1376
Тәуелсіздік тәуекелдері
Тәуелсіздік тәуекелдері

Ұлы далада талай ірі империя болды. Алайда дәуірлер алмасып, заман өзгергенде олар қайта құрылып, халқы және көлемі жағынан өзгеріске ұшырап отырды. Ғұндар империясы, Түркі қағанаты, Дешті қыпшақ, Алтын Орда, Қазақ хандығы мемлекеттерінің тағдыры соған айғақ. Бұлардың бәрі тарихи миссиясын атқарды. Тек қазақ жерін Ресей империясы жаулап алып, Кенесары Қасымұлы бастаған Ұлт–азаттық көтерілісі жеңіліс тапқан соң қазақтар 1847 жылдан 1917 жылға дейін 60 жыл Ресей империясының қол астында, 1917-1991 жылдар аралығында 74 жылға жуық КСРО құрамында орталыққа бағынышты ұлттық республика-да өмір сүруге мәжбүр болды.
1991 жылы Кеңес Одағы ыдырап, оның орнына құрылған 15 тәуелсіз мемлекеттің бірі – тәуелсіз Қазақстан Республикасы. 1990 жылы 25 қазанда Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің қаулысы бойынша қазақ елінің тәуелсіздік алғанын анықтайтын алғашқы құжат Тәуелсіздік декларациясы қабылданып, соның негізінде 1991 жылғы 16 желтоқсанда «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Тәуелсіздігі туралы» конституциялық заң қабылданды. Міне, осыдан бастап 144 жылдай бодандықтың құрсауында болған қазақ халқы шын тәуелсіздікке ие болып, еркін елге айналды.
Әлем картасына өзгеріс еніп жатқан бұл шақта дүниежүзі бұл өзгерістерді зер сала бақылап отырды. Қазақстан тәуелсіздігін жариялаған соң бірнеше сағат өткенде оны алғашқы болып Түркия мойындады. Келесі 11 желтоқсан күні Қазақстанды Ресей Федерациясы, 25 желтоқсанда Америка Құрама Штаттары мойындады. 1992 жылғы 3 қаңтарда Қытай халық республикасы мойындаса, ал жылдың соңына дейін тағы 102 мемлекет Қазақстан тәуелсіздігін таныды. Ал 1993 жылғы 2 наурызда Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас Ассамблеясының пленарлық мәжілісінде Қазақстан Біріккен Ұлттар Ұйымына қабылданып, әлемдік қоғамдастықтың толыққанды мүшесіне айналды.
Қазақстан тәуелсіздік декларациясын қабылдаған соң ұзамай елімізде 1991 жылғы 1 желтоқсанда тұңғыш бүкілхалықтық президент сайлауы өтіп, оған 8 681 276 адам қатысып, 98,8 пайыз дауыспен Нұрсұлтан Назарбаев қазақтың Тұңғыш Президенті болып сайланды. Ал 1991 жылғы 10 желтоқсанда Алматыдағы Республика сарайында Қазақстан Республикасы Президентінің ант беру салтанаты өтті. Ал арада 20 жыл өткен соң,
1 желтоқсан – Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күніне айналды.
Саяси дербестікке ие болып, жаңа азат мемлекетке айналған Қазақстан енді елдің саяси-экономикалық құрылымын жаңартып, жаңа өзгерістерге дайындалды. Ең алдымен, Қазақстан тәуелсіз мемлекетке айналған соң ол сол елдің азаматы болу − барлық халқы үшін маңызды. Осыған орай, 1991 жылғы 20 желтоқсанда ел Президенті «Қазақстан Республикасының азаматтығы туралы» заңға қол қойып, ел тұрғындарына Қазақстанның азаматы болу құқығын сыйлады.
Ел болған ол елге азаматтарын сыртқы қатерден қорғау үшін өз әскері керек екені белгілі. 1992 жылғы 7 мамырда Қазақстан Президенті Н.Назарбаевтың Жарлығына сәйкес, Қазақстан аймағында дислокацияланған ТМД Қарулы Күштерінің әскери бөлімдері республиканың жаңадан құрылған Қарулы Күштерінің құрамына енгізілді. Алғашқы Қорғаныс министрі болып даңқты армия генералы Сағадат Нұрмағамбетов тағайындалды.
