368
“Nur Otan” Алматыда сайлауалды уәделердің орындалуын бақылайтын болады
“Nur Otan” Алматыда сайлауалды уәделердің орындалуын бақылайтын болады
Бүгін Алматы қалалық филиалының Саяси кеңес Бюросының мүшелері «Nur Otan» партиясының Алматы қаласы бойынша сайлауалды бағдарламасын орындау жөніндегі Жол картасын бекітті.
Бюро отырысында партия филиалы мен депутаттық фракция мүшелеріне ай сайын нысандарға барып, Жол картасының жүзеге асырылу барысын бақылау тапсырылды. Nur Otan депутаттары аталған іс-шаралардың қорытындысы бойынша әрбір нысан туралы толық ақпарат ұсынуы қажет.
Осылайша, депутаттардың жұмысы ашық әрі айқын болады. Депутаттық фракция мүшелері мен жауапты мемлекеттік органдар әр алматылық орындалған істердің нәтижесімен танысып, оларды бағалау үшін сайлауалды тұғырнаманың әрбір бекітілген бағыты бойынша тоқсан сайын есеп беретін болады.
«Бізді мегаполистің әрбір тұрғынының өмір сүру деңгейін арттыру бағытындағы ортақ мақсат біріктіреді. Бүгінде депутаттар сайлау алдындағы берген уәделердің орындалуын бірінші кезекте қарастыратын болады. Партияның қалалық филиалы екі миллионнан астам алматылықтардың өмірін жақсартуға мүмкіндік беретін Жол картасының жүзеге асырылу барысын толық бақылауға алады», - деп атап өтті Nur Otan партиясы Алматы қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Мейіржан Отыншиев.
Естеріңізге салсақ, кеше партия фракциясының отырысында мегаполисті дамытудың он екі драйверіне негізделген Алматы қаласы бойынша сайлауалды бағдарламаны іске асыру жөніндегі Жол картасының жобасы ұсынылған.