Амалда амандасып, көріскенде кешірімді бол!
Амалда амандасып, көріскенде кешірімді бол!


– «Көрісу» – қазақтың Наурыз мейрамының негізгі салтының бірі. Кеңес заманында әбден ұмытылып барып, жаңа жанданып жатыр. Қазаққа қыс мезгілі қашанда ауыр болған, тіпті ертеде түгелге жуық Сырдың бойынан бастап Жиделі Байсынға дейінгі аймақта қыстап отырғанда да қиналса керек. Себебі қыс қытымыр болып жатса мал ашығады, кейде көктемге қарай жаңбыр ерте жауып, не қар еріп барып қайта қатып жұт басталып кетеді. Көтерем мал қырыла бастайды. «Мал ашуы – жан ашуы», қыс-қамытта бір жерден екінші жерге көшіп, не малын алысқа айдап, жайылымға бола дауласып бір-бірімен араздасып елдің есі шығады. Оның үстіне, малдың пайдасына бола қазақ шаруашылықтары бір-бірінен қыс кезінде алыстау отырады, себебі қыста да жайылым керек, ол уақытта қазақ шөп-азық дайындамайды дегендей. Осындай қиындықтардан шыққаннан кейін Наурызды қазақ қуанып қарсы алмағанда кім қарсы алады? Наурызға қазақ қуанбағанда кім қуанады? Көрісу де осыған байланысты шыққан. Қыс бойы бір-бірінің өлі-тірісін біле алмай сағынған елдің жасайтын жоралғысы. Бір-бірін құшақтап, кейде өлгендерін жоқтап, кейде тірі қалғанына шүкірлік айтып көріседі.
Қазақтың аңыз-әңгімелері Наурызды Нұх пайғамбардың заманымен байланыстырады. Жер бетін топан су басқан оқиға оқырманның бәріне де белгілі. Нұхтың жанында Құдайға сенген 80 адам бар, үш ұл, үш келіні бар алты ай он күн су бетінде қалқып жүріп, өлдік-талдық дегенде Қазығұрт тауының ұшар басына тоқтапты дейді. Біреуі ата-анасынан, біреуі баласынан айырылған, уайым-қайғы басқан ел осы жерде жан шақырыпты. Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы Нұхтың әңгімесін баяндай келе: «Кеменің Қазығұрттың басына тоқтаған күн қасиетті Мұхарам айының оны екен, жұлдыз есебімен санағанда күннің Хамалдың бірінші уәжібіне кірген күні» дейді. Арабтың календары ай есебіне негізделгеннен кейін ылғи да өзгеріп отырады, дегенмен Мұхарам айы оларда қасиетті ай, жылдың басы деп құрметке ие, ал жұлдыз есебімен санасақ Хамал қазіргі уақытта Тоқты аталады және мартқа сәйкеседі. Осы себепті қазақ жерінің батыс аймақтарында Наурызды «Амал мерекесі» деп те атайды, «Амал» дегені «Хамалдан» шығады.

– Наурыздама («наурызнама» емес, қазақтың тойлату секілді «наурыздату» етістігінен) дәстүрі бұрынырақта наурыздың алғашқы күнінен бастап елдің батыс өңіріне қоса, Сыр өңірінің барлығы, Қостанай, Торғай аймағы, ресейлік Ажтархан (Астрахан), Сарытау, Самар, Орынбор облыстары атап өтетін. Бірақ оны «амал» деп те, «көрісу» деп те атамаған, «Наурыз» деген. «Амал» деп атау 1988 жылдан мерекенің 21-22 наурызға ресмиленуінен бастап, халықтық Жыл басы күнінен ажырағысы келмеген бұқара 14 наурызды «Амал» деп атауға мәжбүр болды. Бір мейрамның екі сипатының бірігуінен Жыл мерекесінің мазмұны мен маңызы бүгінде барынша тарылды, рухани құндылығымызды біршама шатасуға итермелеп отыр. Шын мәнінде, халқымыз Наурыз айының алғашқы (ескіше – 1 наурыз қазіргі 14-не сәйкес) күнінен бастап, Наурыз мерекесін бір ай бойы мейрамдаған. Қазақтың белгілі білімдары − Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы өзінің 8 күндік наурыздама өтетінін жазады. Ол ескіше: 1-8 наурыз, қазіргі күнтізбеде 14-21 наурыз аралығы. Тағы бір дәйек: Шәкәрім атамыздың баласы Ахаттың естелігінде: «14 март – ескіше 1 март. Әкей айтты: «Бүгін ескіше 1 март, қазақша жаңа жыл, ұлыстың (ұлы істің) ұлы күні дейді. Ал жаңа жылдың бұрынғы аты – Наурыз, бұл – фарсы тілі. Жаңа күн деген сөз. Қожа-молдалар ескі әдетті қалдырамыз деп, құрбан, ораза айттарын ұлыс (ұлы іс) күні дегізіп жіберген. Ескі қазақша, ескі түрікше жаңа жыл күнінің аты – ұлы іс. Жаңа жыл басының ұлыс екеніне мынадай дәлел бар. «Ұлыс (ұлы іс) күні қазан толса, ол жылы ақ мол болар. Ұлы кісіден бата алса, сонда олжалы жол болар». Шындығында, 13 наурызбен 90 күндік ескі жылдың қысқы маусымы бітетінін ескеріп, астрономиялық үдеріс кезінде күннің Амал жұлдызына беттеуі жыл басымен сәйкесуі «табиғи Жыл межесі» болып табылады. Жылдың ауысуы да осы құбылысқа тән. Және тоңның жібіп, көктемнің келуі осы жайтқа қатысты. 14 наурыз – жылдың, көктемнің басы! Сол себепті қазақтар бір бірімен қауышу рәсімін жасап көріскен, яғни қауышу рәсімін жасаған. Бір жылдың артта қалғанын және жаңа жылдың келгенін осылай қарсы алған. Мүшел жылы 1 қаңтарда да, 22 наурызда да кірмейді, қазақтың есебі бойынша 14 наурызда кіреді. Жылқы жылы мүшел жүйесі бойынша 14 наурызда кіріп, көктемнің алғашқы күнін, жаңа жылдың маусымашар күнін бастайды. Ескі жылмен қоштасу 13 наурызда болып өтеді. «Көрісу күніне» телініп жүрген мына ғұрыптың бәрі кәдімгі наурыздама жоралғылары болып табылады. Бұл күні ауыл тұрғындары ерте тұрып, елең-алаңнан жасы үлкен адамдарға сәлем береді. Көрші-көлем бір-біріне «Жасың құтты болсын!», «Жасыңа жас қосылып, ғұмырың ұзақ болғай!» деп тілек айтады. Көшпелі ғұмыр кешкен ата-бабамыз алты ай қыстан аман-есен шығып, көктемге иек артқан шақта ағайынды іздеп барып, амандық сұрасады. Төс қағыстырып, «Бір жас қосуыңмен», «Жас құтты болсын!» деген тілек айтады. Көрісу күні бұрынғы өкпе-реніш кешіріліп, араздық ұмытылады, көрші-көлем бір-бірін наурызкөжеге шақырып, меймандардың отбасына, ағайын-туыстарына амандық-саулық, құт-береке тілейді. Көрісу – тек адамдардың бір-біріне амандасып, жақсылық тілейтін қауышу мерекесі ғана емес, сондай-ақ жасы үлкендерге ізет көрсетіп, ілтипат білдіретін дәстүрлі көрініс. Қариялардың айтуынша, бұл күні реніште жүрген жандар бас араздығын ұмытып, татуласады. Сондықтан көрісу айты – ағайын мен туыс арасындағы байланысты бекіте түсетін дәстүр.