Тәуелсіз ел болған соң оның рәміздері болуы тиіс. Қазақстан өзінің ерекшелігін айшықты да, қысқа да түсінікті түрде ұқтыратын символдарын жасау жолында тер төгіп, ұзақ ізденістен соң 1992 жылғы 4 маусымда тәуелсіз Қазақстанның рәміздері бекітілді. Күн астында көкке самғаған қыраны бар көк байрақ пен күннің нұры мен шаңырақ, қанатты тұлпар кейпіндегі Елтаңба сәтті таңдалып, оларды бүкіл әлем таныды.
Елдің құрылымдық жүйесін анықтайтын және саяси тұрғыдан басқаруға мүмкіндік беретін басты құжат − Конституция. 1993 жылғы 28 қаңтарда Жоғарғы Кеңес Қазақстан Республикасының Конституциясын мақұлдап дауыс берді. Бұл тәуелсіз елдің тұңғыш Ата Заңы болатын.
Жаңа мемлекет, ең алдымен елді басқарудың өз жолын іздейтіні белгілі. 1993 жылға дейін елімізде қос билік − Қазақстан Президенті және Жоғарғы Кеңес бар еді. Уақыт өте келе жас мемлекет үшін мұның тиімсіздігі байқала бастады. Нәтижесінде, 1993 жылғы 9 желтоқсанда Жоғарғы Кеңес «Қазақстан Республикасы халық депутаттары жергілікті кеңестерінің өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтату туралы» заңды, ал келесі күні «Қазақстан Республикасы Президенті мен жергілікті әкімшілік басшыларына қосымша өкілеттіктерді уақытша беру туралы» заңды қабылдады. Сол күні 360 депутаттың 200-і өз өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтатты да, Кеңестер таратылды. Сөйтіп, елімізде КСРО-дан мұраға қалған Жоғарғы Кеңестің қызметі тоқтап, қосарланған билік дағдарысы аяқталды. Ал ел Президенті Конституция мен мемлекет тәуелсіздігінің бірден-бір кепіліне айналды. 1994 жылғы 7 наурызда өткен сайлауда еліміз үшін ол тұрақты негізде жұмыс істейтін Парламенттің негізі салынды.
Жаңа құрылған, әлі етек-жеңін жинай алмай жатқан жас мемлекетке жедел шешім қабылдау үшін бір орталыққа бағынған билік жүйесі қажет екені көріне бастады. Осыған орай, күшті президенттік басқару құрылымын жасау қажеттілігі пайда болды.
1995 жылғы наурызда құрылған Қазақстан халықтары Ассамблеясы Президент өкілеттігін 2000 жылғы 1 желтоқсанға дейін ұзарту туралы референдум өткізу бастамасын көтерді. 1995 жылғы 29 сәуірде өткен референдумда дауыс беруге қатысқан еліміз азаматтарының 91,26 пайызы Н.Назарбаевтың Президенттік өкілеттігін ұзартуды қолдайтынын білдірді.
Референдумнан соң Қазақстан Президенті жаңа Конституция қажеттігі туралы мәселені қолға алды. 1995 жылғы 30 сәуірдегі Үндеуінде Н.Назарбаев елге не үшін жаңа Конституция керектігі және оның Қазақстанның бүгіні мен болашағы үшін қажеттігін өз көзқарасымен түсіндірді.
1995 жылғы 22 мамырда Қазақстан Республикасы Конституциясының жобасын қарау және заң тұрғысында бағалау үшін ол арнайы құрылған консультативтік кеңеске жіберіліп, 30 маусымда жалпыхалықтық талқылауға шығарылды. Бір айға созылған талқылау барысында 30 мыңға жуық ескертулер мен ұсыныстар қабылданып, Конституция мәтініне 1 100 түзету енгізілді. Сөйтіп, 1995 жылғы 30 тамызда жалпыхалықтық референдумға ел азаматтарының 81,1 проценті қатысса, оның 90 пайызға жуығы жаңа Конституцияны мақұлдап дауыс берді. Осылайша, мемлекеттік құрылыс сенімді саяси-құқықтық негізге ие болды. Конституцияға сәйкес, тәуелсіз Қазақстан демократияшыл, зайырлы, унитарлы, әлеуметтік-құқықтық мемлекет, президенттік республика деп жарияланды. Жоғары заң шығарушы орган – Сенаттан (жоғары палата) және Мәжілістен (төменгі палата) тұратын Парламент болып белгіленді.
