281
BEK AIR компаниясы ұшақ құлаған үйдің иесін тағы сотқа берді
BEK AIR компаниясы ұшақ құлаған үйдің иесін тағы сотқа берді
Bek Air компаниясы жақында Алматы халықаралық әуежайының маңындағы ұшақ құлаған үйдің иесін тағы сотқа берді. Бұл туралы Azattyq Rýhy хабарлады.
Бұл жолы бұрынғы әуе компаниясының заңгерлері Решет Қалибектің үстінен Алматы облыстық сотына аппелияциялық шағым түсірген. Талдықорған қаласындағы сот отырысы 18 ақпан сағат 15:00-ге белгіленген.
«Маған 20 қаңтарда тағы да хабарлама келді. Облыстық сот Талдықорғанда болады екен. Адвокаттармен сөйлестім, енді не болатынын көреміз. Бәрі бір Аллаға аян. Бек Эйрдің қайта-қайта сотқа беруінің сыры - мені осы оқиғаға қалайда кінәлі деп тану. Өздерін солай ақтап алмақшы. Олардың ойында ұшақ үйге емес, үй ұшаққа барып соғылған болып отыр. Ал екінші нұсқа - мені әкімшілікке қарсы қойып, екеуара ерегістірмекші болуы да мүмкін. Айналып келгенде ұшақтың апатқа ұшырауына жер сатқандар мен жерді алып тұрып жатқандар кінәлі деп тану деп түсіндім»,- дейді Р. Қалибек.Былтыр 11 желтоқсанда Талғар аудандық соты Bek Air компаниясының Алматы әуежайының маңында заңсыз үй салды деген Решет Қалибекке қатысты талап арызды қараусыз қалдырды. Компания құрылысты заңсыз деп тану туралы бұған дейін сотқа екі рет шағымданған болатын. Аудандық сот судьясы Қарлығаш Есәлинова ұшағы апатқа ұшыраған компанияның азаматтық талап-арызын қарамау туралы шешім қабылдаған. Сотта судья Талғар ауданында, соның ішінде ұшақ құлаған Гүлдала елдімекенінде жер телімдерін заңсыз сатты деген күдікке ілінген екі қылмыстық топқа қатысты іс тергеліп жатыр. Бұл істерге қатысты процессуалдық шешім қабылданбай, кінәлі тұлғаларды анықтау мүмкін емес. Сондықтан Bek Air компаниясының талап арызы негізсіз деп танылды, деген. Қазір Алматы облысы Талғар аудандық сотында Алматы халықаралық әуежайының маңындағы Гүлдала ауылдық округінде жер телімдерін заңсыз сатты деген топқа қатысты сот тергеуі басталды. Айыпталушылар қатарында Талғар ауданының жер қатынастары бөлімінің бұрынғы бірнеше маманы, жер-кадастр бөлімінің бұрынғы басшылары бар. Бұл іске орай да Решет Қалибек куәгер ретінде сотқа шақырту қағазын алған. Басты сот талқылауы 27 қаңтар сағат 15-00-ге белгіленіпті.