Мәселе – ниетте!

Мәселе – ниетте!

Мәселе – ниетте!
ашық дереккөзі
Өткен аптада Тәуел­сіздіктің 30 жыл­дығын мере­ке­леуге дайындық жөніндегі мем­лекеттік ко­миссияның бірінші отырысында Мем­лекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттік тіл­ді білетін қа­зақ­стан­дық­тарға үндеу жасады. Пре­зидент қазақ тілін же­тік мең­герген әр азаматты қа­зақ­ша үйренгісі келген до­сы­мен, әріптесімен немесе танысымен өз білімін бө­лісуге шақырды. Тіл үй­рену­ге талпынушыларды көп болып қолдау маңызды екені талассыз. Ал мем­ле­кеттік тіл­ді меңгеруге құ­лық­сыздарды қайтпекпіз? Қынжыл­татыны, мұн­дайлар елге бас болып жүр­ген шенеуніктердің ара­сын­да да аз емес. Депутат­тар­дың ант беру рәсіміндегі абыройсыздықты көріп ашу­ға мінген жұрт күні ке­ше Үкіметтегі ең жас ми­нистрдің шүлдірін естіп та­ғы жаға­сын ұстады. Депутаттардың алдында қызарған министр Президент мемлекеттік тілді меңгеру мәселесін алғаш рет кө­теріп отырған жоқ. Жуырда Egemen Qazaqstan газетінде жарияланған «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласында Қасым-Жомарт Тоқаев Қа­зақстанның мемлекеттік тілі қа­зақ тілі екені Ата заңымызда 90-жыл­дар­дағы күрделі кезеңнің өзінде нақ­­ты жазылғанын еске салды. Сон­дық­тан оны меңгеру әрбір қазақ­стан­дықтың міндеті, тіпті парызы екенін ұмытпауымыз керек.
«Осы орайда мен барша қазақ­стан­дықтарға, оның ішінде қазақ ті­лін әлі жете меңгермеген отан­дас­та­рыма үндеу тастағым келеді. Жас­тар ағылшын тілін немесе басқа да тіл­дерді аз ғана уақытта меңгере ала­тынын көріп отырмыз. Тұтас буын алмасқан осы жылдарда қазақ ті­лін үйренгісі келген адам оны әл­деқашан біліп шығар еді. Халқымызда «Еш­тен кеш жақсы» деген сөз бар. Ең бас­тысы, ынта болуы керек», – деп жаз­ды Президент.
Мемлекет басшысы қазақ тіл­ді кеңінен қолдану басқа тіл­дерге, әсіресе орыс тіліне шектеу қойылады дегенді білдірмейтінін ба­са айтты. Барша этнос өкілдерінің ана тілін, салт-дәстүрін дамытуға мүм­кіндік жасала бермек.
«Бүгінде мемлекеттік тілді біле­тін қазақтың да, өзге этнос өкілдері­нің де үлесі едәуір артты. Қазақ тілін, шын мәнінде, бүкіл халқымызды біріктіруші факторға айналдырудың барлық құқықтық тәсілдері және ке­пілдіктері қалыптасты. Мәселе – ниет­те. Ниеттің дұрыс болуы қазақ ті­лін меңгергісі келетін адамдарға да, осы мақсатқа жетуге жағдай жа­сай­тын Үкіметке де байланысты», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев өз мақала­сын­да.
