Еуропада жүрсем де, Сарыжалымды сағынамын

Еуропада жүрсем де, Сарыжалымды сағынамын

Еуропада жүрсем де, Сарыжалымды сағынамын
ашық дереккөзі
51018
Жуырда әлеуметтік желіде өзін Шы­ғыс Қазақстан об­лы­сына қарасты Абай ауда­нын­дағы Сарыжал ауылының ту­масымын деп таныстырған не­міс азаматы Райнгольд Бауэр­­дің қазақ тілінде еркін сөй­легені көпшіліктің наза­рын аудартқаны рас. Қазақ­стан­ға деген сағынышын жет­кізген Райнгольд осыдан жиыр­ма алты жыл бұрын Са­ры­жалдан Германияға көшкен екен. Қазіргі таңда Штутгарт маңындағы ауылда тұрып жат­қан бұрынғы жерлесімізге ха­бар­ласып, әңгімеге тартқан едік. https://www.youtube.com/watch?v=FxzWnklfdIw&feature=youtu.be – Алдымен ата-анаңыздың Қа­зақстанға қоныстану тари­хын сөз ете отырсақ. Олар Са­ры­­­­жалға қалай келген? – Мен 1966 жылы Сарыжалда дү­ниеге келдім. Отбасында жеті ағайын­дымыз: 2 ұл, 5 қыз. Мен – үй­дің кенжесімін. Сарыжалдағы ор­та мектепті бітірген соң от­ба­сы­мызбен Семейге көштік. Осындағы темір­жол училищесіне оқуға түстім. 1985 жылы әскерге кеттім. Әскерден оралған соң, теміржолда жұмыс іс­­­тедім. Сосын Семейде отбасылы бол­дым. Бір ұл, бір қызым бар. Қазір Штутгарт қаласының маңайындағы ауыл­да тұрып жатырмын. Ата­ла­рым­­ның көшу тарихын сұрасаңыз, Гер­манияны жұт жайлаған уақытта не­містер жан-жаққа кете бастаған. Сол кезде патшалық құрған Ека­те­рина ІІ «Кімде-кім Ресейге келіп, орыс­тарды егін егуге, ауылшаруа­шы­лық жұмыстарын жүргізуге жә­не мәдениетке үйретсе, үй-жай бе­ре­мін» деп үндеу тастаған. Содан не­містердің жартысы Украинаға көш­се, келесі жартысы Ресейге қо­ныстанған. Ата-бабаларым Кав­каз­ға келіп тұрақтаған. Әкем де, ше­шем де сол жерде туған. Апамның ай­туынша, онда олардың жағ­дай­лары жақсы болған. 1941 жылы со­ғыс басталғанда Сталин жергі­лік­ті немістерден қауіптеніп, оларды 24 сағаттың ішінде елден шығару туралы бұйрық берген. Сол уақытта немістердің көпшілігін Қазақстанға кө­шіріп әкелген. Апам екі бала­сы­мен бірге Семей жақтағы Бесағаш де­ген станцияға жеткізілген. Әр ауыл­дан ат арбамен келген қазақ­тар немістерді тиеп алып, ауыл-ауыл­ға, үй-үйге бөліп, орналас­тыр­ған. Апам бастапқыда станциядан түсу­ге қорыққанын айтады. Бірақ терезеден олардың құр қол келмей, қаймақ, сүт, май ала келгенін көріп, қорқынышы сейілген. Апамдарды кү­тіп алуға келгендердің әкелері, бауыр­лары ана жақта немістерге қар­сы соғысып жатса, ал мына жақ­та қазақтар жолда жүріп, қарны ашып қалған болар деп немістерге та­мақ тасып жүр. Сосын олар апам­ды балаларымен Сарыжалға алып кел­ген. Ауыл тұрғындары оларды та­мақтандырып, киім-кешек, үй-жай тауып берген. Апама сауыншы ре­тінде жұмысқа тұруға көмек­тес­кен. Кейіннен әкем Семейде