Карадениз университетінің профессоры З.Демирбак профессор Б.К.Заядан және COMSATS хатшысы, PhD докторанты Хума Балучпен лабораторияда, Алматы, 2018 ж.[/caption]
Болатхан Қазыханұлының 2000 жылы Үндістанның Хайдарабад, Дели қалаларында Ғылыми-практикалық орталығында және 2009 жылы Ұлы Британияның Лондондық университет колледжінде (UCL) тәжірибе-жинақтаушысы болып тағылмдамадан өтуі оған ағылшын тілін еркін меңгеріп, әлемнің ғылыми әдебиеттерімен танысуға жол ашты. Ол ағылшын тіліндегі «Basics of Biotechnology» оқулығын, «Environmental biotechnology» оқу құралымен бірге 80-нен астам мақалалары Web of Science, Scopus базасында жарық көрді. Осының арқасында, 2017-жылы Web of Science Core Collection деректері бойынша 2012-2016 жылдар аралығында «Жасыл энергетика» саласындағы қазақстандық ғалымдар арасында жоғары дәйексөз келтіргені үшін Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің дипломымен және осы жылы Springer Nature баспасының журналдарында жарияланым белсенділігінің жоғары көрсеткіштері үшін Springer Nature халықаралық сертификатының иегері болды. 2019-жылы «Top researcher in Engineering and technologies» номинациясы бойынша Scopus Award-2019 дипломының иегері атанды.
Академик Болатхан Қазыханұлының бастамашылығымен өнеркәсіптік биотехнология үшін болашағы мол 13 туыс және 25 түрден тұратын микробалдырлардың 90-ға жуық табиғи және мутантты штамдарынан тұратын әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің микробалдырлар мен цианобактериялар коллекциясы құрастырылды (CCMKazNU-Culture Collection of microalgae, Al-Faraby Kazakh National university). 2017-жылы Б.К.Заядан Астанада өткен «Болашақ энергиясы» тақырыбына арналған EXPO-2017 халықаралық мамандандырылған көрмесіне қатысты, онда энергия үнемдеудің үздік әлемдік технологиялары, қолданыстағы баламалы энергия көздерін пайдаланудың жаңа әзірлемелері мен технологиялары ұсынылды. Ол шетелдік Adunic АГ (Австрия) және EcologicStudio (Лондон) компанияларымен бірлесіп «ЭКСПО 2017 шеңберінде фотобиореакторларда биодизель алу үшін микробалдырларды жаппай дақылдау және мониторингілеу» жобасын басқарды. Қазірге дейін 15-тен астам халықаралық және отандық ғылыми-зерттеу жобаларының жетекшісі болған Академик Болатхан Қазыханұлы отандық және шетелдік 20-дан астам (Азия, Еуропа елдері және АҚШ) халықаралық конференцияларға қатысып баяндама жасады. Сонымен бірге, АҚШ, ҚХР, Польша, Ресей, Чехия, Жапония және Ұлыбританияның ірі ғылыми орталықтарымен бірлескен зерттеулерін белсенді жүргізіуде.
Болатхан Қазыханұлының тағы бір қыры оның ғылыми-педагогикалық қызметпен бірге басшылық және қоғамдық жұмыстарды қоса атқаруы. Ол 2011-2015жж. әл-Фараби атындағы ҚазҰУ биотехнология кафедрасының меңгерушісі болды. 2015 жылдан қазіргі күнге дейін әл-Фараби атындағы ҚазҰУ биология және биотехнология факультетінің деканы болып қызмет істейді. Осы кезеңде университет рейтингінің индикативтік жоспары бойынша факультет жетекші орындарға ие болды, 16 жаңа білім беру бағдарламасы, 4 қос дипломды білім беру бағдарламасы енгізілді, 4 жаппай онлайн курстар әзірленді. Осы уақыт ішінде факультетте студенттер контингентінің өсуі байқалды. Сонымен қатар, факультет түлектері 100% жұмыспен қамтылды.
Қазіргі уақытта академик Болатхан Қазыханұлы «Биоотын өндірісі үшін цианобактериялардың перспективалы штамдары негізінде биосутегі алу технологиясын әзірлеу» жаңа бағытымен айналысады. Биологиялық отындардың әр түрлерінің ішінде биосутегі ең таза және құнды түрі және болашақтың экологиялық таза және жаңартылатын энергия тасымалдаушысы ретінде ең перспективалы энергия көзі бола алады.
Академик Болатхан Қазыханұлының ең алғаш б.ғ.д., профессор, Қазақстан Ұлттық Жаратылыстану ғылымдары академиясының академигі, қазіргі уақытта РМК «Микробиология және вирусология институты» бас директоры А.К.Садановтың үлкен адами қолдауымен алғашқы кандидаттық диссертация қорғатқаннан күні бүгінге дейін (Шорабаев Е.Ж., 2000 ж.) жетекшілігімен 6 кандидаттық, 9 PhD докторанттық, бірнеше ондаған магистрлік диссертация қорғатты. Ғылымға тамырын терең тартып, жапырақ жайған ғалымның шәкірттері Алтай, Арқа мен Атырау арасында әр салада қызмет атқаруда, тіпті шетел асып онда өз еңбектерімен мойындатқандары да жетерлік.
