1297
Көші-қон заңы көңілден шықты ма?
Көші-қон заңы көңілден шықты ма?
«Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне көші-қон процестерін реттеу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы 2019 жылдың маусым айында Парламент Мәжілісінде қаралды. Жұмыс тобының 20-дан астам отырысы болды. Онда қандастардың мәселесімен қатар, сыртқы және ішкі көші-қонды реттеуге байланысты жағдайлар қарастырылған еді. Заң жобасын дайындауға қатысқан белсенділер бұл жолы оң өзгеріс көп болатыны жайлы жиі айтып жүрді. 2019 жылы этникалық қазақтарға арналған Көші-қон заңына енгізілгелі отырған өзгертулер мен толықтыруларды естіп, көңілде үміт ұялаған еді. Өйткені онда қазақ көшіне біршама кедергі болып отырған қағазбастылық пен кеңселік кедергілер ретке келеді деген еді қайсыбір белсенділер. Сонымен көптен күткен заңға Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2020 жылғы 15 маусымда қол қойды. Мемлекет басшысы қол қойған заң 2021 жылғы 1 қаңтарда қолданысқа енді.
Сонымен не өзгерді, не өзгермеді?
1992 жылғы 26 маусымда қабылданған «Көшіп келу туралы», 1997 жылғы 13 желтоқсанда қабылданған «Халықтың көші-қоны туралы» заңдар көші-қон саласындағы қоғамдық қатынастарды реттеп, көші-қон үдерісінің құқықтық, экономикалық және әлеуметтік негіздерін белгілеп берді. Сөйтіп, атажұртқа оралған қандастардың жаңа қоныста өмір сүру жағдайын жасау мәселесі мемлекеттік тұрғыда қолға алынды. Осыған орай, Қазақстанның Көші-қон және демография жөніндегі агенттігі, Көші-қон комитеті, Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы сынды мемлекеттік және қоғамдық ұйымдар құрылып, көші-қон саясатын жүргізуге атсалысты. Алайда көші-қон саласы әлі де қағазбастылық пен бюрократиядан көз ашпай келе жатқаны жасырын емес. Сол себепті көпшіліктің көз тіккені Көші-қон заңы болып отыр. Олай дейтініміз қандастардың атажұртқа алғаш орала бастағанына міне, 30 жыл толса да, заң талаптары әлі жетілмей, мәселе шешілмей келеді. Қордаланған көп түйткілдің бір ұшы айналып келіп заңға тіреледі. Зерттеушілердің дерегіне сенсек, 1997 жылы 13 желтоқтанда қабылданған «Халықтың көші-қон туралы заңына 5-6 рет өзгертулер мен толықтырулар енгізіліпті. Тіпті мүлде алынып тасталған баптар да бар. Бұдан өзге Үкіметтің шығарған қаншама қаулысын қосыңыз. Бірақ сонда да заң шеттен көшіп келген ағайынның шетін мәселесін шеше қойған жоқ. Азаматтық алу кезінде талап етілетін құжаттар, баспаналы болу, жер алу тағы басқа құқықтық және әлеуметтік мәселелер бар. Осының салдарынан қандастар арасында көптеген күрделі мәселелер анықталып отыр. Мәселен, отбасы мүшелерінің бөлініп қалуы (депортациялау), азаматтық алу (тұрақты тіркеуді талап ету, ұлты қазақ екенін растайтын анықтама, шығу парағы (визасы), сотталмаған туралы анықтама және медициналық анықтама т.б.) секілді басы артық нормалар қаншама ағайынды делдалдарға жем қылып отыр. Көші-қон заңындағы түйткілдерді өзгертіп, қайта түзету мәселесін қоғам белсенділері айтудай-ақ айтып келеді. Бұл ретте газетіміздің қандастарға арналған ATAJURT бетінде де осы көші-қон заңындағы нормалар жайлы көптеген мәселе көтерілді.Тұрақты тіркеу тұрақты проблема болып қала ма?
