477
«Шымкент аруы - 2016» байқауының жеңімпазы анықталды
«Шымкент аруы - 2016» байқауының жеңімпазы анықталды
Шымкентте қала күніне арналған мерекелік шара аясында облыстық опера және балет театрында «Шымкент аруы - 2016» ұлттық арулар байқауы өтті.
Қала әкімдігі тарапынан ұйымдастырылған сұлулар сайысына шаһардағы 16-23 жас аралығындағы 16 қыз қатысып, өзара бақ сынасты.
Айта кетерлігі, 1997 жылдан бері өткізіліп келе жатқан дәстүрлі байқау үш кезеңнен тұрды. Бірінші қатысушылар шығармашылық тұрғыда өзін таныстырса, екінші кезекте зияткерлік байқауында білімділігін паш етті. Ал соңғы тур сән шоуына ұласты. Үш кезеңнің қорытындысына сай үш номинация бойынша жеңімпаздар таңдап алынды. Байқауда бәсекелестікті арттыра түсу үшін бағалау тәсіліне онлайн дауыс беру әдісі қосылды.
Осылайша қазылар шешімімен «Шымкент аруы - 2016» байқауының жеңімпазы Бекжігіт Тоғжан, І-ші вице мисс Файзулла Айыпжан, ІІ-ші вице мисс Дайана Сәдуақасова атанса, көрермен көзайымы аталымында Салима Бейсенғалиеваның мерейі үстем болды.
Аталмыш байқау жеңімпаздарына 165 мың теңге көлемінде жүлде қоры белгіленген. Сондай-ақ, сұлулар сайысының бас жүлдегері алда өтетін республикалық «Қазақстан аруы» байқауына жолдама алды.