USAID алтыншы Орталық Азия сауда форумын өткізді

USAID алтыншы Орталық Азия сауда форумын өткізді

USAID алтыншы Орталық Азия сауда форумын өткізді
ашық дереккөзі
195
АҚШ-ның Халықаралық даму жөніндегі агенттігі (USAID) ұйымдастырған алтыншы Орталық Азия сауда форумы бүгін Алматы қаласында Rixos қонақ үйінде өз жұмысын бастады. Сауда форумы - Орталық және Оңтүстік Азиядағы, сондай-ақ, басқа да аймақтардағы сауда-саттықтың даму мәселелерін талқылау үшін сындарлы диалогты құруға мүмкіндік беретін алаң. Биыл Форум «Экспорттық әлеует және сауданың дамуы: Орталық Азиядағы сауданың жаңа міндеттері мен келешегі» деген тақырыпқа арналып отыр. 2016 жылдың 7-8 қыркүйек аралығындағы екі күн ішінде 600-ден астам қатысушы пленарлық сессияларға, шеберлік сабақтарға, дөңгелек үстелдерге, сауда көрмесіне, іскерлік кездесулерге, фэшн-шоуға және марапаттау салтанатына қатысатын болады. Аймақтағы кәсіпкерлер мен компаниялар арасындағы байланысты орнатуда Қазақстанның және де сауда форумының ойнап отырған маңызды рөлін атап өте отырып, АҚШ мемлекеттік хатшысы Орталық Азия бойынша көмекшісінің орынбасары Дэниел Розенблюм былай деді: «Орталық Азия сауда форумы кәсіпкерлерге тікелей бизнес байланыстарды орнату, халықаралық сауданы дамыту үшін маңызды сауда байланыстарды құруға мүмкіндік беріп отырған басты алаңға айналып отыр. Сонымен бірге, сауда форумы - Америка құрама штаттарының аймақтағы экономикалық өркендеуге ерекше көңіл бөліп отырғандығының тағы бір жарқын мысалы. Соңғы бес жыл қатарынан осы іс-шараны өткізіп отырғандығы үшін біздің басты серіктесіміз, Қазақстанға, шынайы алғысымды білдіргім келеді. Орталық Азия аймағы бизнес жүргізу және идеялармен алмасу үшін басты ойыншылардың басын қосып отырған алаңға айналуда». Орталық Азия сауда форумы аймақта және одан тысқары жерлерде айтулы іс-шараға айналып отыр. Соңғы бес жыл ішінде форумда 20-дан аса елден келген 3000-нан астам кәсіпкер, сауда жөніндегі мамандар, сарапшылар мен мемлекеттік құрылымдардың өкілдері қатысты. Сауда форумы және сауданы ілгерілетуге арналған басқа да шараларды өткізудің арқасында USAID Агенттігі 500 миллион АҚШ долларынан астам сомаға келешекте бизнес-келісімдерді жасасуға арналған ниет туралы хаттамалардың қол қойылуына жағдай жасады. USAID-тың Орталық Азия аймағындағы миссиясы директорының міндетін атқарушы Сара Уолтер былай деп атап өтті: «USAID Агенттігі осы жыл сайынғы іс-шараның мүшесі болып отырғандығына қуанышты, өйткені біз Орталық Азия және Оңтүстік Азия елдері арасындағы аймақтық саудаға әрдайым қолдау көрсетуге дайынбыз. Аймақтық сауда өңірдегі тұрақтылықты нығайтып, оның өркендеуіне жәрдемдесіп, Жаңа Жібек жолы бойында жаңа жұмыс орындарының құрылып, халықтың табысының көтерілуіне жағдай жасауда». Анықтама Орталық Азия сауда форумын Германияның Халықаралық ынтымақтастық жөніндегі қоғамының (GIZ), Еуропалық Қайта құру және даму банкінің, UNIDO, GAIN және Үндістан индустриясы конфедерациясының қолдауымен USAID Агенттігі ұйымдастырып отыр.

Серіктес жаңалықтары