жүр­ген­­де анаммен танысқан. Негізі, анам­ның да ата-анасы Кавказда ту­ған немістер, бірақ ол жақта бір-бі­рін танымаған. Әкем өрт сөндіру қыз­метінде көлік жүргізуші болып жұ­мыс істеген. Семей маңында жол апа­тына ұшырап, қаза тапты. Ол ке­з­де мен тоғыз айлық шақалақ­пын. Әкем есімде жоқ. Сөйтіп, анам жетеуімізді асырап-бағу үшін ауыр жұмыс істеп, таңнан кешке дейін далада жүрді. Ал біздің тәрбиемізді, сабағымызды апам, яғни әкемнің анасы қадағалады. Бүгінде екеуі де қасымызда жоқ болса да, олардың бізді адам қылу үшін істеген еңбегін еш ұмытпаймыз. – Кеңес Одағы ыдыраған соң, Қазақстандағы этникалық не­містердің басым көпшілігінің ата­қонысына көшкені белгілі. Сіз де аға-әпкелеріңізбен бірге кө­ш­тіңіз бе? – Алдымен Германияға 1993 жы­лы үлкен апайым көшті. Сосын ол бізді шақырып, осында көшіп келуі­мізге үгіттеді. Ақырында екі жыл­дан кейін ағам, анам үшеуіміз кө­шіп келдік. Негізі, шынымды ай­тайын, Қазақстаннан кеткім келген жоқ. – Онда неге кеттіңіз? – Үйдің кенжесі болған соң, үл­кен­дердің айтқанын екі етпей орын­дауың керек. Десек те, маған Гер­манияға көшу оңайға соқпады. Біріншіден, туған жерім – Сары­жал­ды қиып тастап кеткім келмеді. Екін­шіден, Германия – бөтен жер. Мұн­да келген соң, барлығын басы­нан бастауың қажет. Сені ешкім құ­шақ жая қарсы алмайтыны бел­гілі. Ал менің жора-жолдастарым, жа­қын достарымның барлығы Се­мей мен Сарыжалда тұрады. Бас­тап­қыда өзіңе үйреншікті ортаңды із­деп, сағынасың. Бірақ, амалың жоқ, бұған да үйренесің.  width= – Ал Германияға келген соң, өмі­ріңіз қалай өрбіді? – Біз секілді шеттен келген не­міс­терді Германиядағы ауылдық кеңес өкілдері арнайы жатақханаға орналастырады. Сосын тілдік курс­ты оқуды ұсынады. Сөйтіп, жаңа ор­таға бой үйретіп, орнығып алған­ша жарты жыл бойы курс оқыдым. Со­сын жұмыс биржасының өкіл­дері электршінің оқуын оқып алуым туралы ұсыныс айтты. Оқу­ды бітірген соң, бірнеше жыл осы салада жұмыс істедім. Кейіннен 1996 жылдың аяғында матрац әзір­лейтін фирма басшысы Паулмен таныстым, оның атқарып жүрген жұмысына қызығушылығым артып, ақырында оның қасына жұмысқа тұрдым. Қазір сол компанияда сату жөніндегі агент болып жұмыс істей­мін. Айтпақшы, Паул – Алматы маңын­дағы Маловодное ауылының ту­масы. Орыс мектебінде оқыған, қа­зақша аз-маз біледі. Басшым бол­са да, екеуіміз жақын дос ретінде араласамыз. – Аталған фирмада 24 жыл бойы жұмыс істеуіңізге екеуіңіз­дің араларыңыздағы дос­тық қа­рым-қатынастың тұрақ­ты­лы­ғы ықпалын тигізген болар? – Ол рас. Екеуіміз жақсы тіл та­бы­самыз. Оның үстіне, жасайтын өні­міміз де қызық. Біз әзірлейтін ме­дициналық матрац дүкендерде са­тылымға қойылмайды, тек дәрі­ха­наларда сатылады. Бірақ олар алып­сатардың