1995 жылғы 5 желтоқсанда алғашқы Сенат сайлауы, 9 желтоқсанда Мәжіліс сайлауы өткізілді. Мәжіліс сайлауында – Қазақстан халық бірлігі партиясы 67 орынның 24-іне ие болып, Демократиялық партия – 12-орын, Шаруалар одағы – 7, Кәсіподақ федерациясы – 5, Жастар одағы – 3, Инженерлік академия – 5, Компартия 2 орын алды. Қазақстан халық конгресіне, Халықтық-кооперативтік партияға, Кәсіпкерлер одағына, Қазақстанның қайта құру партиясы мен «Невада – Семей» қоғамдық қозғалысына бір-бір орыннан тиді. Президент ұсынысы бойынша Сенат төрағалығына Ө. Байгелді сайланып, Мәжілісті М.Оспанов басқарды.
Жаңа Конституция бойынша Үкіметті Президент құрып, ол Президентке өз қызметі туралы жауап береді және Парламентке есеп беретін болды. Үкіметті Парламенттің мақұлдауымен Президент тағайындайтын Премьер-Министр басқарады. Республиканың Жоғары сот органы – жалпы юрисдикциядағы соттардың қызметін бақылайтын және сот практикасындағы кез келген мәселені түсіндіретін Жоғарғы Сот. Жоғарғы Сот мүшелерін Президенттің ұсынысы бойынша Сенат сайлайды, жергілікті судьяларды Президент тағайындайды. Міне, осылайша 1995 жылы қабылданған Конституция бойынша елдің құқықтық негізі жасалып, саяси және әкімшілік басқару жүйесі құрылды.
Жас мемлекет үшін экономиканы жаңаша қалыптастырудың маңызы зор. Осы тұрғыдан алғанда, Қазақстан заманға сай нарықтық экономика үлгісінің негізін қалау, жекеменшікті қалыптастыру жолында алғашқы қадамдарын жасап, кейін мұны ел экономикасының негізіне айналдыруды көздеді. 1991 жылғы маусымда Қазақ КСР-інің «Мемлекетсіздендіру мен жекешелендіру туралы» заңына қол қойылып, қыркүйекте соған сәйкес Мемлекеттік бағдарлама бекітілді. Ол бойынша сауда мен қоғамдық тамақтандыру, тұрмыстық қызмет және коммуналдық шаруашылық салаларындағы жекешелендіру, ұсақ кәсіпорындарды, автотранспорт, ауыл шаруашылығы және басқа да кәсіпорындарды жеке қолға беру мәселесі шешілген-ді.
Купонды механизмді қолдану арқылы тұрғын үй қорын жекешелендіру шарасы өтіп, қазақстандықтар аз ғана қаражатқа өздері тұрып жатқан пәтерлерін жекешелендіріп алды. «Қазақстан Республикасындағы мемлекетсіздендіру мен жекешелендірудің ұлттық бағдарламасы» соңынан 1993 жылғы 5 наурызда қабылданып, ол 1995 жылы аяқталған жекешелендірудің екінші кезеңін бастап берді. Қысқа мерзімде жүзеге асырылған кіші жекешелендіру жеке қолға негізінен жылжымайтын мүлік түріндегі 6 мыңнан астам объектіні берді. Осылайша, қазақ кәсіпкерлерінің қатары көбейе түсті (1991-1992 жылдары елде әртүрлі қызметтермен айналысатын 34 мыңнан астам жаңа фирма пайда болған еді).
