275
Ақпараттық саясаттың алғы шебінде кімдер жүр?
Ақпараттық саясаттың алғы шебінде кімдер жүр?
Келер жылы елімізде БАҚ туралы жаңа заң қабылданбақ. Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаеваның айтуынша, биыл заң жобасының тұжырымдамасы кеңінен талқылауға ұсынылады. Отандық медиа нарықтың қызметін реттейтін жаңа құжатта қандай мәселелер қамтылуы тиіс? Әлеуметтік желілердің қоғамдық санаға ықпалы артып, сенсация мен «хайп» қууды кәсіби дағдыға айналдыра бастаған жаңа медианың асығы алшысынан түсіп тұрғанда мәртебесі төмендеген дәстүрлі БАҚ-қа қандай қолдау көрсетілмек? Желідегі желіктің салмағы басым түсіп, миллиондаған жазылманы бар блогерлердің ақ дегені алғыс, қара дегені қарғыс болып тұрғаны жасырын емес. Жаңа заң желідегі жүгенсіздікке тұсау бола ала ма?
Салалық журналистиканы дамытуға ден қойылады
Өткен жыл барлық нарық субъектілері секілді бұқаралық ақпарат құралдары үшін де ауыр жыл болды. Жұмыстың қашықтан жүргізілуі, бұқаралық шаралар өткізуге тыйым салынуы, респонденттермен бетпе-бет сұхбаттасу мүмкіндігінің шектелуі журналистердің жұмысына тежеу болғаны белгілі. Соған қарамастан отандық медианарық дамуын тоқтатқан жоқ. Өткен аптада Премьер-Министр орынбасары Ералы Тоғжановтың қатысуымен өткен Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің кеңейтілген алқа отырысында ведомство басшысы Аида Балаева 2020 жылдың нәтижелерін жариялады.
Өткен жылы бірқатар жаңа ақпараттық жобалар іске қосылды. Атап айтқанда, Абайдың 175 жылдығын мерекелеу аясында Abai TV телеарнасы өз жұмысын бастады. Мемлекеттік органдардың қызметі туралы халықты сапалы ақпараттандыру мақсатында екі портал іске қосылды: мемлекеттік БАҚ-тардың бірыңғай порталы, ол азаматтарға жедел анық ақпарат береді, сондай-ақ мемлекеттік бағдарламалардың мағынасы мен халыққа пайдасын түсінікті түсіндіретін мемлекеттік бағдарламалардың бірыңғай порталы.
Министр атап өткендей, өткен жылы министрлік журналистердің біліктілігін арттыруға және қайта даярлауға, сондай-ақ салалық журналистиканы дамытуға бағыт алды. Биыл осы бағытта жоспарланған істер жүзеге асырылмақ.
«8 ақпаннан бастап алғашқы 50 журналист С.Асфендияров атындағы ҚазҰМУ базасында медициналық тақырыпта мамандана бастайды. 15 ақпаннан бастап кемінде 50 журналист Л.Гумилев атындағы ЕҰУ базасында дін саласындағы білімдерін жетілдіретін болады. Ал 22 ақпаннан бастап тағы 50 журналист үшін әл-Фараби атындағы ҚазҰУ базасында экологиялық тақырып бойынша сабақтар басталады. Аграрлық, құқықтық, экономикалық және әлеуметтік-еңбек салаларындағы басқа да жоғары оқу орындарымен осындай жұмыс жүргізілетін болады», – деді А. Балаева.
Сондай-ақ министр 2022 жылы БАҚ туралы сапалы жаңа заң қабылдау көзделіп отырғанын айтты. Мұндағы түпкі мақсат – мемлекеттің бірыңғай ақпараттық саясатының заңмен қамтамасыз етілген тетіктерін қалыптастыру.
«Биыл да біздің алдымызда маңызды міндеттер тұр. Олардың ішіндегі ең маңыздылары — мемлекеттің ақпараттық қауіпсіздігін қамтамасыз ету және ақпараттық-идеологиялық жұмыс. Бағыттардың бірі ретінде шекара маңы аумақтары бойынша жұмыс басталды, онда бұл мәселе әрдайым өзекті болды. Шекара маңындағы аумақтарда мемлекеттік радиохабар тарату желісін дамыту жөніндегі Жол картасы әзірленді. Радиожиіліктерге конкурс жарияланды. Ақпараттық-талдамалық бағыттағы бағдарламалар басым тәртіппен қаралатыны түсінікті», – деді ведомство басшысы.
