UEFA-да жұмыс істейтін қазақ: Президент хатыма бірден жауап берді (видео)

UEFA-да жұмыс істейтін қазақ: Президент хатыма бірден жауап берді (видео)

UEFA-да жұмыс істейтін қазақ: Президент хатыма  бірден жауап берді (видео)
ашық дереккөзі
50253
Семей қаласының тумасы Дәулет Уранхаев – Швейцарияның Ньон қа­ла­сында орналасқан Еуропа футбол қауымдастықтары одағының (UEFA) бас кеңсесінде жұмыс істейтін тұңғыш әрі жалғыз қазақ. Қыркүйек айын­да Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жол­дауын тыңдаған ол бұқаралық спортқа қатысты өз ұсыныстары мен өті­ніштерін жазып, Президентке хат жолдаған. Елден жырақ жүрсе де, Қа­зақстан спортының болашағына алаңдап жүрген отандасымызға ха­бар­ласып, сұхбаттасқан едік. https://www.youtube.com/watch?v=7untKz1fxF4&feature=youtu.be – Дәулет, UEFA-ның бас кең­се­сінде қызмет етіп жүргеніңе бір жылдан астам уақыт болыпты. Жал­пы, футбол индустриясына бет бұруға сені не итермеледі? – Негізі, футболды дамытуға де­ген қызығушылығым бала кезден бас­талған. Әуелі өзім жайлы айтсам, Се­­мей қаласының тумасымын. Алты жа­сымда отбасымызбен елордаға кө­­шіп келдік. 6-сыныпқа дейін ас­та­на­­дағы №1 мектеп-лицейде оқып, со­­сын қазақ-түрік лицейінде білім ал­­дым. Каникул кезінде Семейге жиі баратынмын. Жаз бойы есік алдында орналасқан алаңқайда достарыммен бірге доп тебетінбіз. Ауыз толтырып ай­татындай жақсы алаң да емес, д­егенмен газон төселмеген жерде доп теп­кенімізге, арматурадан жасалған қақ­паға гол соққанымызға мәз бо­латын едік. Бәсеке тартысты бола түс­кен сайын, қатарымызға басқа ау­данның балалары келіп қосы­ла­тын. Қаланың әр аумағында футбол ойындары жиі өткізілетін. Түрлі турнирлер ұйымдастыратынбыз. Спорттық іс-шараларға үнемі атса­лы­сатынмын.  width= – Ресми мәліметке сүйенсек, Швейцарияда 35-ке жуық ха­лық­аралық ұйымның бас кеңсесі орналасқан. Соның ішінде Ха­лық­аралық футбол федерациясы (FIFA) мен Еуропа футбол қауым­дастықтары одағының (UEFA) бас кеңселері бар. Өзің бала кез­ден футболға әуес болған соң, сол қауымдастықтардың тыныс-тір­шілігімен танысу үшін Швей­ца­рияға әдейі оқуға түстің бе? – Дәл солай. Бірақ мен Швей­ца­рия­да халықаралық қонақүй ісіндегі бас­қару қызметі бойынша білім ал­дым. Неге осы сала бойынша оқығың кел­ді деп сұрасаңыз, мектеп кезінен бе­рі саяхаттағанды, табиғаты көр­кем жерлерді зерттегенді жақсы кө­ре­мін. Жалпы, туризм дегеннің не еке­нін зерттеп көргім келді. Еліміз­дің туристік әлеуетінің жоғары екені баршаға мәлім. Ландшафттық ай­мақ­тар, әсіресе біздің жақтағы Қа­тон­қарағай мен Алакөл табиғи қо­рық­тары көздің жауын алады. Сон­дықтан туризм саласы бойынша мық­ты мамандар даярлайтын, әлем бойын­ша жетекші универси­тет­тердің бірі –  Монтрё қаласындағы Глион жоғары білім беру институ­ты­на (Glion Institute of Higher