Тәуелсіз экономиканы жүргізу үшін төл ұлттық валюта керек екені белгілі. Осы орайда Қазақстан басшысы Н.Назарбаевтың батыл шешімі аса маңызды болды. 1993 жылғы 1 қарашада ел билігі алғаш рет елдің алтын валюта қоры туралы ақпаратты жариялады, ал келесі күні ресми түрде рубль аймағынан шығатынын мәлімдеді. 12 қараша күні Президент Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстан Республикасының ұлттық валютасын енгізу туралы» Жарлыққа қол қойды. Сөйтіп, тәуелсіз Қазақстан мемлекетінің қалыптасуы мен дамуының өтпелі сәті болған кезеңнен өтіп, жаңа уақыт басталды. Әрине, төл валюта саясатын жүзеге асыру үшін мемлекет банк жүйесін жасау керек. 1990 жылғы 7 желтоқсанда Қазақ КСР Мемлекеттік банкі – жоғарғы деңгейде, ал төменгісінде коммерциялық банктер мен басқа да несие мекемелері тұрған қос деңгейлі жүйенің негізін қалаған «Банктер мен банк қызметі туралы» заң шықты. 1991 жылғы 20 маусымда Қазақ КСР Мемлекеттік банкі мемлекет меншігіне өтті және Ұлттық мемлекеттік банк болды. 1993 жылғы 13-14 сәуірде Жоғарғы Кеңес «Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі туралы», «Қазақстан Республикасындағы банктер мен банк қызметі туралы» жаңа заңдар қабылдады. Дегенмен олар да Ұлттық банктің тәуелсіздігіне кепілдік бере алмайтын. Іс жүзінде елдің банк жүйесін жүйелеуші үш деңгейге – Президентке, Үкіметке және Жоғарғы Кеңеске бағынатын еді. Ұлттық банк мәселесін шешудің сәті 1995 жылы ғана түсті. 1995 жылғы 30 наурыздағы «Қазақстан Республикасының Ұлттық банкі туралы» Жарлық Ұлттық банкті тек Президентке ғана бағынышты етті және сол арқылы оны әр тараптан жасалатын саяси қысымдардан қорғады. Тәуелсіздік алған Ұлттық банк сол жылдың өзінде инфляция қарқынын төмендетіп, оны 56 процентке дейін азайтқан қатаң монетарлы саясат жүргізе алды.
Елдің қаржы-қаражат жүйесін реттейтін саланың бірі − салық саласы. 1995 жылғы 24 сәуірде «Салықтар және басқа да бюджетке түсетін міндетті төлемдер туралы» Жарлық күшіне енді. Салықтар саны 11-ге дейін қысқарып, олардың орнына кірістің корпоративті салығы енді. Оның орташа мөлшері кезең-кезеңмен төмендетілді. Салыққа байланысты көзқарастың өзі де өзгерді – енді мемлекет одан мемлекеттік бюджетті толтыруды ғана емес, сондай-ақ инвестицияларды ынталандырудың, соған сәйкес өндірісті дамытудың тетігін көрді.
Тәуелсіз экономикасын дамытуды енді қолға алған мемлекетке сырттан инвестиция тарту маңызды. Бұл жөнінен Қазақстан дербес ел атанғаннан бастап тез іске кірісті деуге болады. Елімізде экономикалық дағдарыстан алып шыға алатын және инвестиция тартуға ыңғайлы мұнай-газ саласы еді. Алғашқы жұмыстар осы тарапта жүрді. Американың «Шеврон» корпорациясымен ұзаққа созылған келіссөз жүргізу нәтижесінде 1993 жылғы 6 сәуірде Алматыда «Теңізшевройл» бірлескен кәсіпорнын құру туралы келісімге қол қойылды. Әр тарап акцияның 50 пайызын алды, оның үстіне америкалықтар кен орнына ең кемі 20 миллиард доллар салуға міндеттенді. Бұл жас Қазақстанның бірінші ірі инвестициялық табысы болатын. 1993 жылы жеке жоба бойынша жекешелендірілген кәсіпорын – жағдайы қиын Алматы темекі компаниясы. Жаңа меншік иесі Philip Morris бюджетке 100 миллион доллардан астам қаржы құйды және өндіріске тағы да 240 миллион қосуға міндеттенді. Қысқа мерзімде жаңғыртылған кәсіпорын дағдарыстан шығып, жүйелі түрде жалақы төлеп, әлеуметтік бағдарламаларға белсенді түрде қатыса бастады.
Әлемдік металл нарығында берік орны бар тек ірі компания ғана комбинатты дағдарыстан шығара алатыны белгілі болатын. 1995 жылы оның жаңа меншік иесі – Қарметкомбинаттың 350 млн доллар көлеміндегі борышын жапқан үнділік алып – Ispat International N.V болды. Домна пештері қайта жөнделіп, технологиялық тораптар реконструкцияланды. Жан біткен комбинат екпінді түрде дами бастады. 1998 жылы ыстық мырыштау және алюминийлендіру цехтары қатарға қосылды. Осындай алып кәсіпорынды электр қуатымен, жылумен және шикізатпен қамтамасыз ету үшін Ispat International N.V 1996 жылы Қарағандыдағы ТЭЦ-2 және жергілікті мұнай шахталарының көп бөлігін сатып алды. Бұл компанияның 10 жылдың ішінде Қазақстан өнеркәсібіне салған жалпы қаржысы 1 миллиард доллардан асты.