Телеарналардағы отандық ақпараттық контенттің үлесін арттыруға да баса көңіл бөлінбек. Өткен жылы шетелдік контент 30 пайызға төмендетілді. Министрлік бұл жұмысты биыл да жалғастырады. Бұл ретте өндірілетін телевизиялық контенттің сапасына басты назар аударылмақ.
Ұлттық жоспардың ұсынары не?
Телевизия демекші, дәстүрлі БАҚ-қа сұраныс азайды деп дабыл қақсақ та, отандық телеарналар әлі күнге елімізде ең танымал БАҚ болып отыр. Бұған Ақпарат саласын дамытудың 2020-2022 жылдарға арналған ұлттық жоспарында келтірілген деректер дәлел. Өткен жылы Үкімет қаулысымен бекітілген ұлттық жоспарда медиадағы трендтер мен оның қай бағытта қозғалуы керектігі егжей-тегжейлі айтылған.
Құжаттағы мәліметтерге сүйенсек, Қазақстанда
3 600-ден астам БАҚ тіркелген. Аудиторияны қамту бойынша ең танымал ақпарат құралы – бұрынғыдай телевизия саласы. Интернет-ресурстар екінші, дәстүрлі баспа басылымдар үшінші орында. Радио танымалдығы жөнінде БАҚ-тар арасында кейінгі орында. Елімізде бас-аяғы 410 телеарна тіркелген, оның 161-і – қазақстандық және 249-ы – шетелдік. Отандық телеарналардың үштен бір бөлігі соңғы үш жылда ашылған. Десе де, бәсекелес ортаның шектеулі болуына, сондай-ақ продакшн-студиялар нарығының даму деңгейінің төмен болуына байланысты отандық телевизияда өндірілетін контенттің сапасы айтарлықтай жоғары емес. Екіншіден, өңірлік телеарналар бәсекеге қабілетсіз. Көбінесе өңірлік телевизия республикалық телеарналарға қарағанда нарықтың шектеулілігі және ірі жарнама берушілердің болмауына байланысты монетизациялау тәсілдерінен қалтарыс қалып отыр. Үшіншіден, метриканың тиімділігін бағалау үшін медиаөлшеу жүйесінің болмауы да саланың дамуын кенжелетіп отыр. Телеарналар аудиториясын өлшеумен айналысатын небәрі бір ғана ұйымның болуы нарықтың дамуы туралы объективті деректер алуға мүмкіндік бермейді. Ұлттық жоспарда осы түйткілдерді шешуге бағытталған шаралар кешені көрсетілген.
Интернет басылымдарға келсек, елімізде олардың жалпы саны – 471. Министрлік деректері бойынша Қазақстанда 6-74 жас аралығындағы интернет желісін пайдаланушылардың үлесі 78,2 пайызға, ал мобильді интернетті пайдаланушылардың саны 44 пайызға өсті. Негізгі аудитория – 14-45 жас аралығындағылар. Бұдан басқа, әлеуметтік желілер мен мессенджерлердің танымалдығы артқанын атап өту қажет. 2019 жылдың қаңтар айындағы жағдай бойынша, әлеуметтік желілерді елдегі халықтың 39 пайызы пайдаланады. Індет таралып, карантин жарияланғалы бері бұл көрсеткіш арта түспесе, кемімегені анық.
Мерзімді басылымдардың мәртебесі неге төмендеді?
Жаңа платформалардың дамуы телевизияның танымалдығына қатты әсер ете қоймаған. Себебі, ұлттық жоспар авторларының сөзінше, «адамдар теледидарды көруді азайтқанымен, телеөнімдерді пайдалануды тоқтатпаған». Есесіне, интернет басылымдардың көбеюі баспа БАҚ-қа сұранысты төмендетті. Мерзімді баспасөз басылымдарының саны өзге ақпарат құралдарынан қаншалықты көп болса, аудиториясы соншалықты аз. Елімізде 2 964 мерзімді баспасөз (жалпы БАҚ санының 80,8 пайызы), оның ішінде 1 859 газет және 1 105 журнал тіркелген. Күн сайын оларды қазақстандықтардың 13 пайыздан астамы ғана оқыса, 43 пайызы сирек, ал 23 пайызы мүлдем оқымайды. Негізгі түйткіл – ақпарат тарату бойынша бәсекеде интернет БАҚ-тың алға шығуы мен пошта қызметінің қымбаттауы және газет дүңгіршектерінің азаюы. Осыған байланысты мемлекет газет-журналдарға қолдау көрсетіп, дүңгіршек желілерін қаржылай ынталандырмақ.
