздің түкпір-түкпіріне жөнелтіліп жатты. Қазақстанда өзен-көлдер мен тоған шаруашылықтары көптеген облыстарда ұйымдастырылып, халық балықтың сан түрімен қамтамасыз етілетін. Бір қуаныштысы соңғы кездері балық аулау шаруашылығына деген қызығушылық артып келеді.
1985 жылдан бері 27 маусым күні Бүкіләлемдік балық шаруашылығы күні ретінде атап өтіледі. Бүкіләлемдік балық шаруашылығы күні 1984 жылы Римде болған балық шаруашылығын дамыту мен реттеу жөніндегі халықаралық конференцияның шешімімен бекітілген болатын. Ал 2011 жылы елімізде балық шаруашылығының жаңа ережесі бекітілді. Бұл ереже бойынша, ауланған балықтар мен шаяндарды ұстауға байланысты салықтың көлемі анағұрлым ұлғайды. Ал таяуда қабылданған «Су заңы» бойынша өзендер мен көлдер жеке қолға жалға беріледі. Сондықтан балық аулаушылар балық аулау жөнінде су иелерімен өзара жеке келісім жасайтын болды.
Қазіргі кезде дүниежүзі бойынша ауланатын балық пен өндірілетін теңіз өнімдері жылына 100 млн тоннаға жетіп отыр. Оның 9/10-ы теңіздер мен мұхиттардан, ал қалған бөлігі тұщы сулардан ауланады. Балық аулау теңіз жағалық елдерінің барлығында таралғанымен, дүниежүзінде ауланатын балықтың жартысынан астамы алты елдің – Жапония, Қытай, АҚШ, Чили, Перу және Ресейдің үлесіне тиеді. Балықтар материктік қайраңдар мен жылы және суық мұхит ағыстары түйіскен аудандардан көбірек ауланады.
Дүниежүзі бойынша ауланған бекіре балықтарының 90 пайызы Қазақстан балық шаруашылығының үлесіне тиеді. Қазіргі кезде республикада экологияның нашарлауына байланысты су айдынын қорғау, кәсіптік балықтардың сапасын жақсарту, балық өсіру жұмыстары жүргізілуде. Тіпті, бүгінде әлемнің көптеген елдерінде балық шаруашылығына қатысты сайыстар мен семинарлар, дәрістер ұйымдастырылады. Жас балықшылар мен тәжірибесі мол кәсіпшілер бір ортаға жиналып, тәжірибе алмасады. Тағы бір айтарымыз, жыл өткен сайын балық аулаудың – рухани және физикалық күштерді нығайтудың бірден-бір құралы екендігін мойындайтын қарапайым адамдардың сол салаға қарай бет бұруы жиі байқалады.
«Каспий теңізінің қазақстандық бөлігінен жылына 50 мың тонна, Арал теңізінің қазақстандық бөлігінен 21,5 мың тонна, Балқаштан 17 мың тонна ауланса, едәуір көлемде балық Бұқтырма, Шардара, Алакөл су қоймаларынан да ауланып келді. Тек Ақтөбе облысының көлдерінен жылына 9 мың тонна өнім алынатын. Атырау балық өңдеу комбинаты жылына 1,5 мың тонна бекіренің уылдырығын мемлекетке тапсырып отырды. Балық аулау көлемінен Қазақстан Кеңес Одағы бойынша үшінші орында тұрды», – дейді балық шаруашылығының ардагері, Арал ауданының құрметті азаматы Жылқыбай Арынғазиев.
Одақтың тарауымен республиканың балық шаруашылығы саласы да елеулі күйзеліске ұшырағаны белгілі. Барлық ірі балық аулау, өңдеу шаруашылықтары тоқырап, бұрынғы құрылымдарын жойып алды. Ал барлық балық өсіру тоғандары нақты қаражаттың болмауынан жұмыстарын тоқтатты. Өткен ғасырдың 80-жылдарында Арал теңізіне Сырдария мен Әмудария өзендерінен су құйылмағандықтан теңіз суының тұздылығы ерекше өсіп, теңізде балық қоры жоғала бастады. Тек сол 80-жылдардың аяғында ғылыми негіздерге сүйене отырып, теңіз суының тұздылығы жоғары деңгейде өсетін Қара теңізден камбала балығын әкеліп жібергеннен кейін көп уақыт өтпей теңізде аталған балық түрі тез өсіп, жетіліп, өндірістік көлемде аулауға қол жеткізілді.
Теңіздің қайта оралуымен балық шаруашылығының жаңадан дамуы тұрғылықты халықтың әлеуметтік жағдайларының жақсаруына әсер етсе, елдің экономикасы мен саяси бағытына да маңызды үлес қосты. Алайда, саланың ілгері дамуына кедергілер көп. Республика өзінің тәуелсіздігін алған алғашқы жылдары балық шаруашылығы Ауыл шаруашылығы министрлігінің құрамында болып, одан соң біршама жылдар Қоршаған ортаны қорғау министрлігінің құрамына еніп, кейін қайтадан Ауыл шаруашылығы министрлігіне берілді. Қазіргі уақытта министрліктің бұрынғы Балық комитеті жойылып, жаңадан Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті болып құрылды. Бұрынғы Балық комитеті де осыған кіріп кетті. Бұл комитет балық шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты және балық қорын қорғау инспекциясын қаржыландырып, басшылық жасайды. Ал балық аулау кәсіпшілігіне, оларға учаскелер бөлу үшін тендер өткізу жұмыстарына басшылықты аймақ көлемінде облыстық табиғат пайдалануды реттеу басқармасы жүргізеді. Балық халықтың күнделікті қажет ететін азық-түлік түрі, халықтың әлеуметтік жағдайының жақсаруына себепкер бірден-бір табыс көзі болса, ел экономикасына да қосар үлесі мол. Неге балық шаруашылығы орман-тоғай, жануарлар дүниесі немесе табиғатты пайдалануды реттеу сияқты салаларға қосылады? Мұндай жағдайда бұл сала қалай ілгері дамиды?
