736
«Тілді бұзып емлеге ыңғайлау емес, емлені тілге ыңғайлау керек»
«Тілді бұзып емлеге ыңғайлау емес, емлені тілге ыңғайлау керек»
Филология ғылымдарының кандидаты, Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының директоры Анар Фазылжанова латын таңбасына негізделген жаңа қазақ әліпбиі жайындағы бірер сайтқа сұхбат берген екен.
Рас, сұхбатта ол айтқан пікірлердің бірсыпырасымен келісуге болады. Мәселен «Ң» әрпін «Ň» деп алмай, «Ŋ» деп таңбалайық деген пайымы жөн-ақ. Алайда бұл мәселенің бергі жағы ғана.
Қазір латын әліпбиіне көшеміз бе, көшпейміз бе деген әңгіме ескірген, қазіргі әңгіме «Ана тіліміздің табиғатына сай әліпбиімізді қалай неғұрлым дұрыс жасаймыз?» болу керек. Мен оның сұхбатынан осыған байланысты пікір айта ма деп күтіп едім. Алайда Анар Фазылжанова филология ғылымдарының докторы, профессор Әлімхан Жүнісбек ұсынған дұрыс жобаны жөнсіз сынап, ол айтпағанды айтты қылып, қиянат жасады.
Оның айтуынша, Әлімхан Жүнісбек төл сөздердегі «У» әрпін «W» таңбасымен (СУ – СҰУ – SUW), кірме сөздердегі «У» әрпін «U» таңбасымен (УРАН – URAN) жазуды ұсынады екен. Яғни, бір дыбысты екі жағдайда екі түрлі таңбамен. Олай жазатын болсақ, бала төл сөз бен кірме сөзді бір-бірінен ажырата алуы керек. «Бала төл сөз, кірме сөз дегенді білмейді ғой?», – дейді Анар. Бірақ Әлімхан Жүнісбек өз жобасында «У» әрпі төл сөзде кездессе «W» таңбасымен, кірме сөзде кездессе «U» таңбасымен жазайық демеген ғой. Ол кез келген сөздегі (төл сөз бе, кірме сөз бе, бәрібір) «У» әрпін «W» таңбасымен (егер сөз басында немесе дауыссыз дыбыстан соң келсе «Ұ»/«Ү» әрпімен қосарлап) жазайық деген. Былай: СУ – СҰУ – SUW, УРАН – ҰУРАН – UWRAN. Мұндай жағдайда «СУ»-ды төл сөз, «УРАН»-ды кірме сөз деп кім бөледі? Ал Фазылжанова болса, «біздің жобада (өзі қолдап отырған 4-ші нұсқаны айтады – ред.) баланың төл сөз, кірме сөз туралы білуі қажет емес, ал Әлімхан Жүнісбек ұсынған жоба жағдайында оқушы бала мұны білуі керек болады» деп, адам таңғалатын пікір айтады.
Одан әрі ол: «Әлімхан Жүнісбек «U» таңбасымен «У» дыбысын да, «Ұ» дыбысын да таңбалайды, сөйтіп екі түрлі дыбысқа бір графикалық таңба беріп тұр. Сонда уран деген сөзді «УРАН» деп оқимыз ба, әлде «ҰРАН» деп оқимыз ба? Бұл баланы шатыстырмай ма?» деп соғады. Расында бұлай болса, бала тұрмақ, үлкендер де шатасар еді. Бірақ Әлімхан Жүнісбек олай демеген. Ол «У» дыбысына «W», «Ұ» дыбысына «U» таңбасын ғана берген.
Күлесің бе, жылайсың ба? Дұрысы – жылаған. Өйткені айтпағанды айтты қылып бұрмалап тұр. Мұндайды жала жабу дейді.