BRIF Research Group зерттеу компаниясының мәліметінше, қазақстандықтардың 77 пайызы ақпарат алмасу үшін WhatsApp мессенджерін пайдаланады, Instagram желісін пайдаланушылар – 34 пайыз, ВКонтакте – 40 пайыз, Одноклассники әлеуметтік желісіне 30 пайыз адам кіреді. Әлеуметтік желілердің белсенділігі мерзімді басылымдардың аудиториясын азайтып қана қоймай, сапасы мен беделін де төмендеткені жасырын емес. Желідегі жеделдікке ілесу үшін баспасөз журналистері осы күні терең талдау, салмақты сарапты ұмытып, үстірт шолу, асығыс ақпар беруге төселіп бара жатқанын оқырмандар аузынан жиі естиміз. Сайттарын оқылымды ету үшін мерзімді басылымдар негізгі бағыттарынан айнып, желідегі жұртқа «өтімді» тақырыптарды ұсынуға машықтана бастағанын да көз көріп жүр. Бүгінгі оқырманға атыс-шабыс, дау-дамай, «жұлдыздардың» жүріс-тұрысы, бай-бағландардың ішіп-жегені қызық. Нарықтың «не сұраса – соны бер» қағидатын басшылыққа алып, газет-журналдар да осы тақырыптарды төңіректеуге мәжбүр. Өйтпесе, рейтингі құлдырайды, салдарынан тапсырыстан қағылады. Тапсырыс болмаса, кіріс те жоқ. Кірісі азайған кәсіпорынның жұмысшылары азып-тозып, ісінен береке кете бастайтыны о бастан белгілі. Сондықтан баспа басылымдар нарық талабынан әрі аса алмай отыр.
Одан қалса, газет тілшілерінің көпшілігі блогерлікке бет бұрып, негізгі кәсібінен таппаған нәпақаны желіден іздеуге көшті. Журналистердің әлеуметтік желідегі белсенділігі артты. Өкінішке қарай, ол кәсіби миссияға адалдық, ақпаратқа бейтараптық, объективті көзқарас тұрғысындағы белсенділік емес, ол – қолында билігі мен ақшасы барға жағынып-жалпақтау, шенді-шекпендінің амандығын тілеп пост жазу тұрғысындағы белсенділік. Мемлекеттік органдар желідегі жұртты аузына қаратқан блогерлерге миллиондаған қаржы төлеп, шенеуніктердің беделін көтеруді «заңдастырып» алғанын көріп-біліп отырған журналистер де батпан құйрықтан қағылғысы келмейді де. Журналистиканы жеке мүддеге пайдалануға, ақпарат айдынын мадақ жырын айтатын сахнаға айналдыруға тоқтау қоятын кез келді. Жаңа заңда осы мәселе ескерілуі қажет дейді саланың көпті көрген, көнекөз мамандары. Әйтпесе, қоғамдағы ләппайшылдық пен жағымпаздыққа, әріге тереңдесек, сыбайлас жемқорлық пен парақорлыққа тұсау салынбайды, журналист беделі де артпайды.
Әлеуметтік желілер ұлттық қауіпсіздікке қатер төндіруі мүмкін
Ақпарат саласындағы шешімін күткен тағы бір өзекті мәселе – әлеуметтік желідегі ұлттық қауіпсіздікке, қоғам тұтастығына қауіп төндіретін дереккөздерге тұсау салу, ел ішіне іріткі салатын жалған ақпараттарға тосқауыл қою.