Өкініштісі, Президент сенім арт­қан Үкімет өзгелерге тіл мең­геруге жағдай жасау тұрмақ, өзі әлі күнге дейін қазақ тілінде еркін сөй­лей алмай келеді. Өткен аптада Мә­жіліске баяндама жасаймын деп ке­ліп, жерге қарап қайтқан Ұлттық эко­номика министрі Әсет Ерғалиев Тәуел­сіздіктен кейінгі буын билікке ара­ласқанда мемлекеттік тілдің мәр­тебесі артар деп сенген халықтың үм­ітін күл-талқан еткендей болды. Ерғалиев – министрлер ка­би­нетіне жаңадан қосылған екі министрдің бірі. 34 жастағы министр бұған дейін Ұлттық экономика ми­нистр­лігінде вице-министр болды. Ведомствоның жаңа жетекшісі өзіне дейінгі басшылардың жолын жал­ғас­тыратын секілді. Бұған дейін аталған ми­нистрлікті басқарған Ерболат До­саев, Руслан Дәленов қатарлы ми­нистрлер мемлекеттік тілге жүйрік болды дей алмаймыз. Ал «Мәскеуде бес жыл тұрып, қазақ тілін ұмытып қал­дым» деп ақталған Тимур Сүлей­менов өз ана тілінде екі сөздің басын әрең құрайтын. «Ағаларының» ізін басқан Әсет Ер­ғалиев те ойын қазақша жеткізе ал­майтыны аңғарылды. Қазақша сұрақ­тарды құлаққаппен тыңдап, орыс­ша жауап берген министрді Мәж­іліс депутаты Берік Дүйсембинов қызартты.
«Сіз отыз жылдық Тәуелсіздігі бар, Тәуелсіз мемлекеттің Мәжілісіне алғаш рет келіп тұрғандықтан, сізге ескерту жасайын. Сіз қазақ тілінде қойылған сұраққа ешқандай рұқсат сұра­мастан, орыс тілінде жауып беріп тұрсыз. Жас болғаныңызға қа­ра­мастан, Сіз 18 миллион халықтың ішінен министр лауазымына лайық деп таңдалдыңыз. Сізді Тәуелсіздіктің құрдасы деуге де болады. Сіздің ана ті­ліңізде жауап беруге дайын бол­мауыңызды  ұят деп есептеймін! Ме­нен сізге өтініш – ана тілімізде қойыл­ған сұраққа ана тілімізде жауап беріңіз!», – деді халық қалау­лы­сы.
Мәжілістегі жиынның желіге жүк­телген бейнежазбасы­нан көргеніміз – Әсет Ерғалиев өз баян­дамасын қағаздан көз алмай, қа­зақша ежіктеп оқып  шыққан. Қа­зақ тілінде қойылған үш сұрақтың ал­ғашқысына жауап бергенде қазақ­ша 13 сөзді шүлдірлей айтып, әрі қа­рай орысша жауап беріпті. Орысша қойылған сұрақтарға берген жауабы тап-тұйнақтай: мүдірмейді, жаңыл­май­ды. Мұның бәрін бақылап отыр­ған Берік Дүйсембинов өзіне мик­ро­фон жеткенде ойын бүкпей айтты. Өзі­нің өтінішін айтқан болып ха­лық­­тың талабын жеткізді. Депутат­тың сөзін Мәжіліс басшысы да қол­да­ды. Өз тілін білмейтін қазақтарға өзге ұлт өкілдері үлгі Әсет Ерғалиев – депутаттардың алдында қызарған алғашқы Үкі­мет мүшесі емес. Бұған дейін Мә­жі­ліс Төрағасы Нұрлан Нығматулин бір­неше министр мен олардың орын­­басарларын мемлекеттік тілде қойылған сұраққа сол тілде жауап бер­мегені үшін сынға алған еді. Мә­се­лен, өткен жылы  Әкімшілік рәсім­дік-процестік кодекс жобасы қарал­ған төменгі палата отырысында де­путат Наринэ Микаелянның қазақша қойған сауалдарына орыс тілінде жауап қайтарған Цифрлық даму, ин­новациялар және аэроғарыш өнер­кәсібі вице-министрі Асхат Оразбек Мә­жіліс Спикерінен оңбай сөз естіді. Өзге ұлт өкілі болғанына қарамастан, мем­лекеттік тілді құрметтеп, мемле­кет­тік мүддені қорғап отырған депу­тат­қа  Наринэ Микаелянға вице-ми­нистрдің орысша тіл қатуы және оны­сынан еш қымсынбауы көпші­лік­тің ашуына тиді. Еш рұқсат сұра­мас­тан мемлекеттік тілде сөйлеп тұр­­ғандай емін-еркін көсілген ми­нистрлік өкілінің сазайын Нұрлан Нығ­матулин берді:
– Әрине, бізде аударма бар. Осы зал­да отырған әрбір азаматқа қай тіл­де сөйлеймін десе де жағдай жа­сал­ған. Бірақ басқа ұлттың азамат­тары қазақ тілінде сайрап тұрғанда, сіздің мемлекеттік тілде жауап бер­ме­геніңіз дұрыс емес – деді спикер қа­зақша білмейтін қазақ вице-ми­нистрге қадалып тұрып.