Әлімхан Жүнісбек «СУ» деген сөзді «СҰУ»/«SUW» деп жазайық дейді. Ол ғана емес, қазақ тілінің табиғатын түсінетін басқа ғалымдардың да ойы сол. Ал Анар Фазылжанова ана тіліміздің әуезін түсінетін Әлімхан Жүнісбек сияқты сол ғалымдардың «СҰУ», «МЫЙ» және т.б. деп жазайық дегенін кемшілік дейді. Жай кемшілік деп қоя салмайды, үлкен кемшілік дейді. Ол «Әлімхан Жүнісбек екі әріппен жазатын сөзді таратып үш әріппен, үш әріппен жазатын сөзді таратып бес әріппен жазуды ұсынып отыр. Бұл қазіргі ақпарат заманында қаншалықты қажет? Үнемдеу принципіне сүйеніп оптимальды нұсқаны таңдауымыз керек», – дейді. Мәселені терең түсінбейтін көпшілікке оның бұл пікірі қатты ұнап қалуы мүмкін. Әрине, үнемдеп жазған жақсы, бірақ дәл осы үнемдеудің пайдасынан зияны көп екенін ескеру керек. Көпшілік осыны түсіне алмайды.
«СУ» деп жазсақ та, «СҰУ» деп оқимыз дейді Анар. Оқуын оқырмыз-ау, ал жазғанда буынға қалай бөлеміз? Мәселе сонда ғой. «ҰУ/ҮУ» дыбысы бар екі буынды «СУЫҚ» деген сөзді буынға бөліп көрейікші. «СУ-ЫҚ» па, әлде «СҰУ-ЫҚ» па? «СУ-ЫҚ» деп бөлсек, онда «У»-ға амалсыздан дауысты дыбыс мәртебесін беруге мәжбүр боламыз. Одан басқа да неше қилы еміле кереғарлығымен бетпе-бет келеріміз анық. Ал «СҰУ-ЫҚ» деп бөлсек, «У»-дың дауыссыз екені соқырға таяқ ұстатқандай. Басы артық ереженің қажеті жоқ.
Анар бұл жерде «У» дыбысы бұрынғыша бір жағдайда дауысты болып, екінші бір жағдайда дауыссыз болып, құбылып тұрғанын дұрыс демекші ме? Егер олай болса, барлық еңбек зая емес пе?
Анар Фазылжанова «ИТ» сөзін Әлімхан ағайша «ІЙТ» деп жазбай, кирилдегі базалық норманы (өз сөзі) сақтап «ИТ» деп жазу керек дейді. Ал «ЫЙ/İЙ» дыбысы бар екі буынды сөз жазып көрелікші. Мәселен, «ҚИЫН» деген сөзді дәл осы тұрған тұрысымен буынға қалай бөлеміз? «ҚИ-ЫН» деп пе, әлде «ҚЫЙ-ЫН» деп пе? Буынға «ҚИ-ЫН» деп бөлсек, онда кирилдегі «И»-ге амалсыздан дауысты дыбыс мәртебесін беруге мәжбүр боламыз. Одан басқа да неше қилы еміле кереғарлығымен бетпе-бет келеріміз анық. Ал «ҚЫЙ-ЫН» деп бөлсек, «Й»-дің дауыссыз екені соқырға таяқ ұстатқандай. (Қазақ тіліндегі /кирилдегі/ дауысты «И» деп жүрген әріп ғайыптан пайда болып, дауыссыз «Й»-дің «ЫЙ/İЙ» деген атын алып қойған. Сол себепті «Й» сорлап, атсыз қалған. Негізі, «И» бар нәрсе емес, бар болғаны «Й»-дің елесі ғана.)
Олай болса Анар осы «Й/Y» дыбысының елесін сақтап қалғысы келгені ме? Бұрынғыша бір жағдайда дауысты болып, екінші бір жағдайда дауыссыз болып (бірі ҰЗЫН екіншісі ҚЫСҚА болып) (қандай түсініксіз ереже десеңші), құбылып тұрғанын дұрыс дегені ме? Егер олай болса, барлық еңбек зая емес пе?
Жалпы редакциясын өзі басқарған «Жаңа ұлттық әліпби негізінде қазақ жазуын реформалау» атты монографиялық еңбекте «У/W» мен «Й/Y» дыбыстары дауыссыз дыбыс ретінде танылғанын ескермегеніне таңғаласың.
– Мына таңба, – дейді ол бір кезде «İ» таңбасын көрсетіп, – ол кісілердің әліпбиінде «İ» деп те оқылады және «И» деп те оқылады.
Солай деп мысал келтірді. «Мына сөзді (İNİ) жазсақ – ІНІ, ал мына (İNSTİ) сөзді жазсақ – ИНСТИ(ТУТ).