Бұрын ата-аналар балаларына келер қауіпті тек түзден күтсе, қазіргі кездегі қауіп-қатер көзі – үйдегі компьютер мен баланың қолындағы ұялы телефоны. Бүгінде желіден келер қауіп салдары ядролық қарудың қатерімен теңестіріліп отырғаны бекер емес. Технологиялар біздің күнделікті өмірімізге етене кіріп кеткені соншалықты, біз олардың пайдасын ғана ойлап, зияны туралы жүйелі түрде бағамдай бермейміз. Еліміз бойынша компьютер арқылы жоғары жылдамдықтағы интернетке қол жеткізе алатын абоненттер саны – 2,5 млн болса, ұялы байланыс арқылы ғаламдық желіге қосыла алатын тұрғындар саны – 14,4 миллионға жеткен, бұл халық саны 18 миллионнан енді асқан ел үшін жоғары көрсеткіш. Бұл жерде оң-солын танып үлгермеген жастардың, бесіктен белі шықпаған балалардың да алар үлесі жоғары екенін пайымдауға болады.
Өкініштісі, соңғы уақытта бала түгілі көпті көрген ересек адамдардың өзі оқиғаның анық-қанығына жетпей, желідегі жалған ақпараттың жетегінде кететін жағдайлар көбейді. Өзі еріп қана қоймай, тексерілмеген ақпаратты жерден жеті қоян тапқандай жер-көкке тарататындар да аз емес. Бұл қауіпті. Өйткені негізсіз ақпарат айрандай ұйып отырған, ынтымақ-бірлігі жарасқан ел ішінде, адамдар арасында алауыздық пен өшпенділік өртінің өршуіне алып келуі әбден мүмкін. Түймедейді түйедей етіп көрсетіп, әлеуметтік желі арқылы «аттандап» жатқан бейнекөріністерге имандай иланып, қақтығыстың қақ ортасынан табылатындар да жоқ емес. Олар жалған ақпарат жаппай жүгенсіздік пен тәртіпсіздікке жол ашатынына соншалықты бас қатыра қоймайды. Мұның соңы немен аяқталатыны бәрімізге белгілі. Елді мекендер қирандыға айналып, отқа оранып, дүние-мүліктің тас-талқаны шығып, адамдар бір-біріне алакөзбен қарап, әп-сәтте жау болып шыға келеді. Тіпті күні кешегіге дейін төс қағыстырып, ағайын-туыстай болып кеткен, арқа-жарқа болып жүрген адамдар бойын кернеген ашу-ыза үстінде бір-біріне оқ атып, мерт еткен жағдайлар да бар.
Өткен жылдың жазында Түркістан облысының Шорнақ ауылында болған қақтығысты көпшілік ұмыта қоймаған болар. Ауыл жастарының арасында болған тұрмыстық жанжал учаскелік инспектор мен үш тұрғын жарақат алды. Жанжалдың мән-жайын тексерген Ішкі істер министрлігі арандатушылардың әлеуметтік желі арқылы тәртіпсіздік жасауға шақырып, жақын маңдағы ауыл тұрғындарын заңға қайшы әрекеттер жасауға үгіттегенін анықтады. Заңсыз әрекеттердің жолы дер кезінде кесілді. «Адам өлімі болған жоқ» деп шүкіршілік етсек те, ауыл жастарының арасына іріткі түсті. Тіпті бұл оқиғаны кейбіреулер этносаралық жанжалға айналдырғысы келіп, желілерде жалған ақпараттар таратып, бұзақылыққа шақырған үндеулерін жария етті.
Бір ауылды ғана емес, тұтас елді дүрліктірген Қордайдағы жанжалдың өршуіне де әлеуметтік желідегі «гөй-гөйлер» ықпал еткенін жоққа шығара алмаймыз. Ресми органдардың болған оқиға жайлы ақпаратты дер кезінде жарияламауы, мемлекеттік БАҚ-тың кідірісі ақпараттық вакуумның әлеуметтік желі, мессенджерлер арқылы тараған түрлі қауесет, фейк мәліметтермен толуына әкеліп соқты. «Шын мәнінде, пәленше кісі көз жұмыпты», «Олар қылмыскер екен», «Күдікті қашып кетіпті» деген қоғамды қоздырушы ақпараттар тарай бастайды. Арадағы түсініспеушілікті ақылмен емес, жұдырықпен шешуге үндеген арандатушылардың «аттаны» өшпенділік тудырды, қисық әрекеттерге себеп болады. Қордай оқиғасы кезінде бос қалған ақпараттық кеңістікті жекелеген блогерлер сәтті пайдаланғанын байқадық.
