Әлеуметтік желіде медицина қызметкерлерін вакцина салуға мәжбүрледі деген видео тарады. Жамбыл облысының Денсаулық сақтау басқармасы өкілдері видеоға қатысты пікір білдірді.
Tengrinews.kz сайтының жазуынша, желіде тараған видеоның кадрында маска таққан әйел медицина қызметкерлеріне вакцина салдырмаса жұмыстан босайтынын айтады. Ал қызметкерлер әлгі әйелдің бұл нұсқауына Мемлекет басшысының «вакцинация ерікті болады» деген сөзін алға тартады.
«Бәрібір шеттетілесіңдер, себебі жедел жәрдем қызметінде жұмыс істей алмайсыңдар», – дейді видеодағы әйел.
Бұл видео Tarazpost парақшасында жарияланды.
«За нами уже выехали» Telegram-арнасының мәліметінше, оқиға Тараз қаласындағы №2 ауруханада болған.
«Одан бөлек, Тараз қаласындағы аудандық аурухананың фельдшері мен Тараздағы №5 ауруханадағы медбике басшылық тарапынан қысым көрсетілгенін айтты. Тіпті медбикеге жұмыстан шығарылатыны айтылған. «Көнбесең, арыз жаз да, кете бер» дегендей. Ал Денсаулық сақтау министрлігіндегілер вакцинадан бас тартқаны үшін көрсетілген кез келген қысым заңсыз болып саналатынын айтты емес пе?» – деп жазды Telegram-арна.
Жамбыл облысының Денсаулық сақтау басқармасындағылар видеоға қатысты түсінік берді.
Ведомство мәліметінше, роликтегі азаматтар – №2 қалалық емхананың жедел жәрдем бөлімінің жүргізушілері. Олар шын мәнінде 2 ақпанда коронавирус инфекциясына қарсы вакцинаны салдырудан бас тартқан.
«Жүргізушілермен бас дәрігердің орынбасары Рабиға Багишева кездесіп, вакцинацияның қажет екенін түсіндірді, өйткені олар «қызыл» аймақта жұмыс істейді, тұрғындармен күнделікті байланыста болады. Вакцинация қызметкерлердің қауіпсіздігі мен COVID-19-дың одан әрі таралуының алдын алу үшін қажет. Ол жүргізушілерге вакцинациядан бас тартқан жағдайда коронавирус жұқтырудың ықтималдығы жоғары екенін түсіндірді. Осыған байланысты вакцина алмаған жүргізушілер жұмыс орны мен жалақысы сақтала отырып, «жасыл» аймаққа ауыстырылады. Қызметкерлерді жұмыстан босату туралы ешқандай қысым болған жоқ», - дейді Денсаулық сақтау басқармасының өкілі.
Ведомстводағылар Тараз қаласының №2 емханасының қалған тоғыз жүргізушісі коронавирусқа қарсы вакцинаны өз еркімен алғанын атап өтті.
Жамбыл облысының Денсаулық сақтау басқармасының хабарламасында медицина мекемелерінің басшыларымен түсіндіру жұмысы жүргізілетіні хабарланды.
ҚР «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі» кодексінің 77-бабына сәйкес ҚР азаматтары вакцинациядан бас тартуға құқылы» екенін еске саламыз.