Әлімхан Жүнісбек ұсынған «Ұлттық жобаны» тағы бір қарадым. Мүмкін мен жаңылысқан болармын. Жоқ! Мұнда бәрі анық, «İ» дыбысы «İі» таңбасымен, «ЫЙ/İЙ» дыбысы «Yy» таңбасымен берілген. Анар айтқандай «İ» таңбасы кейде «Іі» дыбысын, кейде «И» дыбысын беріп тұрған жоқ. Ол мұның алдында: «Ағайдың жобасында былай жазылады» (İЙТ – İYT) деп, «Y» таңбасын «қысқа й» деп атады. Сөйтіп «Ол кісілердің әліпбиінде «İ» «И» болып оқылады» деген өз сөзіне өзі қарсы келіп қалды. Оның үстіне «И»-ді «қысқа й» деп атаудың өзі жаңа қазақ әліпбиі жағдайында өрескел қателік. Өйткені жаңа әліпбиде «ұзын и» деген болмайды. Жалғыз ғана дауыссыз «Й» бар.
Анар мұнымен тоқталмайды. Былай дейді:
– Мысалы тире деген сөзді жазайын. ТİRE. Мұны бала білмейді. «ТІРЕ» ме, жоқ «ТИРЕ» ме? Бұған еміле ережелерін жасау өте қиын. Өте қиын, – дейді түңіліп.
Екі дыбысты бір таңбамен таңбаласаң, оған еміле жазу, әрине өте қиын болмақ. «ТІРЕ, ТИРЕ» мәселесін Анар Фазылжанова қайдан алып айтып тұрғанын қайдам, ал Әлімхан Жүнісбек жобасында ондай жағдайдың жоғы анық. Ендеше неге жоқты бар қылып, былықтырып тұр? Мақсаты не? Осының өзі от пен судың ортасында қалып тұрған жоқ па? Жұрттың бәрі түсінетін басы ашық нәрсені қасақана бұрмалайтындай не көрінді?
Сөйтсем, Әлімхан Жүнісбектің қатесі деген қателердің бәрі соңғы, өзі қолдап отырған 4-ші нұсқада жүр. Қызық. Қай нұсқа кімдікі екенін Анар Фазылжанованың өзі шатастырып отыр ма?
Енді әліпбиімізге талақша жабысқан «Ф» «Х», «Һ», «В» кірмелеріне келейік. Анар қолдап отырған соңғы 4-нұсқада аталған төрт кірме әріп бар, Әлімхан Жүнісбек нұсқасында олар жоқ. Екі жобаның арасындағы басты айырмашылық осы ғана. Бұдан басқа соңғы нұсқада «Й», «Ң», «Ш, «У», «Ы» әріптерінің кейбірі басқа таңбамен таңбаланған, кейбірі сәл ғана өзгертілген. Қалғаны Әлімхан Жүнісбек нұсқасымен бірдей.
Анар осы кірмелерді сақтап қалу үшін жанын салып жүрген сыңайлы. Алайда дәлелдері тәлтіректеп тұр. Оның «ХЫ»-ны қорғағанына күлмеске ылажың қалмайды. Мысалға ол «ХАН», «ҚАН» деген екі сөзді алады. Егер екеуін де «ҚЫ»-мен жазып, «ҚАН» десек, ел билеуші адам ба, әлде «КРОВЬ» па, мағынасын адам айыра алмайды дейді. Айтылуы, дыбысталуы бірдей, мағынасы әртүрлі омоним сөздер бізде жеткілікті ғой. Оның мағынасын мәтінді оқып отырғанда түсінбейтін бе едік? Мысалы «АРЫҚ» қазды. «АРЫҚ» адам. Сол сияқты: «Есім ҚАННЫҢ ескі жолы...». Түсінікті емес пе?
Оның «Ф» таңбасын қорғауы да осыған ұқсас. «ФАРАБИДІ қалай PARABİ/ПАРАБИ деп жазамыз?» дейді. Бәлі, айтады-ақ. Ғалым айтатын сөз бе бұл? Оны ФАРАБИ демейді, дені дұрыс қазақ «П»-мен ПАРАБЫЙ деп жуан айтады. «Ф» тұрған себепті сөздің құйрығы сиырқұйымшақтанып жіңішкеріп кеткен.
