Қырғыз үкімет басшысының орынбасары Жениш Разаков Бішкекке ТМД мемлекет басшыларының саммитіне қатысуға келген тәжік әріптесі Азим Иброхиммен кездесті.
Қырғыз үкіметі баспасөз қызметінің хабарлауынша, кездесу барысында тараптар сауда-экономикалық байланыстардың дамуын, сондай-ақ қырғыз-тәжік мемлекеттік шекарасын делимитациялау және демаркациялау мәселелерін талқылады.
Екі елдің вице-премьер-министрлері атап өткендей, Қырғызстан мен Тәжікстан екі жақты қарым-қатынасты нығайту үшін мемлекеттік шекара мәселелерінің толық шешілгенін қалайды.
Жениш Разаков бұл мәселелерді жан-жақты талқылау үшін қырғыз-тәжік үкіметаралық комиссиясының кезекті отырысын өткізуді ұсынды.