Көші-қон заңында уақытша тіркеуге тұру, бейімделу, ықпалдастыру деген ұғымдар бар. Бірақ бұл заң толыққанды жүзеге асып жатқан жоқ. Мәселен, кейбір өңірлерде бір жылға берілетін әлеуметтік жатақханалар бар. Алайда бұл еліміздің барлық өңірінде жоқ. Тұрақты тіркеуге тұру үшін бір адамға ең кемі 90 мың теңге кетеді. Кейбір көпбалалы отбасы үшін бұл көп шығын. Ал бұл қаржыдан мемлекетке бір тиын түспейді. Тек делдалдардың қалтасы қампаяды. Осыған байланысты аталған заң жобасын жасаған жұмыс тобының мүшесі, бұрынғы Мәжіліс депутаты Кәрібай Мұсырманнан заңдағы өзгерістер туралы сұрап көрдік. – Мемлекетіміз қандастарымыздың құқықтарын қорғау, оларға әлеуметтік қолдау көрсету мәселелеріне ұдайы көңіл бөліп, қолданыстағы көші-қон заңнамасы уақыт талабына сай жетілдіріліп келеді. Өткен жылы Үкімет әзірлеп, Парламент Мәжілісінің қарауына ұсынған «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне көші-қон процестерін реттеу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасында атажұртқа оралған ағайындардың Қазақстан азаматтығын алуын одан әрі жеңілдетуге бағытталған жаңа нормалар бар. Мәселен, қандастарымыздың «оралман» мәртебесін және Қазақстан азаматтығын алуға қажетті құжаттарды бір мезгілде, яғни бұрынғыдай екі рет емес, бір-ақ рет тапсыруы көзделді. Сондай-ақ көші-қон, салық және еңбек заңнамасын бұзушылыққа жол беріп, әкімшілік жазаға тартылған қандастарымыздың Қазақстан азаматтығын алуына қойылған шектеу алынып тасталды. Алайда, аталған заң жобасын талқылау жөніндегі жұмыс тобының отырыстарында қандастарымыздың Қазақстан азаматтығын алуына әлі де елеулі қиындық тудырып, әуре-сарсаңға түсіріп келе жатқан тағы бір өзекті мәселе – ішкі істер органдарының тұрақты тіркеуді талап етуі. Осыған байланысты шет елдерден көшіп келген этникалық қазақтардың көпшілігі тұрғын үй сатып алуға мүмкіндіктері болмағандықтан, өздерін жекеменшік тұрғын үйлері мен пәтерлеріне тұрақты тіркеуге рұқсат беретін адамдарды іздеп, сол үшін оларға едәуір ақы төлеп, шығындануға мәжбүр. Бұл аздай, кейін көші-қон полициясының қызметкерлері қандастарымыздың тіркелген баспаналарында тұрмайтынын әшкерелеп, оларға ақшалай айыппұл салып, қосымша шығындандырып жатады. Мұның өзі көші-қон полициясының кейбір қызметкерлерінің сыбайлас жемқорлыққа ұрынуына жағдай туғызатыны да жасырын емес. Осы проблеманы шешу үшін қолданыстағы көші-қон заңнамасына қосымша түзету енгізу талап етілмейді, кейбір нормативтік-құқықтық актілерге ғана өзгерістер енгізу қажет. Атап айтқанда, Ішкі істер министрінің шетелдіктерге және азаматтығы жоқ адамдарға Қазақстанда уақытша және тұрақты тұруға рұқсат беру қағидаларын бекіту туралы 2015 жылғы 4 желтоқсандағы №992 бұйрығына, сондай-ақ Қазақстан азаматтығына қабылдау мәселелері бойынша өтінішхаттарды ішкі істер органдарының қабылдау, ресімдеу және қарау қағидаларын бекіту туралы 2016 жылғы 28 қаңтардағы №85 бұйрығына тиісті түзетулер енгізу қажет. Осы мәселе бойынша біз, «Nur Otan» партиясы фракциясының мүшелері бір топ депутат Үкіметке хат жолдап, қандастарымыздың Қазақстан азаматтығын жеңілдетілген тәртіппен алуына елеулі кедергі болып отырған тұрақты тіркеуді талап етуді алып тастауды немесе осы проблеманы шешудің басқа ұтымды тетігін қолдануды сұрадық. Алайда бұл мәселе шешіліген жоқ, – дейді Кәрібай Мұсырман. Экс-депутаттың айтуынша, бұдан басқа заң талаптарында Парламент оңтайлы шешімдер шығарған, алайда түзетілген заңды стандарттау кезінде, яғни нормативтiк құқықтық актiлер енгізгенде Мәжілістің «қатырып» қойған заңы