Алматының айшықты қадамдары

Алматының айшықты қадамдары

Алматының айшықты қадамдары
ашық дереккөзі
300
Алматы қаласының әкімі Ба­қыт­жан Сағынтаев қала хал­қы­на есеп беріп, онлайн форматтағы кез­десу өт­кізді. Кездесу 2020 жылы ат­қарылған жұмыстар туралы қыс­қаша фильммен басталды. Одан кейін әкім биыл ат­қарылмақ шаруалар мен шешімін та­батын мә­селелерге тоқталды. Алматылықтардың бірлігі пандемияны тежеуге көмектесті
– Әлемдік пандемия біздің өмі­рі­мізді тү­бегейлі өзгертті. Мен­та­ли­те­ті­міз­ге, өмір сүруімізге де айтарлықтай әсер етті. Әлеу­меттік және эко­но­ми­ка­лық салаларға зия­нын тигізді. Бірақ «Алматы біргеміз» де­ген ұранымыз тек сөз жүзінде ғана қал­мады, ауыз­бір­ші­лік бізге пандемияны ауыз­дықтауға кө­мектесті – деп, қала әкімі сөз ба­сын­да алматылықтардың ынтымақ­тасты­ғын ерекше атап өтті.
Одан кейінгі сөз ауаны эпид-ахуал­­ға қа­рай ауысты. Бақытжан Са­ғын­­таев был­тырғы бірінші толқын қа­­зақстандықтар үшін оңай болма­ға­нын, осыған байла­ныс­ты қала әкімдігі бұрын-соңды болмаған ша­раларды қабылдағанын айтты. Қалада инфекцияның кең та­ралуы­на жол бермеу үшін Алматы әкім­дігі керексіз шы­ғындардан бас тар­тып, бюджетті ба­қылауға алған. Ко­ронавирусқа қарсы күрес­ке 19 108,4 млрд теңге бөлініпті. Осы ат­қарылған шаралардың нәтижесінде қыс­қа мер­зім ішінде 2 модульді клиника са­лы­нып, РВ-90 инфекциялық стационар­дың, патологоанатомиялық бюроның құрылы­сы аяқталғаны да айтылды. Кли­никалар­дың материалдық тех­ни­калық базалары 41,8 млрд теңгеге ны­ғайтылыпты. Медици­на­лық қыз­мет­пен қамтамасыз етудің үш жылдық қа­лалық жоспарының аясында 16 ам­булатория іске қосылған. Жедел жәр­дем қызметі жаңа реани­мо­биль­дермен қамта­масыз етіліп, заманауи құрылғылармен жаб­дықталған 135 же­дел жәрдем көлігі са­тып алыныпты. Сонымен қатар, кадрлық резерв жасақталғаны, медицина қызмет­кер­лерінің жалақысы 30 пайызға к­ө­те­рілгені, 50 мыңнан астам медици­на қыз­мет­керіне 16,7 млрд көлемінде жа­ла­қы­лары­на қоса үстемеақы тө­лен­гені тура­лы да айтылды. Медицина препараттары мен дәрі-дәр­мектердің тапшылығын бол­дыр­мау үшін қала бюджетінен 10 млрд тең­ге бөлінген. Оның 5 миллиарды дә­рі­ханаларды қамта­ма­сыз етуге, 5 мил­лиарды ауруханалар мен емха­на­ларға үлестіріліпті. Әкім енді қалада дәрі-дәрмек тапшылығы болмайты­нын сенімді түрде айтты.
– Карантиннен кейін барлығымыз бо­саң­сып қалдық. Дүрбелең басталып, адам­дар дәріханалардағы барлық дәрі-дәр­мек­терді сатып алды. Біз дереу іске кірісіп, тұрақтандыру қорын құр­дық. Ұшақтармен медицина құрал­да­рын, дәрі-дәрмектерді және желдет­кіш­терді Үндістан мен Бе­ларусь­тен та­сы­малдадық. Барлығы 48 мил­лион па­кет препарат пен қорғаныс құралы қа­ла­ға жеткізілді. Қазіргі кезде 24 мил­лион­ға жуық пакет айналымда және 8 мил­лион дана қор да бар. Қалада дәрі-дәр­мек тапшылығын болдырмау үшін 300-ден астам дәріханаларға мо­ниторинг жүр­гізіл­ді. Біз тапшы­лық­қа жол бермейміз, – деді әкім.
Қазір Алматыда фармацевтикалық клас­тердің өкілдері фармацевтикалық зауы­ттардың құрылысын бастады. Viva­Pharm ЖШС сұйық, жұмсақ және қатты дәрілік формаларды шығаруға ар­налған өндіріс кешендерін іске асыр­мақ. Ин­вес­тиция көлемі – 4,6 млрд теңге. Сондай-ақ, DolcePharm ЖШС жеке қорғаныс құрал­дарын шы­ғаратын зауыт салып жатыр. Ин­вес­тициялар көлемі – 19,5 млрд теңге. Одан бөлек тағы 3 инвестор дәрі-дәр­мек шы­ғаруға арналған жобаларды іске асыру­ға кіріскен. Қала әкімі пандемияға қарамастан Ал­маты экономикасының өсуі бай­қал­ғанын да атап өтті. 2021 жылы Алматыда 40 шақырымнан астам жаңа жол салынады Қолда бар ресурс пен күштің едәуір бө­лігі коронавирусқа қарсы іс-қи­мылға жұм­салғанына қарамастан, 2020 жылы Алма­тыны дамытудың ба­сым бағыттары бойын­ша жұмыс тоқ­таған жоқ. Бақытжан Сағынтаев ме­гаполис шетіндегі инфра­құры­­лым­дардың дамуы одан әрі жалға­сатыны туралы айтты. Қала маңындағы инф­рақұрылымды жақсарту үшін «Жаңа Алма­тыны» дамытудың 5 жылдық ке­шенді жоспары қабылданған. Жал­п­ы 200 млрд теңгеге 504 жобаны іске асыру басталыпты.
– Пандемияның экономикаға ти­гіз­ген қы­сымына қарамастан, біз «Шет­сіз қала» қағидаты бойынша да­му­ды жалғастырдық. Өздеріңіз біле­тіндей, бұл – менің түбегейлі таң­дауым. Мен осы бағытта жұмысты жал­ғас­тырамын. Әрбір алматылық тұр­ғы­лықты жеріне қарамастан тең өмір сүру құ­қығына ие болуы керек – деді қала әкімі Бақытжан Сағынтаев.
Қалаға қосылған ықшамау­дан­дардың ин­женерлік инфрақұрылымын дамыту шеңберінде 2020 жылы 50 мыңнан астам адамды қамтитын 300 шақырым су құбыры мен кәріз желі­лері салынған. 16,1 шақырым жылумен жаб­дықтау желілері қайта жаңар­ты­лыпты. Алматының төрт ауданы 100 пайыз жарықпен қамтамасыз етілген. 42,8 шақырым жол салынып, 219,1 шақырым жол жөнделіпті. Ұзындығы 86 шақырымға жететін жаяу жүргін­шілер жолы да на­зар­дан тыс қалмаған. Ал биыл осы жұмыстар жалғасын тап­пақ. 40,4 шақырым жаңа жол са­лынып, 200 шақырымнан астам жол­ды орташа жөн­деуден өткізіп, үш жол айрығының құры­лысын жалғастыру жоспарланып отыр. Сондай-ақ, «Са­рыар­қа» және «Достық» метро станса­ларының құрылысын аяқтау жос­парда бар және «Қалқаман» стансасы­ның құры­лысы да одан әрі жалғаспақ. Ин­женерлік желілер бойынша бірқатар проблемаларды жүйелі шешу үшін «Ақсай» су жинау стансасы, Наурызбай ауданында коллектор салынатын болады. Бұдан өзге 170 шақырым су құбыры мен 145 шақырым кәріз желі­лерінің құрылысы жүргізіледі. Жыл­дың соңына дейін 601 көше жарық­тан­дырылады. Әкімнің сөзінше, қар­жы бөлініп, мердігерлер жұмысын ат­­қарып жатыр, бұл мәселені аудан әкім­­дері де қада­ғалап отыр. Аулаларды жарықтандыру мә­се­лесі де күн тәртібінде. Қазіргі кезде жауап­ты бас­қар­ма жобалық-сметалық құ­жаттамалар әзірлеп, сарапталып жа­тыр.

