444
Қырғыз билігі президенттік басқаруға көшуде
Қырғыз билігі президенттік басқаруға көшуде
Қырғыз Республикасының жаңа президенті Садыр Жапаров 28 қаңтарда қызметіне ресми түрде кіріскеннен кейін ел заңнамаларына сәйкес, 3 ақпанда республиканың жаңа үкіметі жасақталды. Қолданыстағы Конституция бойынша бұл іс Жоғарғы кеңестің құзыретінде. Жоғарғы кеңестің көпшілік коалициясы парламенттегі «Ата-Жұрт» партиясының бастамасымен жасақталған жаңа үкіметтің құрамына, бағдарламасына келісіп, президенттің қол қоюына ұсынылған. 3 ақпанда президент Садыр Жапаров үкімет мүшелерін тағайындау жөнінде жарлықтарға қол қойды. Қырғыз Республикасы премьер-министрлігіне Ұлықбек Марипов, бірінші премьер-министрлікке Артем Новиков бекітілді. Жаңа үкіметте бір ғана вице-премьер-министр лауазымы бар. Оны Экономика және каржы министрі Ұлықбек Қармышақов қоса атқарады.
Бұрынғы үкіметке қарағанда жаңа үкіметте мемлекеттік органдардың бір-біріне қосылуына байланысты үкімет мүшелерінің саны 16-дан 12-ге қысқарды. Елдің көпшілігі үкімет мүшелері президенттің қатысуымен Жоғарғы кеңесте ант берген күні әлеуметтік желіде Ұлықбек Мариповтың премьер-министр болғанына жаппай наразылық білдіре бастады. Олардың айтуынша, мұның алдында Есеп палатасын бес жыл басқарып келген ол – бұл қызметке лайық емес, сыбайлас жемқорлыққа малынған шенеуніктердің бірі.
Ош облысының Науқат ауданының тумасы Ұлықбек Марипов – әкесі, Жоғарғы кеңестің экс-депутаты Асамидин Марипов екеуі Науқат ауданындағы үлкен қызметтердің жетекшіліктеріне өз адамдарын, туысқан-жегжаттарын тағайындатып, ауданды «меншіктеп» алған. Мұны сол күні үкімет үйінің алдына ереуілге шыққан оның жерлестері айтты. Бірақ бұған президент тіл қатқан жоқ. «Айтылған сөз, атылған оқпен тең» деген мақал қырғызда да бар. Мемлекет басшысы жарлығын қайтарып ала алмай, сабыр сақтап отырса керек. Өйткені бірнеше айдан кейін жаңа Конституция қабылданады. Соған сәйкес Жоғарғы кеңестің жаңа депутаттары сайланып, «Үкімет» мүшелері қайта тағайындалады. «үкіметті» тырнақшаға алып отырғанымыздың мәні бар. Референдумға қойылатын жаңа Конституцияның жобасында «үкімет» деген сөз жоқ. «Министрлер кабинеті» деп аталатын жаңа «үкіметтің» төрағасын және мүшелерін Жоғарғы кеңестің мақұлдауымен Президенттің өзі тағайындайтын болады. Министрлер кабинеті Жоғарғы кеңеске есеп бермейді. Мемлекет басшысы атқарушы билікті (үкіметті) өзі бақылайды. Президенттің әкімшілігі қалып, үкіметтікі жойылады. Министрлер кабинеті (және төрағасы) бұрынғыдай Жоғарғы кеңеске емес, Президентке тәуелді. Барлық мемлекеттік органның, оның ішінде жергілікті биліктің басшыларын президент тағайындайды. Соттарды, бас прокурорды, Есеп палатасының мүшелерін, Ұлттық банк төрағасын тағайындау Жоғарғы кеңеспен ақылдасып шешіледі. Ұлықбек Мариповтың бірнеше айдан кейінгі жаңа «үкіметтің» басшысы бола алмайтыны белгілі болып қалды. Садыр Жапаров елдің пікіріне құлақ салып отырғаны мәлім.
Жаңа үкіметтегі жаңалық екі министрлікке әйел затының барғаны болды. 47 жастағы Әсел Чынбаева Әділет министрі, 49 жастағы Гүлмира Әбдралиева Транспорт, архитектура, құрылыс және коммуникациялар министрі болып тағайындалды. Екеуі де өз салаларында әртүрлі қызметтер атқарған.
Есеп палатасының төрағасы, премьер-министр болғанына байланысты бұл қызметке палатада бес жылдан бері аудитор болып істеп жүрген, 42 жастағы ұлты қазақ Айжан Садырқұлова тағайындалды. Әкесі – Медет Садырқұлов мемлекеттік қызметтерде болған. Президент А.Ақаевтың және Қ.Бакиевтің тұсында президент әкімшілігін басқарған. Бір-біріне кереғар адамдармен бірге ондай үлкен қызметті атқару – білікті адамдардың ғана қолынан келетін іс. Қырғыз Республикасындағы қандастарымыздан ең жоғары қызметте істегені де осы кісі болатын. Ол өкінішке қарай, Бакиевтің
кезінде қызметінен босатылып, бірнеше айдан кейін, 2009 жылғы 13 наурызда, 55 жасында кісі қолынан қаза тапты.
Өлкедегі қазан төңкерісінен кейін «дүрілдетіп» жұмыс істеген Экономикалық қылмыстарға қарсы күрес мемлекеттік қызметінің (Қаржы полициясының) төрағасы Сыймық Жапыкеев мекеменің Ішкі істер министрлігіне өткеніне байланысты қызметінен босатылды. Бұған наразы болған Жапыкеев өзіне қолдау көрсетуін сұрап халыққа үндеу жасады. Еске салсақ, Жапыкеевтің тобы 6 қазан күні таңғы сағат 5-терде алғашқылардың бірі болып, президент және Жоғарғы кеңес жайғасқан ғимаратты басып алған, ертеңіне Жапыкеев елдегі хаосты пайдаланып, бас прокуратураға кіріп, өзін-өзі тағайындап, бас прокурор болған. Бірнеше күннен кейін Садыр Жапаров премьер-министр болып тағайындалғанда Сыймық Жапыкеевті («революциялық еңбегін бағалап» – Н.Б.) қаржы полициясының төрағалығына бекіткен. Сыймық Жапыкеев аталған қызметте пара алды деген күдікпен айыпталу алдында тұр. Бұл іс сотта қаралуы мүмкін. Анық-қанығы сонда білінеді.
Назарбек БАЙЖІГІТОВ,
túrkistan-ның Қырғыз Республикасындағы тілшісі (Бішкек)