Балық шаруашылығының болашағы айқын, берері көп. Қазірдің өзінде Батыс Қазақстан облысындағы аграрлық-техникалық университет бекіре өсіріп, одан қара уылдырық алуда. Жайық-Каспий және Атырау облысындағы бекіре өсіру зауыттары да бекіренің майда шабақтарын жылдан-жылға өсіріп, өндірістік қуаттарын арттырып келеді.
Ал балық шаруашылығы саласын жан-жақты зерттеп келе жатқан ғалымдар орын алып отырған кемшіліктерді жою үшін, тез арада ілгері дамыту үшін саланы Ауыл шаруашылығы министрлігі құрамынан жеке комитет ретінде құруды ұсынады. Қазақ ғылыми-зерттеу институты, республика көлеміндегі су айдындарындағы балық қорын қорғау инспекциясы және барлық балық аулау және өңдеу құрылымдарының басын бір жерде тоғыстыратын комитет жұмысы жемісті болады деген сенімі мол мамандардың жанайқайы тегін емес. Республика көлеміндегі барлық балық аулау, өңдеу шаруашылықтары, оның ғылыми-зерттеу институты және балық қорын қорғау инспекциясы бірлесіп жұмыс істеген жағдайда ғана оны бұрынғы Кеңес одағы кезіндегі көлеміне жеткізіп, халықты тірі және жас балық түрлерімен толық қамтамасыз етіп, республика ішінде және шетелдерге де сапалы өнім шығаруға мүмкіндік болатыны анық.
2 мың тонна балық өнімі Қытайға экспортталмақ
Қытай xалқы Қазақстан өнімдерінің сапасын жоғары бағалапты. Сол себептен де Қазақстан Қытайға жылына 2 мың тонна балық өнімін экспорттауды жоспарлап отыр. Жақында Қытай басшысы Си Цзиньпинь мырза Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевпен өткізген кездесуінде қазақстандық азық-түліктер экологиялық таза өнімдерге жататындығын және қазақстандық органикалық өнімдер қытайлықтар арасында жоғары сұранысқа ие екендігін ерекше атап өткен еді. Осы тұрғыда Қазақстаннан Қытайға экспорттай алатын өнімдердің тізімі көп. Қазір барлық сала бойынша келіссөздер жүргізіліп жатқан жайы бар. Ауылшаруашылығы вице-министрі Гүлмира Исаева: «Мәселен, қазіргі уақытта балық өңдейтін 24 қазақстандық кәсіпорын өз өнімдерін Қытайға экспорттай алатын тауар өндірушілердің тізіміне кірген. Биылғы жарты жылда балық өнімінің 500 тоннасы жеткізілсе, енді жылына 2 мың тонна балық өнімін Қытайға экспорттайтын боламыз», – деді. Сондай-ақ, Қытаймен құс шаруашылығы бойынша да осындай келіссөздер жолға қойылды. «Қытайда тауық сирақтары мен бастары деликатес саналады. Соған байланысты қазақстандық кәсіпорындар қосымша жабдықтаудан өтуде. Бізде қолданбайтын екінші деңгейлі өнімді Қытайға жеткізу бойынша жұмыстарды атқаруға болады. Ара балы бойынша, біздің әлеуетіміз жылына 8 тоннаны құрайды. Қазіргі уақытта біз 2 тонна бал экспорттадық. Бұл көлемді ұлғайтуға өнімді өткізетін нарықтың жоқтығы бөгет болып отыр. Егер Қытай нарығын ашатын болсақ, бұл көлемді біздің омарташылар ұлғайтуға әзір. Біз жалпы өсімдік шаруашылығы саласында 30 позиция бойынша экспорттық әлеуетті қарастырып жатырмыз», – деді Г.Исаева өз пікірінде. P.S. Балық шаруашылығы табыстың бiр көзі. Бұл саланың әлi толық игерiлмегенiн мына бiр мысалмен дәлелдеуге болатын сияқты. Испандықтар бiр жылда 100 келi, жапондықтар – 72, қытайлықтар – 45, ресейлiктер – 25, ал қазақтар небәрi 2-ақ келi балық жейдi екен. Неге? Адам ағзасына қажетті дәрумен – йодқа бай балық өнімдерінің бағасы қолжетімді емес пе? 17-18 қыркүйекте Астана қаласында «Қуатты өңір – қуатты Қазақстан» акциясы аясында Атырау жане Батыс Қазақстан облыстарының күндері ұйымдастырылып, тауар өндірушілерінің ауылшаруашылық жәрмеңкесі өтті. Жәрмеңкеге Батыс Қазақстаннан 200 тоннадан астам тауар әкелінсе, Атырау облысынан 34 тауар өндіруші қатысып, жалпы көлемі 90 тонна өнім саудаға шығарылды. Сонда байқағанымыз, әсіресе балық сөрелерінің алды ұзынсонар кезекке лық толды. Демек, балық өнімдеріне сұраныс өте жоғары екенін ешбір зерттеусіз-ақ тап басып айтуға болады.Динара Мыңжасарқызы