Мәжіліс Төрағасының үнемі ми­нистрлерден мемлекет­тік тілді талап етіп отыратынын жұрт қуана қолдайды. Талабы тастай спикердің сонымен қатар кейбір өз ісіне жауапсыз қараған вице-ми­нистр­лерді «дайындалып келіңіз» деп Парламенттен қуып жібергенін де көпшілік жөн шара деп есептейді. Өзге ұлт өкілдері демекші, ұл­ты орыс болса да жаны қазақ азамат, мемлекеттік тілге құрметі үшін елдің алғысына бөленген сая­сат­кер Геннадий Шиповских өткен жы­лы Мәжіліс депутаты болып тұр­ған шағында қазақ тілін білмейтін шенеуніктер үшін ұялатынын айтқан еді.
«Орталық коммуникациялар қыз­метіндегі брифингте немесе өңір­лерге барғанда кейбір мемлекеттік қыз­метшілер қазақ тілінде сөйлеген кез­де «ақсап» жатады. Тіпті, қараны қа­ра, ақты ақ деп қазақ тілінде түсін­діріп те бере алмайды. Бұл халық ара­сында теріс көзқарас қалыптас­ты­ра­ды. Меніңше, осыған да мән беруі­міз керек. Мәселен, «Таңшолпан» бағ­дарламасының тілшілері елі­міз­дегі бір министрлікке хабарласып, қа­зақ тілінде спикер сұраса, мем­ле­кет­тік тілде сөйлеп бере алатын спи­керлерінің жоқ екенін айтыпты. Осын­дай үлкен министрлікте қазақ­ша түсіндіріп бере алатын маманның жоқтығына таңғаламын», – деді Ген­на­дий Шиповских.
Геннадий мырзаның қай ве­домствоны меңзегенін анық­тап, мемлекеттік тілді менсінбеген шенеуніктердің соңынан шам алып түсу – мақсатымыз емес. Одан ұтары­мыз шамалы. Ұтылмас үшін, қазақ тілінің асығы түгел, мәртебесі биік болуы үшін ең абзалы – мемлекеттік тіл­ді білмейтіндерді мемлекеттік қыз­метке, билік басына жолатпау. Жауап­ты қызметке қабылдар алдын­да шенділердің тіл білу деңгейін тек­серетін тетіктер жоқ емес, бар. Алай­да мемлекеттік органдарда қа­зақша екі ауыз сөздің басын қоса ал­майтындардың қарасы көп екенін ескерсек, көпті уәде еткен тесттердің әлденені өзгерте алар қауқарына күмән келтірмеске лаж жоқ. Қазтест: Шенділердің тіл білу деңгейі қандай? Өткен жылы М. Бақтиярұлы, Л. Сүлеймен, Н.Жүсіп, Н.Тө­ре­­ға­лиев, Д.Нұржігітова, Д.Нөкетаева сын­ды бір топ сенатор Үкімет бас­шы­сына мемлекеттік тілге қатысты де­путаттық сауал жолды. Асқар Ма­миннің сол сауалға берген жауабында кел­тірілген деректерге сүйенсек, Қа­зақстан Республикасында тілдерді дамыту мен қолданудың 2011-2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағ­дарламасын жүзеге асырудың нәти­жесінде 2011-2018 жылдар аралы­ғын­да мемлекеттік тілді меңгерген аза­маттардың үлесі 25 пайызға өсіп, бүгін 86 пайыз болып отыр. Аталған кезеңде мемлекеттік БАҚ-тағы қазақ ті­ліндегі контенттің үлесі 56 пайыз­дан 73 пайызға дейін, мемлекеттік ор­гандарда қазақ тілінде құжат ай­налымының үлесі 88 пайыздан 93 пайызға