өзгеріп кетеді екен. Өйткені Көші-қон заңының 2-бабына сәйкес, «Халықтың көшi-қонын реттейтiн заңдары, көшi-қон саласындағы заңдар Қазақстан Конституциясына негiзделедi және өзге де нормативтiк құқықтық актiлерден тұрады» делінген. – Қандастарға жақсы жаңалықты бөліскім келіп отыр. Былтыр Ішкі істер министрлігінің бастамасы бойынша тұрақты тіркеу арқылы азаматтық алуды жеңілдету мақсатында заңға тиісті өзгерістер енгізілді. Онда әр қандасқа бір уақытта Қазақстанда тұрақты тіркеуге тұру үшін және жеңілдетілген тәртіппен Қазақстан азаматтығын қабылдауға мүмкіндік берді. Осыған байланысты, енді ықтиярхат алмай-ақ, тұрақты тіркеуімен азаматтыққа бір-ақ рет құжат тапсырады. Құжаттарды қараудың жалпы мерзімі 6 айдан, 3 айға дейін қысқартылды. Аталған норма 2021 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді. Алайда аумақтық Көші-қон қызметі азаматтық беру кезінде қандастар тұрақты тіркеуге тұрған соң одан ықтиярхат талап еткен жағдай болса, онда менің әлеуметтік парақшама жазса болады. Оларға тиісті шара қолданамыз, – дейді Көш-қон қызметі комитеті төрағасының орынбасары Сабыржан Сейітжанов. (Ал ықтиярхат алмай-ақ азаматтыққа құжат тапсыру Көші-қон заңында бұрын да болған).Жеңілдіктер де жоқ емес
Өткен жылы Қазақстанның Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева халыққа есеп беру кездесуінде елге оралған қандастарымызға құжат рәсімдеу анағұрлым жеңілдетілгені жайлы яғни, қандастардан талап етілетін құжаттар тізімі 46-дан 20-ға дейін қысқартылғанын айтқан болатын. Министрдің айтуынша, елге оралған қандастарға құжат рәсімдеу едәуір жеңілдеп, «бір терезе» қағидасы енгізілді. Соның нәтижесінде қазір қандастар 5-6 құзырлы орынды аралап табан тоздырмай, барлық шаруасын бір жерден шешетін болады, оларға қажетті құжаттардың саны да екі есеге ықшамдалып, рәсімдеу уақыты 6 айдан 3 айға қысқарады делінген. Бұл қандастар үшін қуанышты жаңалық болды. Сонымен бірге бұрынғы «оралман» атауы заң жүзінде «қандас» болып өзгерді. Бұл заң Ішкі істер министрлігінің арнайы бұйрығымен 1 қаңтардан бастап күшіне енді. Қазір «қандас мәртебесін» ХҚКО арқылы алуға болады. Жаңа заңға сөйкес, биылдан бастап қандастарымыз Қазақстан азаматтығын алу үшін тиісті құжаттарын жинап, бірден азаматтық алуға мүмкіндігі бар. Қазақстан аумағына келгеннен кейін 30 күн уақытша жүруге және осы уақыт ішінде тұрақты тұруға құжат тапсыруға болады. Бұрын анықтаманың жарамдылығы 3 ай болса, қазір 6 айға дейін ұзартылды. Яғни 90 күннің ішінде азаматтық алып, әрбір қандас өзі қалаған жерде өмір сүруіне болады. Сонымен қатар бұрын кейбір елдерден келген қандастардың құжатын Сыртқы істер министрлігінің консулдық департаменті арқылы заңдастыратын (легализация). Яғни анықтамалары жалған емес екенін растайтын. Қандастар әр анықтама үшін 8 751 теңге төлейтін. Сонда барлығы 26 253 теңгеге жеткен. Енді 2021 жылғы 8 ақпаннан бастап әр анықтама ақысыз беріледі. Тек қана салық бөліміне 1 456 теңге төлейді. Ал бұрынғы заң талабында шетелден көшіп келген қазақ Қазақстанның әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексі бойынша құқық бұзған жағдайда азаматтық беру процесі 1 жылға, тіптен 5 жылға дейін шегерілетін. Бұл нормаға жеңілдік жасалды. Сондай-ақ Үкіметтің қаулысы бойынша виза беру (кейбір визамен жүретін елдерден келетін қандастар үшін) мәселесі тоқтап тұрған болатын. Өйткені қаулы болғанымен, стандартқа кірмеген. Қазіргі пандемия жағдайына байланысты «СБОР» (1 459 теңге) деген виза берілетін болды. Алайда ол соттың шешімі арқылы жүзеге асады.