Қандастар – қазынамыз!

Қандастар – қазынамыз!

Қандастар – қазынамыз!
ашық дереккөзі
Қазақстанға келген этникалық қазақтардың қоғамға бейімделуіне және кірігуіне қолдау көрсету және көмектесу, шетелдегі қандастардың қазақ ұлттық мәдени орталықтары жұмысын ұйымдастыруына, қазақ тілін, салт-дәстүр, әдеп-ғұрыпты үйренуіне сонымен қатар мәдени-ағарту және басқа да шаралар өткізуіне қолдау жасай отырып әлем қазақтарын тарихи отан төңірегіне ұйыстыруды мақсат тұтқан «Отандастар Қоры» коммерциялық емес акционерлік қоғамы мен Елбасымыз өзі басқаратын Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы бірлесе көптеген ауқымды іс шараларды жүзеге асырып келеді. Президентіміз Қ.Тоқаевтың тапсырмасымен 2019 жылы Қазақстан Үкіметі жанынан шетелдегі отандас қандастарымызбен мәдени-гуманитарлық байланыс, қарым-қатынастарымызды тұрақты дамыту жөнінде ведомствоаралық комиссия құрылып, Премьер-Министрдің орынбасары Е.Тоғжанов басшылық етуде. Оған себеп шетелдегі қандастар мен тарихи отанына тұрақты тұруды мақсат тұтып көшіп келген қандастарды қолдап қамқорлық таныту қазақ елі үшін күн тәртібінен түспейтін өзекті мәселелердің бірі екені. Сондықтанда: Отандастар қоры жанында «Байланыс орталығы» қандастарға ұялы қоңыраулар үшін 1404, Қазақстан бойынша 8-800-080-1404, Қазақстан және шетелден шалынатын қоңыраулар үшін +7 7172 981404 WhatsApp және Telegram мессенджерлері арқылы хабарламаларды жұмыс уақытында азаматтық құқықтық, әлеуметтік көмек, төлем ақы алу, баспана мәселесі, бейімдеу орталығы, білім бойынша, виза алу/создыру, еңбек-жұмыспен қамтылу, жеке кәсіпкерлік бойынша, жер мәселесі, зейнетақы, Қазақстан азаматтығын алу, тұрақты тіркеуге тұру, құжат мәселесі/нострификация, мәдениет-медицина саласы, қандас мәртебесі/куәлік алу, отандастарды Қазақстанға қоныстандыру, өңірлік квота бойынша, уақытша тіркеуге тұру, Ықтиярхат алу, басқада мәселелер бойынша тұрақты қабылдап қандастарға жан-жақты көмек көрсету және мәселелердің оңтайлы шешілуін соңына дейін бақылауда ұстап ықпалдастықпен жүйелі жұмыс жүргізуде. Осындай мәселелер шешімін табу жолында Әлем елдеріндегі мәдени орталықтары және «Nur Otan» партиясы, облыс әкімдіктерімен өзара бірлесе ынтымақтастық-меморандум жасалып нәтижелі іске асып келеді. Бүгінгі технология дамыған ақпарат-мәліметтер алу озық үлгі жүйеде қызмет көрсетіп тұрған заманда, шетелде тұратын 7 милионға жуық қандастарымыз сымсыз байланыс арқылы қандайда бір қажеттілігіне, күнбе-күн қол жеткізіп біліп отыратыны да өмір шындығы. Елбасымыз - «Қайда жүрсе де қазақтың тарихи отаны біреу-ақ. Ол – Қазақстан» деген болатын. Сондықтан, шетелде тұрып жатқан қандас ағайындарымыздың көбісінің басты мәселесі ана тілі мен қазақтың салт-дәстүрінен ажырамай жастардың әсіресе балалардың санасына сіңіріп сақтап қалу болып тұр. Азия мен Еуропаның біраз елінде тұратын қазақтардың балалары мен жастары ана тілінде мүлдем сөйлемейді. Шетелдік