дейін өскен. Ал Алматының 2020 жылғы даму бағдарламасындағы дерек бойынша бүгінде қала тұр­ғын­дарының 90 пайызы қазақ тілінде еркін сөйлеп тұр. Жоғарыда аталған деректер рас болса, мемлекеттік қыз­метте жүргендер, жұмсақ креслода шірен­ген шенділердің көпшілігі неге мемлекеттік тілге шорқақ? Әлде мем­лекеттік орган қызметкерлері жо­ғарыдағы статистикаға енбейтін ерек санат па? Мемлекеттік қызметкер жұ­мыс­қа қабылданар алдында қаншалықты қазақ тілін меңгергенін анықтайтын тест тапсыратыны көп­шілікке мәлім. Қазтест тапсырма­ла­рын тестология саласын игерген, елі­­міз­дің жетекші жоғары оқу орын­да­рының тілші-ғалымдары, әдіскер­лері мен ғылыми зерттеу инсти­тут­тарының мамандары әзірлейді. Осы рет­те, жоғарыда біз атап өткен тіл­дер­ді дамыту мен қолданудың 2011-2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасында қазақ тілін мең­герген азаматтардың үлесін Қазтест жүйесі арқылы бағалау көрсетілген. Осыған орай, аталған бағдарламаға сәйкес жыл сайын мемлекеттік қыз­метшілер сынақтан өтеді. Бүгінгі күнге дейін Қазтест жүйесі бойынша тестілеуге 400 мыңнан астам адам қа­тысқан. Оның ішінде, 2015-2020 жылдар аралығында 100 мыңнан ас­там мемқызметшінің тіл білу дең­гейі тексерілді. Сынақ нәтижесіне сүйенсек, 2017 жылы тестілеуден өткен 20 мың­нан астам мемлекеттік қыз­метшінің ішінде қазақ тілін орта дең­гейде (В1) меңгергендер 27,8 пайыз болса, жоғары (С1) деңгейді 0,7 пайы­зы меңгерген. 2018 жылы 25 мың­ға жуық Қазтест тестілеуіне қа­тыс­қан мемлекеттік қызметшінің қа­зақ тілін орта деңгейде (В1) мең­гер­гені 20,2 пайызды, жоғарғы (С1) деңгейді меңгергендері 0,7 пайызды көрсетті. 2019 жылы 15 мыңнан ас­там мемлекеттік қызметші Қазтест тес­тілеуінен өткен. Оның ішінде, қа­зақ тілін орта деңгейде (В1) мең­гергендер 30,5 пайызды, жоғары (С1) деңгейді меңгергендер 3 пайызды көрсетті. Яғни, тек 2019 жылы ғана мемлекеттік тілді жоғары деңгейде бі­летін мемлекеттік қызметкердің үле­сі 2 пайызға жоғарылаған. Ал был­тыр тестілеуге қатысқан 3 мыңға жуық қызметкердің 25 пайызы ғана қазақ тілін ортадан жоғары деңгейде (В2), небәрі 2 пайызы жоғары деңгей­де меңгергені анықталды. Осы орайда, ресми құжаттар­дан көзіміз шалған тағы бір «қы­зықты» деректі айтпай кетуге бол­мас. Елімізде 2013-2020 жылдар ара­лығында Қазтест тестілеуі бойын­ша диагностикалық және сер­ти­фи­каттық тестілеуден әртүрлі лауа­зым­дағы 131 412 мемлекеттік қызмет­кер­дің арасында әкімдер мен ми­нистр­лер де бар. Нақтырақ айтсақ, қазақ ті­лінен сынақ тапсырған 4 ми­­нистр­дің екеуі – базалық,  біреуі – орта, тағы бірі ортадан жоғары деңгейде мең­герген. Ал бір облыс әкімі мем­ле­кеттік