Education) оқуға тапсырамын деп шештім. Дей­тұрғанмен, футболды ешуақытта есімнен шығарған емеспін. Оқуым­мен қатар, футбол индустриясын да зерттеп жүрдім. Жоғарыда айтып өт­кенімдей, Швейцарияға оқуға тап­сыруға итермелеген тағы бір се­беп – Еуропаның қақ ортасында футбол қауымдастықтарының басын қоса­тын негізгі кеңселер мен халық­ара­лық федерациялардың штаб-пәтері ор­наласқан қалада оқығым келді. Ай­та кетерлік жайт, әлем универси­тет­терінің факультеттер тізімін алып қарасаңыз, футбол индустриясында жұмыс істеуге жауапты маман даяр­лайтын бағдарламалардың аз екенін байқайсыз. Басқа оқуға тапсырсам да, футбол ойнау әрқашан хоббиім бол­­ғандықтан, қайда барсам да, атал­­ған спортқа қатысты бірдеңе ой­­л­ас­тыру, ұйымдастыру идеясы әр­кез менмұндалап тұратын. Негізі, оқу бі­тірген кезде мамандығым бойынша әлемдегі ірі қонақүйлердің біріне жұмысқа тұру мүмкіндігі болды, алай­да ойдағыны іске асыруға беріл­ген тамаша мүмкіндікті мүлт жіберіп алмауға тырыстым. Тағы бір тоқта­лар жайт, қонақүйлерді басқару қыз­меті бойынша алған білімім фут­бол индустриясындағы жұмысыммен ұштасып жатыр. Сол себепті хоббиім мен алған білімімді бір арнаға тоғыс­тырып жүргеніме қуанышты­мын.  width= – UEFA-ның бас кеңсесінде са­ған жүктелген міндет қандай? – Мен онда маңызды іс-шаралар ке­зінде мақсатты топтарды орналас­тыру­ға жауапты командада жұмыс істеймін. – Кілең мықты клубтардың ба­сын біріктіретін UEFA секілді қауым­дастыққа жұмысқа тұру үшін жан-жақты дайындық қа­жет екені белгілі. Оқу бітіре сала бірден жұмысқа тұрғаныңды ес­керсек, университет бітірмей тұрып біраз уақыт тыңғылықты дайын­далған секілдісің ғой? – Жалпы, ірі қауымдастықтарға жұ­мысқа тұру бір күн немесе бір ай­дың ішінде жүзеге асырылмайтыны бар­шаға мәлім. Алғашында қабыл­да­май­ды, екіншісінде тағы жолың бол­мауы мүмкін, үшіншісінде тағы бір тосқауыл тұруы ықимал. Бірақ мақ­сатың айқын болса, міндетті түр­де жетіле түсетінің, діттегеніңе қол жет­кізетінің белгілі. Жалпы, мен бо­ла­шақта маған берілетін мүм­кін­дікті пайдаланып қалуға дайын жү­ре­тінмін. Швейцарияда оқыған төрт жыл­дың ішінде сабақ оқудан бөлек, қо­сымша пайдалы істермен айна­лысуға тырыстым. Неғұрлым көп тіл білсем, соғұрлым мүмкіндігім мол екенін жақсы түсіндім. Сөйтіп, осы уақыт аралығында ағылшын тілінен бөлек, испан, итальян және француз тілдерін меңгеріп, өз-өзімді дамытуға ты­рыстым. Өйткені күндердің кү­нін­де сұхбатқа шақырылсам немесе өз-өзімді көрсету мүмкіндігі туын­да­са, сақадай-сай жүру қажет екенін біл­дім. Тіпті, түнде ұйқымнан оятып, бір­деңе сұраса, мүдірмей, бар білге­нім­ді айта алатындай деңгейде болуым керек деп түсіндім. Бір қара­ғанда ойға алғаныңды іске асыру мүм­кін емес болып көрінуі мүмкін, алай­да арманы асқақ, мақсаты ай­қын адамға мүмкін емес нәрсе жоқ. UEFA-ға сұхбатқа