Бұл мысалдар ресми органдар жұмысының жеделдігін арттыру қажеттігінен бөлек, әлеуметтік желілерге жіті бақылау керек екенін айқын көрсетті. Ұлтаралық араздықтан бөлек, алыс-жақын мемлекеттердегі желі «батырлары» тұтатқан діни қақтығыстарды, ғаламтордағы үндеулер арқылы түрлі ағымдардың жетегінде кеткен қарақұрым жұртты да көз көріп, құлақ естіп отыр. Әлеуметтік желілерге жүген керек деп отырғанымыз сондықтан. Бәзбіреулер сөз бостандығына кепілдік берілген құқықтық, зайырлы мемлекетте әркім желідегі парақшасына өзі қожа екенін алға тартуы мүмкін. Алайда парақша өзімдікі деп ойға келгенді жазу, адамдарды арандататын, ағайынды араздастыратын ақпарат тарату қылмыстық жауапкершілікке апаратынын ұмытпаған жөн. Десе де, ақпараттық технологиялардың дамуымен ушыға түскен желідегі жүгенсіздіктерді тыюға Қылмыстық кодекстің 174-бабы («Әлеуметтік, ұлттық, рулық, нәсілдік, тектік-топтық немесе діни алауыздықты қоздыру») қауқарсыз болып тұр. Сондықтан бұл мәселені БАҚ туралы жаңа заң аясында шешу – заман талабы.
Бауыржан ҒҰБАЙДУЛЛИН,
Батыс Қазақстан облыстық
«Орал өңірі» газетінің бас редакторы:
Журналистердің әлеуметтік мәртебесіне баса назар аударылғаны жөн
– Бұқаралық ақпарат құралдарына қатысты заңды заман талабына сай жаңалап-жаңғырту, үшбу заңды жаңа сапалық деңгейге көтеру өте көкейкесті мәселе. Әсіресе, журналистердің әлеуметтік мәртебесіне баса назар аударылғанын қалаймыз. Мәселен, тұрғын үй кезегіне тұрарда немесе баспана сатып алу үшін банктерден несие аларда журналистерге жеңілдікке негіз болар ешқандай әлеуметтік сипат жоқ. Яғни, журналистер мемлекеттік қызметкер емес немесе бюджеттік саланың өкілі емес деген сияқты... Осындай факторлардың кесірінен журналистер өздерін қоғамның өгей баласы сияқты сезінетін жағдайлар баршылық. Осыдан екі-үш жыл бұрын облыстың бір ауданында мал ұрлығы күрт өршіп, ел-жұрттың арыз-шағымы негізінде ұйымдасқан қылмыстық топ бойынша журналистік зерттеу жүргізуге тура келді. Кейін қылмысы әшкереленіп, 11 жылға сотталған ұйымдасқан қылмыстық топтың «көсемі» сотта «Журналистер мені келісімімсіз фотоға және бейнетаспаға түсірді» деп жала жапқысы келді. Ал бізде оның өзін фотоға және бейнетаспаға түсіруге келісетіні жөнінде бейнежазба бар еді. Осының нәтижесінде сотталушының журналистерге таққан айыбы сотта негізсіз деп танылды. Менің бұл жайтты айтып отырғанымның екі себебі бар: біріншісі, барлық газеттердің редакцияларында мүмкіндігінше бейнеоператор мен бейнекамера болғаны жөн. Өйткені, аудиожазба сотта айғақ болып табылмайды. Бұл, әрине, журналиске жұмыс беруші ескеруі тиіс маңызды мәселе. Екіншіден, кәсіби тұрғыдан өте қажет жағдайда, әсіресе, журналистік зерттеу барысында әріптестерімізге тараптардың, яғни күдіктінің (айыпталушының) немесе тіпті куәгерлердің рұқсатынсыз фотоға және бейнетаспаға түсіруге заңды түрде мүмкіндік берілгені дұрыс деп есептеймін. Яғни, журналистің мұндай іс-әрекетін құқық қорғау құрылымдары қызметкерлерінің оперативті түсіріліміне теңестіру мүмкіндігін қарастырып көрсек. Әрине, ол үшін белгілі бір тараптан арыз-шағым болғаны жөн. әлеуметтік желілерді пайдаланушылар мен блогерлердің кейбіреулері кейде тым артық кетіп қалады. Демек, мәселе тым асқынып, әсіре ушығып кетпей тұрғанда, олардың да іс-әрекеттерін заңдық тұрғыдан реттеп отырудың заңды тетіктерін тездетіп іске қосқан ләзім.