тәсілімен қымбатқа са­тады. Ал бұл матрац адамның ден­саулығы үшін өте пайдалы. Жал­пы, адам баласының табиғаты қызық қой. Саулығын күтуді ауыра бастаған кезде ғана ойлайды, ал жас кезінде «денім сау, маған еш­теңе алаңдат­пайды» деп жүре бере­ді.  width= – Ал Германияда қымызды кім дайындайды? – Осында Ханс есімді жергілікті не­міс төрт жүзге жуық жылқы ба­ғады. Оның жылқы өсіруді қолға алуы­ның өзіндік тарихы бар. Оның әке­сі екінші дүниежүзілік соғыс ке­зінде тұтқынға түсіп қалып, Қа­зақ­стандағы тұтқындарға арналған ла­герьге жөнелтілген. Сосын ол ла­герьде қатты ауырып қалған соң он­дағылар «мынау адам болмайды» деп, оны босатып жіберген. Ал сол сыр­­қаттанып қалған немістің сол­да­тын қазақтар үйлеріне кіргізіп, қымызбен емдеп, аяғынан тік тұр­ғызған. Соғыс аяқталған соң Гер­ма­нияға оралған ол бала-шағасына қы­мыздың емдік қасиеті бірқатар ауруға шипа екенін айтып, жылқы ұстап, қымыз әзірлеумен айналысу қа­жет екенін айтқан. Сөйтіп, Ханс бала кезінен жылқы бағу, қымыз әзір­леуді әкесінен үйренген. Адам­дар қымыз сатып алу үшін оның жылқы фермасына арнайы барады. Бірақ, жоғарыда айтып өткенімдей, олар дайындайтын қымыздың са­пасын  сарыжалдікімен салыстыруға кел­мейді. – Қазақша мүдірмей сөй­ле­ге­ніңізге қарасам, ана жақта құд­ды бір немістердің емес, қа­­зақ­тардың ортасында тұрып жат­қан секілдісіз.  – Мен саған мынаны айтайын. Қа­зақ тілі – менің туған тілім. Туған ті­лің­ді қалай ұмытасың?! Мен кө­зім­ді ашқалы бері қазақтардың ор­та­сында өстім. Оқудың барлығы қа­зақша болды. Біле білсеңіз, Сары­жалда тұратындардың жартысы – не­містер, жартысы – қазақтар. Қа­зақтар немісше, ал біз қазақша сөй­лесіп жүре беретінбіз. Мен тіпті орыс тілі пәнін беске оқысам да, орыс­ша сөйлей алмайтынмын. Се­мей­ге оқуға түскен соң ғана орысша үй­рене бастадым. Көзім көк, ша­шым сары түсті, орысқа ұқсайтын бол­ғандықтан, мұғалімдер үнемі орыс­ша сұрақ қоятын. Орыс то­бын­дағы студенттермен әңгімелесейін десем, олардың айтқандарын ұқ­пай­мын, кейін белгілі болғандай олар балағат сөздер айтады екен. Ал бізде Сарыжалда ешкім былапыт сөз айтпайтын. Сабақтан келе сала, асық ойнап, ләңгі теуіп, асыр сала­тынбыз. Әлі есімде, қойдың сүйегіне бола төбелесе жаздап, «Әй, мынау менің асығым» деп сүйекке таласа­тынбыз (күліп). Есіме алсам, бір күліп аламын. Негізі, қазақтар мені бөле-жармайтын. Өзім де момын жігіт болдым. Ешкіммен сөзге келіп қалмауға тырысатынмын. Кейде «фашист» деген сөзді естіп қаласың. Сондай кезде жағадан алып, бай­ланысып қаласың. Бірақ олай айт­қандардың өздері әлі бала, байы­бы­на барып түсінбейтін. Жалпы, ауыл­дан жырақ кетсем де, аға-апай­ларым­мен қазақша сөйлесемін. Тіпті кейде өз-өзіммен қазақша