Үй кезегіндегілерге 8 мыңнан астам пәтер беру жоспарланып отыр

Кездесу барысында қолжетімді тұр­ғын үймен қамтамасыз ету жө­ніндегі бағдар­ла­маны іске асыру тура­лы да сөз қозғалды. Биыл мемлекеттік және қалалық бағ­дар­ламалар аясында 8292 пәтер бө­лінеді. Оның ішінде халықтың әлеу­меттік осал топ­тары­ның өкілдеріне – 427 пәтер, көпба­лалы от­ба­сыларға – 452, жұмысшы жас­тарға 1050 пә­тер берілмек. Сондай-ақ, «Шаңы­рақ» бағ­дарламасы бойынша 3578 пәтер, «Кре­диттік баспана» бойынша – 1411, «Ба­қытты отбасы» бағдарламасы бойын­ша 374 пәтер бөлінеді. «Алматы жас­­тары» бағдарламасы жалғасады, ол ар­қы­лы 1 мың жас алматылық тұрғын үй ала ала­ды.

Экология да назардан тыс қалмайды

Алматы қашанда жасыл желегі, жан­ға жайлы табиғатымен ерек­ше­лен­ген. Бірақ соң­ғы кезде қала тұр­ғын­дарын экология мәселесі толған­ды­рып отыр. Соған бай­ла­нысты биыл 350 мыңнан астам жасыл же­лек отыр­ғызу, сондай-ақ шеткері жер­лер­де бес жаңа саябақ салу, қалаға кіре беріс­­те 19 экопост орнату жоспарланыпты. Қоғамдық және коммуналдық ав­то­парк­терді экологиялық таза отынға ауыс­тыру шараларымен қатар тран­зиттік жүк кө­ліктерінің қозға­лысын шектеу мүм­кіндігі зерттеліп жатыр. Се­бебі жүргізілген мониторинг тәулік сайын қалаға қоршаған ортаға тех­ногендік ауыртпалық түсіретін 17 мың­нан астам жүк көлігі кіретінін көр­сет­кен еді. Қалада өзендер маңызды рөл ат­қара­тындықтан, Кіші Алматы және Есен­тай өзендерінің арналарын ны­ғайту бойынша жұ­мыстары да қолға алын­ған.

Серіктес жаңалықтары