210
Қандастардың құжаттарын ретке келтіру мәселесі көтерілді
Қандастардың құжаттарын ретке келтіру мәселесі көтерілді
Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында депутаттар қандастардың құжаттарын ретке келтіру мәселесін көтерді.
«Биыл егемендігімізге 30 жыл толғалы отыр. Осы жылдары 1 млн 70 мың 300 этникалық қазақ атажұртына оралды. Оның сыртында бүкіл дүниежүзілік қауымдастығы құрылды. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың қолдауымен шетелден атамекенге қайтқан азаматтардың мәртебесі артып, қаны бір бауырларымызды «қандастар» дейтін болдық. Осы күні ол қандастарымыз экономиканың әр саласында жемісті қызмет етіп жатқаны да рас», - деді депутат Ғазиз Құлахметов Үкімет басшысы Асқар Маминнің атына жолдаған сауалында.Осы орайда ол тағдырдың тәлкегімен небір шытырман оқиғаларға тап болып жатқан қандастарымыздың әлі де көп екенін айтты.
«Жеке құжаттарында ұлты жазылмаған қандастарымыздың алды 9 жыл, соңы 2 жыл аралығында азаматтық ала алмауының нақты себебін түсіндіруге не кедергі. Олардың бәрі балаларын мектепке беруге, дәрігерлерге қаратып, бала-бақшаға тіркелу кезінде көп қиындықтардың барын ашынып айтып отыр. Елге оралғысы келетін және оралған азаматтар отбасыларынан ажырап, екі-үш мемлекет территориясында өмір сүруге мәжбүр екені де ащы шындық. Мұндай отбасылар республиканың әр аймағында бар десек, қателеспеспіз. Ал, олардың Қазақстанда дүниеге келіп, балаларының құжаттарын рәсімдемегенін ескеретін болсақ, тіркеуде жоқ бүлдіршіндердің нақты есебін кім айтып бере алады?», - деді Ғазиз Құлахметов. «Осы жағдайды ескере отырып, ҚР Ішкі істер, Сыртқы істер, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрліктері бірлесе отырып, ведомствоаралық комиссияда туу туралы куәлігі жоқ, ресми тіркеуде жоқ азаматтардың нақты санын анықтап, сауалда көрсетілген азаматтардың құжаттандыру мәселесін қарастыруды және ресми тиісті барлық шаралар қолданып, қандастарымыздың өзге де проблемаларына терең бойлап, жан-жақты жағдай жасауыңызды сұраймыз!», - деді ол.