Міне, осындай жүзеге асқан жұмыстар көп ұзамай жақсы нәтиже көрсете бастады. 1995 жылы өнеркәсіп 13 пайызға өсті. Экспорт импорттан 1 миллиард 250 миллион долларға артты. Отандық ауыл шаруашылығы өнімдерін сыртқы нарықта сату долларға шаққанда 2,5 есе өсіп, импорттан 1,7 есе артық болды. Әлеуметтік-экономикалық ахуалдың жақсарғанын қазақстандықтардың есепшотындағы ақша салымдарының өсу үрдісі дәлелдеді. 1995 жылы тұрғындардың банк салымдары 5-тен 12 миллиард теңгеге дейін өсті.
Қандай мемлекетте болса да қоғам мен саясатта тұрақтылыққа қол жеткізбесе, қабылданған шара мен істелген істің, жеткен жетістіктің бәрі баянсыз. Қазақстан басшылығы осыны тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында-ақ мықтап қолға алған. Сондықтан Қазақстан өзінің ішкі саясатының – бейбітшілік, келісім және бірлік деген негізгі үш принципін қалыптастырды. Қазір айтуға жеңіл болғанмен, сол күрделі кезеңде оны жүзеге асыру әлдеқайда қиын болатын. Алайда нәтиже көзге ұрып тұр: біздің жас мемлекетіміз 126 ұлт өкілінің (1989 жылғы халық санағы) берекелі ортақ шаңырағына, туған Отанына айналды. 1995 жылғы 1 наурызда Қазақстан Президенті Қазақстан халқы Ассамблеясын құру туралы Жарлыққа қол қойды. Сол арқылы басты міндеті мемлекет пен азаматтық қоғам институттарының әріптестігі негізіндегі этностар мүдделерінің бірігуін қамтамасыз ету, тиімді этносаралық қарым-қатынас жүргізу және ортақ саяси, құқықтық, мәдени орта қалыптастыру болып табылатын жаңа консультативті-кеңес органы құрылды.
Тәуелсіздікке қол жеткізу мен қоғамның демократиялануы бұқаралық ақпарат құралдарының дамуына айтарлықтай әсер етті. Егер 1990 жылы елімізде 500-ге жуық БАҚ тіркелсе, 1992 жылы олардың саны екі есе өсті. Ал қазір олардың саны 4 мыңға жуық.
Биыл өз Тәуелсіздігінің 30 жылдығын атап өткелі отырған Қазақстанның мемлекет ретінде жасаған бірнеше батыл қадамдары бар. Солардың арасында мемлекет, ұлт үшін аса маңызды және тұтас мемлекеттің жетістігі саналатын бірнеше ірі оқиғаны айтып өткен дұрыс.
Ядролық қарудан бас тарту − тәуелсіз Қазақстан тарихында алғашқы аса ірі тарихи оқиға деуге болады. Қазақстанның Семей өңірінде орналасқан ядролық сынақ полигон КСРО кезінде аса маңызды стратегиялық объекті ретінде саналған. Оны құру үшін 18 млн гектар жер бөлініп, сол жерге құрылған полигонда атом бомбалары сынақтан өтті. Тіпті, адамдарға, жануарлар мен табиғатқа тікелей зардабын тигізген ашық сынақтар жасалған. Кейін жарылыстарды жерастына жасаған. Семей маңындағы радиациялық әсер аймағында тұратын жарты миллиондай адам осы сынақтан азап шекті. 1989 жылғы ақпанда Семейдегі атом полигонын жабуды мақсат тұтқан «Невада–Семей» қозғалысы құрылып, оны ақын Олжас Сүлейменов басқарды.
Қазақстан Республикасының егемендігі туралы Декларацияда ел аумағы ядросыз аймақ деп жарияланған. Қазақстан Президенті Н.Назарбаев 1991 жылғы 28 тамызы күні Семей полигонын жабу туралы Жарлыққа қол қойды. 1991 жылғы 29 тамызда Семей ядролық полигоны жабылып, 1992 жылғы мамырда оның базасында Курчатов қаласындағы Ұлттық ядролық орталық құрылды.
