Сақ болыңыз! Елімізде жаңа қаржы пирамидасына алданғандар көбейіп жатыр

Сақ болыңыз! Елімізде жаңа қаржы пирамидасына алданғандар көбейіп жатыр

Сақ болыңыз! Елімізде жаңа қаржы пирамидасына алданғандар көбейіп жатыр
ашық дереккөзі
454
Елімізде белең ала бастаған жаңа сипаттағы қаржы пирамидасы туралы белгілі кәсіпкер, қаржыгер, «Бизнес сеть 2013» аға сарапшысы Михаил Жангелдин мәлімдеді. Бұл туралы inbusiness.kz хабарлады. «Бұл пирамидалар еліміздің қарапайым азаматтарын алдауда. Олар өздерін «Finiko» және «Амир капитал» деп атайды. Бас кеңсесі Ресейде орналасқан. Өткен жылғы желтоқсанда Ресейде бұған қатысты қылмыстық іс қозғалып, қудалау жүруде. Ал Қазақстанда олар өркендеуде және еш қымсынбайды. Аяқтарын алшаң басады, ашық әрекет етеді. Мысалы, «Finiko» кеңсесі Алматыдағы «Атакент» іскерлік орталығы аумағында орналасқан. Бұлардың кесірінен азаматтар қарызға батып, кредит алуда, борышын төлей алмай, ұрыс-керістен отбасылар күйреп жатыр», – деді М.Жангелдин. Оның түсіндіруінше, пирамидалар елден жиған ақшаны биткойнге және басқа да криптовалюталарға ауыстырады. Биткойнді әлемде бірде бір мемлекет эмиссияламайтындықтан, оның ізін табу да күрделі. «Содан кейін салымшының жеке кабинетінде сол соманы көрсетіп қояды. Бұл ретте ақшаны азаматтардан тек доллармен қабылдайды. Алайда қолына тие салысымен, долларды өздерінің «төл валютасы» – «цифрон» дегенге айналдырады. Бір жаманы, бұлардың менеджерлері мемлекетке қарсы үгіт жүргізетін көрінеді: «мемлекетке халықтың қайыршы-кедей болғаны керек, сонда билік бұқараны өзі қалағанша билейді, пайдаланады, сондықтан сіздерді әдейі кредит құрдымына қуып тығып жатыр» деп айтады екен. Бізде бұларды Аркадий Ким және оның орынбасары Елена Джанабекова басқарады», – деді маман. «Компанияның» қазақстандық бас кеңсесі Алматыда орын тепкен. Ал оның желісі бүкіл Қазақстанға таралғаны байқалады. Ресми сайтында «Финиконың» «құжаттарын беру бекеттері (пункты выдачи документов компании «Финико») Нұр-Сұлтанда, Ақтауда, Ақтөбеде, Атырауда, Қарағандыда, Көкшетауда, Қостанайда, Қызылордада, Павлодарда, Петропавлда, Семейде, Талдықорғанда, Таразда, Теміртауда, Оралда, Өскеменде және Шымкентте орналасқаны көрсетілген. Қынжылтатыны сол, жергілікті құзырлы органдар бұларға мән берер емес. Ал компания қызметінде қаржылық пирамида көріністері өріп жүр. «Олар салымды 500% өсіріп қайтаруға уәде етеді. Ең бастысы, олар азаматтардың кредиттерін жауып беретініне сендіреді. Ол үшін салымшы өз кредитінің 35%-ы көлемінде ақша енгізуі керек. «Билік сіздерді борыш батпағына батыруда, ал біз сіздерді құтқарамыз» деп көлгірситін көрінеді. Әйтсе де «Финико» осының бәрі жай ғана ойын имитациясы екенін, сондықтан өздері салымшылар енгізген қаражат үшін ешқандай жауапкершілік арқаламайтынын жазып қойған. Бұлар өздерін сенімді ұстайды, ештеңеден қорықпайды. Әлдебір тұлға бұларға тірек болып тұрғандай ой қалыптасады. Осындайларды көріп тұрып, кәдімгідей алаңдайды екенсің. Жауапты органдар қайда қарап отыр? Елдегі тыныштық пен бейбіт өмірді қорғау керек емес пе! Кім көрінген сырттан келіп шайқалта берсе не болмақ. Мемлекеттің беделіне нұқсан келтіріп, қарсы үгіттеп жүрген, бұқараны алдап, наразылықты өршіткен қаскүнемдер құрықталса, жөн», – дейді М.Жангелдин. Компания болса өзін пирамида санамайды.

Серіктес жаңалықтары