кү­бірлеп отырамын (күліп). Таң­да­натын түгі жоқ, себебі қазақ тілі – ана тілім ғой. Жастайымнан қазақ­тың тілін, дәстүрін жақсы біліп өс­тім. Олар киген шапанды мен де ки­дім, олар тартқан домбыраны мен де шерттім. Бірақ кезінде дом­бы­раның құлағында ойнаған мен қа­зір бұл аспапта ойнауды ұмы­тың­қырап қалыппын. Бірақ аспапта ой­намасам да, есіме түскен қазақ ән­дерін ыңылдап айтып жүремін. Мы­салы, Досмұқасан то­бының  «Таңер­теңнен бір сұлу қыз суға ке­леді... Суға келеді» деген әнін үнемі ай­тып жүремін. Тағы бір айта ке­терлік жайт, қазақша еркін сөйлей ал­майтын кейбір қазақтар менің сөй­легенімді естіген кезде менен ке­шірім сұрайды. Орыс­ша сөйлей­тін қазақ­тардың кінәлауға болмай­ды. Олар да жақсы кісілер, олар да өз халқын өзін­ше жақсы көреді. Бі­рақ олар өсіп-өн­ген жерде қазақ мек­тебі болмаған соң, амал нешік? Элект­р­ші болып жұмыс істеп жүр­ген кезде кө­шеде қазақ жігіттің әйе­лімен кетіп бара жат­қанын бай­қап қал­дым. Қасына барып аман­дас­сам, Павлодардың қазағы екен. Мен оған қазақша сұрақ қойсам, ол маған орысша жауап береді. Сосын ол «Сіз секілді бұлай сөй­лей алмай­мын. Ұялып тұрмын» дейді. Мен «Жі­гітім, ұялма! Сенің кінәң жоқ. Әлі де үйренерсің!» деп арқасынан қақ­тым. Осында тіс емханасы бар Әлібек Хасенов деген қарағандылық жігіт тұрады. Кеңсе­сі­не барған сайын, ол «Сіз келсеңіз, қа­зақша сөй­лесіп, жақсы болып қаламын» деп қуанады.  width= – Жаңа әпкеңіздің соңынан ағаңызбен көшкеніңізді айт­тыңыз. Ал қалған әпкелеріңіз Қа­зақстанда қалды ма, әлде олар да кейіннен қастарыңызға келді ме? – Екі үлкен апайым Семейде тұ­ра­ды. Бір жиенім Нұр-Сұлтанда, ал қал­ғаны Семей жақта тұрады. Үш жездем қазақ болатын, өкінішке қарай, үшеуі де дүние салды. Панде­мияға дейін Қазақстанға жиі барып тұратынмын. Қазір әлемде болып жатқан жағдай уақытша дүрбелең деп ойлаймын. Жағдай тұрақталса, бірден Қазақстанға тартып отыра­мын. Мені ол жақта күтіп жүрген­дер жетерлік. Достарым WhatsApp-тағы топта «Қашан келесің? Сағы­нып қалдық қой» деп жиі жазады. Қа­зақстанға барған сайын, ешқайда соқпай, бірден Сарыжалға барамын. Бірінші әкемнің зиратына барып, гүл қоямын. Сосын жора-жолдас­тарым кезек-кезек үйіне шақырып, бірнеше күн «тойлатып» жүремін. Олар мені Германияға жібергілері келмейді. «Арамызда жалғыз неміс болып жүре берші» дейді. Оларға қа­ным неміс болғанмен жүрегім қа­зақ деп айтамын. – Суреттеріңізге қарасам, шет­­елдегі қазақтар ұйым­дас­тыра­тын іс-шараларға да барып тұрады екенсіз. Штутгартқа тұрақ­таған қазақтардың түгелі сізді жақсы танып алған болар? – Иә, осында тұратын қазақ­тар­мен жиі кездесіп тұрамын. Көшеде қа­зақ көріп қалсам, жанынан еле­мей өтіп кетпеймін. Амандасып, те­­­­лефон