тілді орта деңгейде  білсе, төрт қала әкімі – бірінші қарапайым дең­гейде, екеуі – базалық, біреуі орта дең­­гейде меңгерген. Байқағанымыз­дай, тестілеуден өткен әкімдер мен министрлердің ешбірі қазақ тілін жо­ғары деңгейде, яғни жетік біл­мей­тін болып шықты. Десе де, бұл фак­тор олардың өз қызметін сапалы ат­қаруына кедергі келтірмейді деген ұйғарым жасалған секілді. Бүгінгі Үкіметте, жергілікті басқару орган­да­рында қазақша баяндаманы ежіктеп оқи­тын, мемлекеттік тілде сұрақ қойыл­са, орысша жауап беруді әбес­тік көрмейтіндердің көптігі – сол ұйғарым­ның «жемісі». Құлықсыздың сылтауы бітпес Мемлекеттік қызмет істері агент­тігінің Нұр-Сұлтан қа­ла­сы бойынша департаменті басшы­сы­ның орынбасары Роман Ким мем­лекеттік тілді білуге арналған тест­тен сүрінбей өткендер кейіннен жур­налистер мен халықтың сұрақ­та­рына мемлекеттік тілде жауап бере алмайтынын мойындады. Ол өзі де келіп түскен мемлекеттік тілдегі сұ­рақ­тарға дәл сол тілде жауап беруге қа­білетті емес екенін жасырмайды.
«Мемлекеттік қызметке орналасу кезінде үміткер заңнаманы және мем­лекеттік тілді меңгеру деңгейін тек­серуге арналған тест тапсыраты­ны рас, бірақ мемлекеттік тіл сынағы бү­гінгі күні бағаланбайтынын айт­қым келеді. Яғни, ол үшін ұпай қойыл­май­ды. Бұл негізінен тестілеу кезінде заң­­наманы білуге қатысты. Әзірге қол­­даныстағы заңда бұл қарас­ты­рыл­маған», – дейді ол «Литер» басы­лы­мына берген сұхбатында.
Оның сөзінше, алдағы уақытта мемқызметшілердің мемле­кет­тік тілді білу деңгейін бағалау мә­селесі пысықталатын болады. Алай­да Роман Ким шенділерге қазақ ті­лін оқытатын арнайы бағдарлама жо­ғын алға тартыпты. Мұны мемлекеттік қызмет іс­­терін үйлестіретін шенеу­нік­тің мемлекеттік тілді меңгеруге құлықсыздығы демеске лажымыз жоқ. Қазақ тілін үйренемін деген тал­пынысы болса, үйрететін адам, ба­ғыт беретін бағдарлама табыл­май­ды дегенге кім сенеді? Мемлекеттік тілден бұрын ағылшын тілін мең­геруді бірінші орынға қойып, шет тілі курстарынан ақшасын да, уақытын да аямайтын мемқызметшілер қазақ тіліне келгенде жүз сылтау тауып ала­­тыны – әлі күнге дейін мемлекет құрау­шы ұлттың тіліне деген қажет­тілік жоқ екенінің айғағы. P.S. Өткен жылы Ақмола облысының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет департаменті басшысының бірінші орынбасары Арман Бердалин мемлекеттік тілді меңгермеген мемлекеттік қызметшілердің еңбекақысын 50 пайызға қысқартуды ұсынған еді. Оның айтуынша, соларға бола қанша қаржы жұмсалып, қаншама бағдарлама жазылса да, нәтиже шыққаны шамалы. Орынды сөз. Қазақ тіліне шынайы қажеттілік тумайынша әлдебір өзгеріс күту – ертегіге сенгенмен бірдей.