2009 жылғы 30 қазанда БҰҰ Бас Ассамблеясының бірінші комитетіне Қазақстан 29 тамызды Бүкіләлемдік ядролық қарудан бас тарту күні деп жариялауды ұсынды. Қазақстанның бастамасымен, БҰҰ Бас Ассамблеясының қолдауымен бұл күн БҰҰ-ның күнтізбесіне енгізілді.
Қазақстанның мемлекеттік шекарасының бекітілуі − еліміздің ең басты жетістігінің бірі. Бұл – еліміз тәуелсіздігінің басты кепілі. Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігі мемлекеттік шекараны делимитациялау жұмысын 2007-2008 жылдар шамасында тәмамдауды жоспарлаған. Дегенмен ел басшылығының жанкешті ерік-жігерінің арқасында көп жылға созылған осы ауқымды жұмыс 2005 жылға қарай аяқталды. Осылайша, Қазақстан Ресей, Қытай, Өзбекстан, Қырғызстан, Түрікменстан елдерімен сәтті келісім жасап, мемлекеттік шекарасын халықаралық құжаттар негізінде бекітіп алды. Сөйтіп, Қазақстан заңды түрде рәсімделген 14 мың шақырымдық құрлықтық мемлекеттік шекараға ие болды. Оның 7 591 шақырымы – Ресеймен, 2 351 шақырымға жуығы – Өзбекстанмен, 1 783 шақырымы – Қытаймен, 1 242 шақырымы – Қырғызстанмен, 426 шақырымы Түрікменстанмен түйісіп жатыр.
Қазақтардың дүниежүзілік құрылтайы – тұрақты түрде өтетін Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығының ең жоғары органы. Алматы қаласында 1992 жылы 28 қыркүйек пен 4 қазан аралығында дүниежүзі қазақтары өкілдерінің қатысуымен құрылтай өтті. Құрылтай қарсаңында қазақ ұлтының саны 10 млн 537 мыңға жеткен еді. Дүниежүзі қазақтарының құрылтайына ТМД елдерінен 350 адам және көптеген шетелдерден делегат қатысты. Осы құрылтай негізінде Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы құрылып, оның төрағасы болып Н.Назарбаев сайланды. Құрылтай одан бері Түркістанда, Астанада өтті. Бұл орган дүниежүзі қазақтарының өзара байланысын нығайтып, шеттегі қазақтардың елге оралуына зор ықпал етті. Елге оралған қазақтар туралы қысқаша айтсақ, 1991 жыл мен 2019 жылғы 1 қазандағы жағдай бойынша 314 017 отбасы немесе 1 057 343 қандасымыз елге оралды. Қандастарымыздың негізгі бөлігі Өзбекстаннан (61 пайыз) оралды. Одан бөлек, 13,2 пайыз – ҚХР, 11,3 пайыз – Моңғолия, 7 пайыз – Түрікменстан, 3,7 – Ресей және 3,8 пайыз басқа елдерден. Елге келген қандастарымыздың орналасуына келсек, Түркістан облысы – 21,2 пайыз, Алматы облысы – 17,6 пайыз, Маңғыстау облысы – 12,9 пайыз және Жамбыл облысы – 9,2 пайыз. Қазақстанға келген қандастардың 56,4 пайызы еңбекке жарамды, кәмелет жасына толмағандар – 38,8 пайызды, зейнеткерлер 4,8 пайызды құрады.
Ел астанасының Арқаға көшірілуі − Қазақстанның Тұғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың аса маңызды саяси шешімі еді. ХХ ғасырда қазақ елінің астанасы Орынбор, Қызылорда, Алматы қалаларына кезек-кезек ауысып, бірнеше рет өзгерген. Бірақ бұлардың бәрі де геосаяси жағынан тиімді болған жоқ. Әлемде «тоғызыншы территория» аталатын жер көлемі аса үлкен Қазақстанды біресе ана шетінде, біресе мына шетінде тұрып басқару оңтайлы емес еді. Осыны ескерген Нұрсұлтан Назарбаев халқы аз, жері үлкен елді оңтайлы басқарудың жолы − ел астанасы елдің ортасында тұру керек деп шешті. Сөйтіп парламенттің қолдауымен Қазақстан Президенті ел астанасын Ақмола қаласына көшіруге шешім қабылдады. 1995 жылы 15 қыркүйекте Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстан Республикасының астанасы туралы» заң күші бар Жарлығы жарияланып, 1997 жылы 20 қазанда Қазақстанның жаңа астанасы Ақмола қаласы болғанын ресми түрде жариялады. 1997 жылы 8 қарашада Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздері мен Президент байрағын Алматыдан Ақмола қаласына шығарып салудың салтанатты рәсімі өтті. 1997 жылы 3 желтоқсанда Қазақстан Республикасының Премьер-Министрінің кеңсесі Ақмолаға көшті. Сол жылғы 9 желтоқсанда Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Ақмолаға ресми түрде аттанды. 1998 жылы 6 мамыр күні Президент Жарлығымен Ақмола қаласының аты Астана болып аталды. Қаланың Қазақстан Республикасының астанасы ретіндегі ресми тұсаукесері 1998 жылы 10 маусымда болып өтті. 2019 жылы наурыздың 20 жұлдызында Астана қаласының аты ресми түрде Нұр-Сұлтан деп өзгертілді. Ел астанасының Арқаға көшіп − елдің қақ ортасына орналасуы стратегиялық жақтан өте маңызды болды. Сол арқылы солтүстік өңірге қазақтардың шоғырлануы артты. Және жаңа астана Қазақстанның брендіне айналып, елді әлемге танытуда зор рөл атқарды. Қазір ел астанасы Нұр-Сұлтан қаласы халқы миллионнан асып, қысқа уақытта мегаполиске айналған әлемге танымал қалалардың бірі.
Қазақстанның әлемдік ұйымдарға жетекшілік етуі мен Қазақстанда өткен әлемдік шаралар еліміздің әлемге танытқан оқиғалар болғаны анық. Ретімен тізбелеп көрсетсек, 2010 жылы Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына (ЕҚЫҰ) – Еуропада, Орталық Азияда және Солтүстік Америкада орналасқан 56 елдің басын біріктіретін ірі аймақтық ұйымға төрағалық етті.
1995 жылы Ислам ынтымақтастығы ұйымының толық құқылы мүшесіне айналған Қазақстан, Астанада 2011 жылғы 28-30 маусымда Ислам ынтымақтастығы ұйымы Сыртқы істер министрлері кеңесінің (СІМК) 38-сессиясы өткеннен халықаралық ұйымға төрағалық етуге кірісті. Бұл тарихи басқосуда Ислам конференциясы ұйымы атауын (ИКҰ) Ислам ынтымақтастығы ұйымы (ИЫҰ) деп өзгерту туралы шешім қабылданды және Адам құқықтары жөніндегі тұрақты комиссия құрылды. Алғаш рет ИЫҰ-ның Орталық Азиямен ынтымақтастық жөніндегі іс-әрекет жоспары қабылданды.
1996 құрылған халықаралық ұйым − Шанхай ынтымақтастық ұйымына Қазақстан екі рет (2010-2011, 2016-2017 жылда) төрағалық етті. Құрамында Қазақстан, Қырғызстан, Қытай, Ресей, Тәжікстан, Өзбекстан елдері кіретін және Үндістан, Пәкістан, Иран, Моңғолия бақылаушы ретінде қатысатын бұл ұйым 2004 жылы ШЫҰ БҰҰ-ның Бас Ассамблеясында бақылаушы ұйымы мәртебесін алды.
1992 жылғы 2 наурызда Біріккен Ұлттар Ұйымына мүшелікке қабылданып, 2016 жылғы 28 маусымда БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің 2017-2018 жылдардағы тұрақты емес мүшесі болып сайланған Қазақстан 2018 жылы 1-31 қаңтар аралығында тарихта тұңғыш рет Біріккен Ұлттар Ұйымының Қауіпсіздік Кеңесі Төрағасының өкілеттілігін орындады.
Еуроазияның кіндігінде орналасқан Қазақстанда 2010 жылғы 1-2 желтоқсанда өткен ЕҚЫҰ Астана саммиті, VII Қысқы Азия ойындары (Азиада 2011 жылғы 30 қаңтар-7ақпан аралығы, Алматы мен Астана), Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съездері (2003, 2006, 2009, 2012), EXPO-2017 – (Қазақстанның елордасы Астана қаласында Халықаралық көрмелер бюросы (ХКБ) ұйымдастырған Халықаралық көрме) секілді үлкен жиындар да елімізді әлемге танытқан оқиға болды.


Қазақстанның Тұңғыш Президенті –
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың
еңбектері негізінде дайындаған
Ахмет ӨМІРЗАҚ