шақырыл­ған­да еш сас­падым, себебі жоғарыда айтқан­дай барлығына дайын жүрдім. Сөй­тіп, бірнеше процестен өткен соң, жұмысқа қабылдандым. Осы ретте бір мәселені атап өткім келеді. Елі­міз­де өте талантты жастар жетерлік. Ең бастысы – өз-өздеріне шектеу, тос­қауыл қоймаса екен деймін. Мек­тепте оқып жүргенімде үлгі тұтатын тұл­ғалардың өмірбаянын оқып оты­рып, «Олардың жеткен биігіне қол жет­кізу мүмкін емес шығар, бірақ кем дегенде тырысып көру керек» деп ойланатынмын. Сөйтіп, есейе келе ыждаһаттылық пен табандылық та­ныту арқылы ойлағаныңды іске асыру мүмкіндігіңнің молаятынына кө­зім жетті. Жалпы, адамның мүм­кіндігі шексіз ғой. Көп жағдайда біз «Неліктен мұны істеуім керек, бәрібір ма­ған бұйырмайды», «Неге хат жа­зуым керек, бәрібір жауап бер­мей­ді» деп көп тартыншақтаймыз. Сәтсі­з­діктерден сабақ алып, әрдайым өз-өзі­мізді дамытудан жалықпасақ, бір күні бағымыз жанып, айымыз оңы­нан туатыны белгілі. Сол себепті қан­дай мамандық таңдарын білмей шарқ ұрып жүрген іні-қарын­дас­тары­ма айтарым – алдымен сізге не ұнай­тынын түсініп алыңыз. Біреудің айтқанына еріп кетпей, стереотипке «жүгінбей», жүрек қалауыңызға ерік бе­ріңіз. Сосын тіл үйреніңіз. Өзіңізге ұнайтын іспен айналысып, кем де­ген­де 2-3 тілді жетік меңгерсеңіз, ж­оғары оқу орнын бітіргенде бірден жұ­мысқа тұру мүмкіндігі мол бола­ды.  width= – Facebook-тағы жеке парақ­шаң­­да Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевқа Ақор­да­ның ресми сайтындағы виртуал­ды қабылдау бөлмесі арқылы хат жолдағаныңды, арада бірнеше уа­­қыт өткен соң, жауап келгенде таң­ғалғаныңды жаздың. Прези­дентке хат жазу идеясы қайдан туын­дады? – Шетелде тұрып жатсам да, елге қа­тысты жаңалықтарды қалт жі­бер­меймін. Әсіресе, Президенттің сөй­леген сөздерін, Жолдауларын тыңдап жүруге тырысамын. Қыркүйек айын­да Президенттің халыққа арнаған Жол­дауында көптеген өзекті тақы­рып қозғалды, соның ішінде спортқа баса назар аударды. Ал бұған дейін жаз айында Ақорданың сайтында аза­­маттардың ұсыныстары мен өті­ніш­терін онлайн режимде қабылдау бас­талғаны туралы хабарланған бо­латын. Президенттің Жолдауда айт­қан сөздері мені жігерлендірді, себебі ол өзіме етене таныс сала туралы өз ойын ашық жеткізді. Жас болсам да, Қа­зақстан спортының болашағына алаң­даймын. Сөйтіп, Жолдауды тың­даған соң, Мемлекет басшысына хат жазу­ды жөн санадым. Бұл хатта оның ұстанған саясатын қол­дай­ты­нымды айтып қана қоймай, бұқар­а­лық спортты дамытудың әлемдік тә­­жірибесіне сүйеніп, бірнеше идеям­­ды жазып жібердім. Бір ай өтер-өтпес уақытта Қазақстан Стра­те­гиялық жоспарлау және рефор­ма­лар агенттігінен жауап келді. Сосын агенттіктің жазып жіберген жауабын әлеуметтік желідегі парақшама жа­рия­ладым. Неге жарияладың десеңіз, билік пен азаматтар арасында кері бай­ланыс бар екенін көрсеткім