азаматқа тұрмысқа шыққан қаракөз қыздарымыз бен шетелдік қыздарға үйленген ұлдарымыз да жоқ емес. Мына жаңа заман жаңа қоғамда айтқаныңмен жүретін жастар да некен саяқ, бұл жағдай бәрімізге мәлім екені де шындық. Қазақта: «Түйінді шешу мүмкін болса, алаңдап қажеті жоқ, егер түйінді шешу мүмкін болмаса оған алаңдаудың мәні жоқ»,- деген дана сөз бар. Біз де қандас ағайындардың ұсыныс-пікір, сын-ескертпелерін ескере отырып, көшіп келемін дегендеріне де, әзірше қоныс аудармай қалыпты жағдайда қазақилығымызбен, ана тіл, салт-дәстүр, ұлттық құндылықты сақтауға қажет мүмкіндіктерін жасап ықпал етудеміз. Сол үшін де індеті, пандемия шектеулері кезінде де шетелдегі қандастарымызбен онлайн байланыста болып қазақ тілін үйрену әдістемелік курстар ұйымдастырдық. Ұлттық құндылық салт-дәстүрлеріміз бойынша арнайы бағдарлама шеңберінде оқулар өткіздік, пікір сайыс алмастырдық. Видео жазба таспалары, кассеталар, кітап, құралдарын жеткізіп бердік. Десе де, туып өскен еліндегі табиғат жаратылысы мен қоғамдық орта, ата-ана, білім алған ордасынан қалыптасқан менталитет болмысына Отандық тәлім-тәрбие, ілім-қасиетін беру ұзақ жыл мен уақыт талап ететін орасан зор еңбек екенін де өмір өзі көрсетіп үйретіп жатыр. Бұл өте күрмеуі көп күрделі мәселе. Мінсіз түзу ағаш сирек болатыны сияқты адал адамдар да сиреп кеткен заман ба дерсің. Олай деуге себеп те жоқ емес. Бұрындары келіп алған, тірлік тіршіліктері бар ағайындар арасында артқы келгендеріне сара жол көрсетіп көмек қолын созатын жандар болғанымен, өз мүддесі үшін қандасын алдап арбап алаяқтық жасап арам ниет-пиғылдарын жүзеге асыратындары да кездесіп жатады. Ал балалары ана тілінде білім алып, салт-дәстүрлерін қалт жібермей қаз қалпында ұстаған, ата кәсіптерін дамытуда, діні мен ділін ұстануда еш кедергісіз күй кешіп Отандарына қазақтың тұнып тұрған тұлға, ұлылығын алып келіп ортамызға қосылып жатқан қандас ағайындарымыз ұлтымыз, еліміздің мақтанышы. Қазір демократия дамыған ашық қоғамда еркіндікте бейбіт өмір сүріп, ұрпақтар тоғысқан ұлылықты бастан өткізіп жатырмыз. Отан-отбасынан басталатыны да шындық. Сынап-мінеп, сын-пікір айтатындар арасында өз отбасы мен ағайын туысына қолдау, қамқорлық көрсете алмаған жандарда кездесіп жататынын жасырудың қажеттігі де шамалы дегім келеді. Өріп жүрген делдалдар, жемсаулар көші-қон үрдісі мен қандастарымыздың ортаға оңтайлы бейімделіп кетулеріне келеңсіздіктер туындатып, арасынан нәпақа тауып қалуға ұмтылатындары да жоқ емес. Ондай жандарды бақылауда ұстап жұмыс жасалуда. Бұл іске адалдығымен араласып, заң талап қағидалары сақталуына құлшына ат салысып жүрген қандастар да баршылық. Қалай десекте қандастарымыздың Отанына деген көзқарастары іскерлік әрекеттерімен игі ниеттеріне сай оң бағасымен үйлесімін тауып жататындары қуантады. Қандастарымызбен қазанымыз қайнап, берекеміз арат берсін!

Мағауия САРБАСОВ, «Отандастар Қоры» КеАҚ-ның вице-президенті