Кірме дыбыстардың тіл үндестігі заңын қалай бұзатынын, қалай қирататынын тіл мамандары жақсы түсінеді. Дегенмен баршамызға белгілі мына ережені қарапайым оқырман үшін тағы бір еске ала кетейін.
«Тіл кейін шегініп, үсті дөңестену арқылы жасалатын дауысты дыбыстарды жуан дауыстылар дейміз.
Тіл ілгері қарай созылу арқылы жасалған дауысты дыбыстарды жіңішке дауыстылар дейміз».
Демек, үндестік заңына бағынатын, құрамында бірнеше біркелкі (не жуан, не жіңішке) дауысты дыбыс бар таза қазақ сөзін айтқанда ауыздағы қызыл тіл бір ғана қимыл жасайды. Не кейін шегінеді, не ілгері қарай созылады. Толық бір сөзді тілімізге бір ғана қимыл жасату арқылы еркін, қиналмай айта аламыз. Ал ВАЗЕЛИН, ХАКІМ, ФОЙЕ, ФИЗИКА сияқты біресе жуан, біресе жіңішке дауыстылармен айтуға мәжбүрлейтін, үндестік заңын қасақана бұзып тұрған сөздерді айтқанда тіліміз біресе кейін шегініп, біресе ілгері қарай созылып бірнеше қимыл жасайды. Сөйтіп ауыз ішіндегі қызыл тіл байлаудағы ызалы иттей аласұрып кетеді.
Ал қазақтың тілі жалпақ тіл. Аз қимыл жасаса да қиналмай, тілді ауыз ішінде аласұртпай, ойнақшытпай, жәй ғана бір мәрте не кейін шегіндіріп, не бір мәрте ілгері созып, толық бір сөзді әуезді етіп айта алады. Ал кірме дыбыстар қазақ тілінің осы өте қарапайым, қарапайым болса да өте ұтымды тілдік механизмін (қозғалысын) қиратушы терроршылар.
Ерін үндестігі туралы тіпті ұмытуға айналдық. Оны ұмыттырып тұрған да сол кірме дыбыстар. «Бүкіл қазақ даласы ән салып тұрғандай» деген әйгілі сөзді (біреу оны Затаевич айтқан дейді, екінші біреулер Потанин айтты дейді, мейлі кім айтса, ол айтсын) білмейтіндер әнге қатыстырып жазып жүр. Бұл тіркестің әнге мүлдем байланысы жоқ. Қазақ тілінде ерін үндестігі заңы бұзылмай тұрғанда бабаларымыздың өзара сөйлесіп отырғанының өзі ән әуезіндей құлаққа жағымды болып естілген. Міне, осындай әуезді тілімізден айырылдық қой. Одан айырған кірме дыбыстардың тепкіні.
Мұның салдары сол, кірме сөздерді қазақтың төл дыбыстарына икемдемей, кірме дыбыстармен айта берсек, онда бір заманда тіліміздің емле заңдылығы адам түсініп болмайтын қойыртпаққа айналады. Жиырмасыншы ғасырдың басында бір-бірімен аудармашысыз еркін сөйлесе беретін түркі халықтары қазір бірін-бірі неліктен түсіне алмай қалды? Міне, кірме дыбыстар тілі бір түркі халықтарын осылайша бір-бірінен алшақтатып бара жатыр. Біз, бауырлас елдер, біріміздің әдебиетімізді біріміз аударатын сұмдық жағдайға тап болдық.
Ахмет Байтұрсынұлының «...тілді бұзып емлеге ыңғайлау емес, емлені тілге ыңғайлау керек» дейтіні – осы.
Әліпбидің осы төртінші нұсқасына еніп кеткен кірме әріптердің көзін құртпай Ақаңның асыл ойы өлсек те орындалмайды.
Нұрлыбек САМАТҰЛЫ,
жазушы
редакциядан:Қазір латын қарпіне көшу жөнінде қоғамда талқылау болып жатыр. Бұл ұлттық сипаттағы аса ауқымды жұмыс болғандықтан реформаға ғалымдар, тіл мамандары, журналистер, қоғам белсенділері өзіндік көзқарасын білдіреді. Біз бұл мақаланы жариялағанымыз автордың пікірін қолдайтынымызды білдірмейді. Мәселеге қарсы тараптың да айтар уәжі бар болса мінбер ұсынамыз.