нөмірін алып, мүмкін­дігін­ше байланыс орнатуға тырысамын. Қо­наққа шақырамын, кейде олар ет асып, мені үйлеріне шақырады. Кей кез­дері таңды таңға ұрып, әңгіме­ле­сіп, үйлеріне қонып шығамын. Сіз бай­қағандай, қазақтар бас қосатын іс-шараларға да жиі барып тұра­мын. Биыл пандемияға байланысты көп жиын ұйымдастырылмай қалды. Бізде жыл сайын Наурызды мерекелеуден бөлек, қымыз тойы өтетін. Ұйымдастырушылар алдын ала хабарландыру жібереді. Қымыз ішіп, кәуап пісіріп, әндетіп, би би­леп, бір марқайып қаламыз. Негізі, бұл тойға көпшілігі қымыз сатып алу үшін келеді. Бірақ, осында әзір­ле­нетін қымызды Сарыжалдың қы­мы­зымен салыстыруға келмейді. Әлем­де Сарыжалдың қымызына же­те­тін қымыз жоқ. Тіпті, бірде Гер­­манияда теледидардан ғалым­дардың Сарыжалдың қымызын пай­далы деп айтқанын естігенмін. Сол себепті, басқа өңірде қымыз дайын­дайтын мамандар ренжіме­сін, бірақ ең таза, ең жақсы қымыз­ды тек сарыжалдықтар әзірлейді.  width= – Германияға көшіп кетке­ніңіз­ге жиырма алты жыл болса да, сөзіңізден Қазақстанға де­ген қимастық сезім мен ыстық са­ғынышты байқадым... – Әлия-ау...Қалайша сағын­бай­мын?! Ең бірінші қазақтардың өзін са­ғындым. Сосын ауылымды сағын­дым. Онда тұрып жатқан сынып­тас­тарды, жора-жолдастарды са­ғын­дым. Сосын ауылдағы кісілердің әзір­лейтін етін, бауырсағын сағын­дым. Жалпылама айтсам, қазақ­тар­ды қатты сағындым! Өзің де байқап отыр екенсің. Расымен сол ортаны сағынып жүрмін! Шетте жүрсек те, Қа­зақстанмен байланысты есте­лік­терді еске алып, бір күліп аламыз. Өткенде отбасымызбен жиналғанда ауылдағы қызықтарды еске алдық. Бізде Сарыжалда есікті құлыптау деген болмайтын. Жерден бір шы­бық тауып алып, сонымен бекітіп ке­тетінбіз. Біреудің үй жағына ба­рып, есіктің шыбықпен бекітілгенін көрсек, үйде ешкім жоқ екенін бі­леміз. Ешкім баса-көктеп кір­мейді. Ешкім ештеңе ұрламайды. 7-сынып оқып жүргенімде облыстық кө­лем­де Абай тойын тойлап, ат жарыс ұйымдастырылды. Сол кезде Абай ауда­нына қарасты совхоздар киіз үй тігіп, әр ауыл тұрғындары өз ше­берлігін көрсетті. Баламын ғой, ты­ғылыспақ ойнап жүріп, кештің қа­лай батып кеткенін білмей қал­дым. Сөйтіп, Сарыжалдың киіз үйін тауып алып, ұйықтап жатқан кісі­лердің қасына жата салғанмын. Сол түнде үлкендердің біреуі мені та­нып, маңдайымнан сүйіп, көр­пемен қымтағаны әлі есімнен кетпейді. Сол ыстық ықыласты сағынып жүр­генім айтып отырған әңгімемнен-ақ белгілі шығар. Абайдың «Әсемпаз болма әрнеге, Өнерпаз болсаң, ар­қалан. Сен де бір кірпіш, дүниеге Ке­тігін тап та, бар қалан!» деген өлеңін­­дегідей, тарихи Отаным Гер­манияда өз орнымды тапсам да, туған жерім Қазақстанды сағына­мын!

Әңгімелескен

Әлия ТІЛЕУЖАНҚЫЗЫ

Серіктес жаңалықтары