келді. Бәл­кім, ауқымды бірдеңе ұсына­тын­дай тәжірибем аз, біліктілігім же­тіс­пейтін шығар. Бірақ, Қазақстан спор­тының дамуына үлес қосқысы ке­летін азамат ретінде өз ойымды жет­кіздім. Ал дүниежүзі бойынша өз са­ласында тәжірибесі мол, білімі мен бі­ліктілігі келіскен, мықты идеялар ұсы­на алатын қазақстандықтар же­терлік. Ел болашағына бейжай қара­майтын сол кісілерге сыртта жүріп-ақ, Президентке хат жазсаңыз, жауап беретінін көрсеткім келді. Мен – қарапайым азаматпын, егер маған жауап қатса, сіздердің де ұсыныс­та­рыңыз бен өтініштеріңізді назардан тыс қалдырмайды деп айтқым келді. Бізге Президентке хат жазып, одан жауап алу мүмкін емес секілді кө­рінеді ғой, ал шындап келгенде көп­шілік бұған сенбей, байланыс жа­сауға тырыспайды. – Сол Жолдауда Президент бұ­қаралық спортты дамытуға ерек­ше көңіл бөлу керек екенін атап өтті. Президент Жолдауын не­гізге ала отырып, бұқаралық спорт­ты дамытуға жауапты ма­ман­дардан не күтесің? – Ең бастысы, Қазақстанда бала­лар­ға футбол ойнауға мүмкіндік бере­тін алаңқайлар мен орталықтар кө­бейсе деймін. Сосын футболды са­лауатты өмір салтын ұстануға сеп­тігін тигізетін спорттың бірі ретінде қа­растыруға мән берсе деген тілегім бар. Еліміздегі үлкен стадиондарда тек кәсіби ойыншылар доп тебе ала­ды, ал әртүрлі жастағы адамдар алаң­­ға келіп, емін-еркін ойнай ала­тын­дай стадиондар аз. Сондықтан бұқаралық спортты шындап да­мыт­са, рухы биік, спортсүйер азаматтар қатары көбейеді деп сенемін. Мем­лекет басшысының өзі осы та­қы­рып­қа баса мән бергендіктен, спорт са­ласындағы жауапты мамандар алдағы уақытта Президенттің оларға берген тапсырмалары бойынша жоспар құрып, ауқымды шаруалар ат­қарады деп ойлаймын. Әлбетте, бұқаралық спортты дамыту – біраз уақытты қажет ететін процесс. Сол себепті әліптің артын бағайық.  width= – UEFA десе, еуропалық клуб­тар еске түседі. Осы ретте қай клуб­­­­­тың жанкүйері екеніңді сұра­­ма­­сам, ағаттық болар? – Алматылық «Қайрат» клу­бы­ның жанкүйерімін. Елордада өссем де, маған алматылық клубтың «аяқ алысы» ұнайды. Жеке академиясы, өзіндік дәстүрі бар клубтың қазіргі кездегі дамуын сыртынан бақылап, көңілің марқаяды. – Instagram желісіндегі па­рақ­­шаңда Альпі тауына тура қар­­сы бетте қазақтың шапанын киіп түскен суретіңді байқадым. Сон­дай-ақ, сол шапанды өзге ұлт өкіл­деріне кигізіп, Абайдың 175 жыл­дығы аясында ұйым­дас­ты­рыл­ған челленджге қолдау біл­дір­дің... – 2016 жылы Қазақстаннан Монтрё­ге оқуға он шақты студент кел­дік. Арасында жалғыз ер бала бол­дым. Әрқайсымыз әртүрлі сы­нып­та оқыдық, ал бірге оқитын өзге ұлт өкілдеріне Қазақстаннан кел­ге­ні­мізді айтқанда, біздің мемлекет ту­ралы ешкім ештеңе білмейтін бо­лып шықты. Тіпті, Қазақстанның қай жерде орналасқанын білмейтіндер де болды. Сол себепті олар біз ар­қы­лы Қазақстанды, қазақ халқының бет-бейнесін таныды. Университетте жыл сайын әлем елдерінің жәрмең­ке­сі өткізілетін. Сөйтіп, сол мүм­кін­дік­ті пайдаланып Қазақстанды кеңі­нен таныстырайық деп шештік. Елден қазақтың шапанын алып кел­генмін. Қыздар да сәукеле, камзол әке­ліпті. Сосын Швейцариядағы Қа­зақ­станның елшілігіне барып, біздің ел туралы қысқаша мәлімет жа­зыл­ған брошюралар мен Туды алып кел­дім. Қыздар бауырсақ пен ет әзір­леді, елден ірімшік пен Қазақстанда жа­салған шоколадтар алдырттық. Айт­пақшы, шетелдіктер «Қазақстан» шо­коладының дәмін ұнатты. Әлем бойын­ша ең сапалы шоколад әзір­лейтін Швейцария елінің тұр­ғын­дары біздің өнімді жақсы бағалады. Со­сын қыздар әзірлеген бауырсақ­тың да дәмі тіл үйіріп, ақырында шет­елдіктер қайта келіп, дәмін тат­ты. Ұлттық тағамдарды әзірлеуден бө­лек, көкпар ойынын сахналадық. Сөй­тіп, халықаралық «EXPO» көр­месі секілді ұйымдастырылған жәр­мең­кеде елімізді абыроймен та­ныс­тырып, бірнеше рет жүлделі орын ал­дық. Ал, шетелдік достарыммен бір­ге түсірген ролик туралы сұра­саңыз, Абайдың 175 жылдығына орай ұйымдастырылған челленджге осылайша қолдау көрсеткім келді. Бас ақынның «Күз» өлеңінің әр шумағын шетелдік курстастарыма аударып беріп, өз тілдерінде оқуға өтініш білдірдім. Қытайдан келген досым Абайдың шығармашы­лы­ғы­мен бұрыннан таныс екенін, мек­тепте оқып жүргенде Абай туралы са­бақ өткенін айтып, сол челленджге қа­тысуға шақырғанда қуанғанын айт­ты. – Жаңа бір сөзіңде «Қазақстан спортының дамуына үлес қос­қысы келетін азамат ретінде өз ойымды жеткіздім» дедің. Пре­зи­дентке хат жаз­ғаныңды және Мем­лекет бас­шысының «Тәуел­сіз­дік бәрінен қым­бат» атты мақаласын мұқият оқып шық­қаныңды бағамдап, уақыты кел­генде Қазақстанға оралып, жи­наған мол тәжірибеңді отандық спорт индустриясын дамытуға қос­қың келетініңді байқадым... – Швейцарияда халықтың өмір сүру деңгейі жоғары екенін біле­сіз­дер. Дамыған ел екені бірден көзге тү­седі. Осының барлығын көрген «біз­де неге осылай емес?» деген ой ке­леді. Десек те, бізге сай келе бер­мей­тін тұстары да баршылық. Сол се­бепті біздің елде дәл осылай істеу керек деп айтқан да дұрыс емес. Де­генмен қызықты технологияны, адам тұрмысын жеңілдететін ере­желерді байқағанда, бізде де осындай бол­ғанын қалаймын. Көптеген отан­дасымның шетелден Қазақстанға оралғанда бірқатар айырмашылықты байқап, бірнеше дүниені бірте-бірте өзгертіп жатқанын білемін. Сол се­бепті біз де үрдістен қалыс қалмай, да­мыған елдер қатарын толық­ты­ра­мыз деп сенемін. Алдағы уақытта футбол индустриясында білімім мен біліктілігімді арттырып алған соң, елге ораламын. Қазақстанға мықты маман болып оралу үшін қазірден бас­тап өзімді жан-жақты жетілдіруге тырысып жатырмын. Елге пайда ти­гізетін істер атқарғым келеді.  

Әңгімелескен

Әлия ТІЛЕУЖАНҚЫЗЫ

Серіктес жаңалықтары