Осындай тынымсыз еңбектерінің арқасында Академик Болатхан Қазыханұлы 2008 және 2018 жылдары «Қазақстан Республикасының ЖОО үздік оқытушысы» атағымен, 2014-жылы «әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-не 80 жыл» мерейтой медалімен марапатталған. 2014-жылы ҚР ғылым мен техниканың дамуына үлес қосқан ғалымдарға арналған мемлекеттік ғылыми стипендия иегері. 2016-жылы педагогикалық қызметіндегі жетістіктері үшін ҚР БҒМ «Ы.Алтынсарин» төс белгісімен марапатталған. 2018-жылы ҚР БҒМ «Қазақстан Республикасының ғылымын дамытуға сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісімен 2019-жылы «Қазақстан Республикасының білім беру ісінің құрметті қызметкері» төсбелгісімен, 2019-жылы әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың «Ерең еңбегі үшін» медалімен марапатталған.
[caption id="attachment_138316" align="alignnone" width="945"]
Академик Б.Қ. Заядан ата-анасы және жұбайымен[/caption]
«Табысқа жеткен еркектің артында ақылды жары тұрады» демекші, құдай қосқан қосағы Сәуле Білалқызы Болатхан Қазыханұлымен бірге өмірдің ащы-тұщысын бірге татып, көп уақытын ғылыми зертханаларда, әкімшілік жұмыстарда, ғылыми іссапарларда өткізетін отағасының жолын күтіп, жоқтығын білдірмей, балалары мен немерелерінің де отағасының да рухани тірегі, аналық жылуы болып келеді. «Балапан ұяда нені көрсе ұшқанда соны алады» дегендей әке тәрбиесі мен тәлімін көріп өскен балалары да білім мен ғылым жолын қуған. Академик Болатхан Қазыханұлының ұлы Мұхтар Халықаралық қатынастар саласынан PhD докторлық қорғаған. Қызы Кенжегүл Болатханқызы биотехнология бойынша PhD докторлық қорғап, қазір постдокторантурада ғылыми зерттеулерін жалғастыруда. Кіші ұлы Олжас Экономика мамандығы бойынша докторантурада оқыса, келіні Марал Математика ғылымдарының PhD докторы.
Қазіргі уақытта академик Б.Қ.Заядан қоғамдық жұмыстарға белсенді араласуда. Ол ҚР БҒМ Білім және ғылым саласындағы бақылау комитетінің биологиялық ғылымдар бойынша Сараптамалық кеңесі төрағасының орынбасары қызыметінде атқарды. Сондай-ақ, Заядан Б.Қ. биотехнология мамандығы бойынша әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың мамандандырылған докторлық Кеңесінің мүшесі, ҚазҰУ хабаршысы журналының бас ғылыми редакторы («Экология» сериясы), International Journal Biology and Chemistry және ҚР ҰҒА Хабаршы журналының биологиялық және медициналық сериясының редакциялық алқасының мүшесі болып табылады. Сондай-ақ Республикалық оқу-әдістемелік кеңестің биология мамандығы бойынша комиссия төрағасы, АҚ «Мемлекеттік ұлттық ғылыми-техникалық сараптама орталығының» сарапшысы, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің биология және биотехнология факультетінің Ғылыми кеңесінің төрағасы, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Ғылыми кеңесінің мүшесі. Биылғы жылдан бастап Болатхан Қазыханұлы Ұлттық Ғылыми Кеңестің мүшесі болып сайланды. Және де Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының мүшесі ретінде қоғамдық қызметпен белсенді айналысады. Айтпақшы, Болатхан Қазыханұлы елімізге оралған қандастардың арасында бірден-бір Қазақстан Республикасы Ұлттық Ғылым Академиясының академигі болып табылады.
Биыл тәуелсіздігіміздің 30 жылдығы, егемендік бастауы «желтоқсан оқиғасының» 35 жылдығы секілді еліміздің әр саласында атаулы іс-шаралар, айтулы мерекелермен қатар шетте қалған қазақ жерінде туып, тәуелсіз отанына ту ғылымның туын тіккен академик Болатхан Қазыханұлының 60 жылдық мерейтойы да тұспа-тұс келіп отыр. Қадірлі Болатхан Қазыханұлы, ғылым мен білім саласындағы ұзақ жылдық еңбегіңіздің нәтижелерін көруіңізге, денсаулығыңыз мықты болып, алаш еліне қызмет жасай беруіңізді, өзіңіз айтқандай «бақытты отаныңызбен» баяшат өмір кешуіңізді және сіз секілді Қазақ еліне адал қызмет атқаратын, жөргегінде уызға жарып, ана сүтін ақтайтын азаматтардың көп болуына тілектеспін.
Әлібек ЫДЫРЫСҰЛЫ,
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Биомедицина
ғылыми зерттеу орталығының директоры