217
Ясауи кесенесіне жерленген тағы 12 тұлға анықталды
Ясауи кесенесіне жерленген тағы 12 тұлға анықталды
Мәдениет және спорт министрлігінің "Әзірет Сұлтан" мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейі ұйымдастырған ғылыми кеңесте тағы да он екі тұлғаның Қожа Ахмет Ясауи кесенесі мен маңына жерленгені туралы тарихи деректер мақұлданды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі "Әзірет Сұлтан" мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
"Әзірет Сұлтан" мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінің директоры Нұрболат Ахметжановтың сөзінше, музейдің жанынан құрылған кеңестің әр отырысында ғылыми тұжырымдамалар тарихшы, ғалымдардың жіті сараптауынан, зерттеп, талқылауынан өтіп барып бекітіледі. Қожа Ахмет Ясауидің айналасында жатқан хан-сұлтан, батыр, билеріміздің ішінде анықталмағандары әлі де көп болуы мүмкін. Қазіргі таңда бұл бағытта зерттеу жұмыстары жан-жақты жүргізіліп жатыр. "Ал бүгінгі тізімге енген он екі тұлғаның тарихын анықтау бойынша тиісті жұмыстар жүргізіліп, нәтижесінде олар жайлы деректер мен мәліметтер толыққанды жинақталды. Елімізге белгілі ғалымдар бұдан басқа да тізімге енбей қалған тұлғалар жайлы мәліметтер ұсынуда. Алдағы уақытта бұл мәселе де түбегейлі қолға алынатын болады. Сонымен қатар, отырыс барысында күні бүгінге дейін кесенеде жерленген тұлғалардың игі жақсылар санатында тұрған Қоңыршұнақ Ердес Шүренұлы батырлар тізіміне ауыстырылды. Өз заманында беделді, атақты әрі би, әрі батыр, әрі датқа болған Ердес батыр Шүренұлы туралы жазба дерек аз болғанымен, ел арасына тараған ол кісінің палуандығы, батырлығы, датқалық қызметі жайлы аңыз-әңгімелер көптеп кездеседі",- деді Ахметжанов.Ғылыми кеңес мүшесі, тарихшы, ғалым Марат Тұяқбаевтың айтуынша, осы уақытқа дейін Қожа Ахмет Ясауи кесенесі мен оның маңында жерленген тұлғалар тізіміне Жолбарыс хан (Са’д Әулие), Әбділлә хан, Бибі Хисаб, Қазыбек би, Шоң би, Абылай хан, Сүйініш хан, Қоқырас хан, Әулие хан, Шорнағат хан, Ілияс хан сынды тұлғалар енген. Алайда, неге екені белгісіз Марқаді Мүннавара Паклар, Фам ғашық зікірші, Шихаб ад-дин Сарвар, Шайх Наджим ад-дин, Баба Ғариб, Үндемес ата, Жеті Ата, Үшбас Ата, Сұлтан Ибраһим сынды тұлғалар енбей қалған.