− Тарих – тамыры тым тереңде, дінсіздікке бой алдырмаған, империялық өктем сана-сезімі өшпеген халықтың ғана болашағы бар. Сондай ұлттың ғана рухы биік, оның мәдениеті мен әдебиетінен, философясы мен музыкасынан... ең бастысы – іздегенің табылады, оны қайта қалпына келтіру, тамыр-тамырға жүгірту уақыттың еншісіндегі харекет. Тек соның соңына түсетін ұлан болса... «Батыс Қазақстан», «Солтүстік Қазақстан», «Жетісу» энциклопедияларымызға сұрау салдық, «Қазыбектің Наурызын кім біледі?» деп. «Қазаққа төл календарын жасап берген Байбақтының Қазыбегі деген кісі болған» дегенді алғаш күнделігіне араб қарпімен жазып кеткен Ғабит Мүсірепов болатын. «Қазақ әдебиетінде» (18.03.1977 ж.) классик жазушының тағы бір қайталап жазғаны бар: «Марқұм, ақын Нұрпейіс Байғаниннен «Алматыға қашан келесіз?» деп сұрағанымда: «Қазыбек қазаны өткен соң келеміз» дегені бар еді. Соған қарағанда, өткен «наурызға» қосылған 12-13 күн күзгі айларға да қосылғаны ғой. Бұл жайды Батыс Қазақстан ғалымдары білуі тиіс. Өйткені Қазыбек астрономның өзі байбақты ішінде тұратын Сиық Сұлтанның тұқымы көрінеді». Әріректегі тағы бір жазбаға иек артсақ, 1869 жылы Санкт-Петербордан түрколог Л.Будаговтың 2 том сөздігі шыққан. Оның құндылығы – барша түркі тілдерінің тіл байлығы салыстырыла қамтылғанында. Ғалым бір жарым ғасыр бұрын жазып отыр: Қазақта 2 Наурыз бар. Бірі – жас наурыз, марттың 22-сінде тойланады; екіншісі – қарт наурыз, ол «Қазыбек Наурызы» деп аталады, Жас Наурыздан 10-11 күн бұрын тойланады… Ақ патша заманында қазақты қайтсем тезірек шоқынды қылам деп жанталасқан А.Алекторов деген миссионер өткен еді. Бірақ сол қаскөйіңнің қаламының ұшына қазақтың бұрынғыдан қалған талай-талай сөз маржандары іліккенін де ұмытуға болмайды. «Байбақты Қазыбектің календары болған» дегенді ол да айтып өтеді. Сонымен, біздің айтпағымыз: еліміздің батыс өлкесінде жоғалмай сақталып, күні бүгінге дейін жаңа жылдың үшінші айының он төртінші жаңасында аталып өтетін «көрісу» – осы қарт наурыз, байбақты Қазыбектің наурызы. Оны ғылыми тұрғыдан сипаттау, ақи-тақи түсінік беру, Ғабеңше айтсақ, ғалымдардың шаруасы.
Дайындаған
Ахмет ЖҰМАҒАЛИҰЛЫ