369
Мәжіліс мінез таныта ала ма?
Мәжіліс мінез таныта ала ма?
Өз миссиясын аяқтаған алтыншы шақырылымдағы Парламент 5 жылда 410 заң қабылдапты. Сол уақыт аралығында халық қалаулылары өздерінің заңға бастамашылық ету құқығын толық пайдаланып, 60-қа жуық заң жобасын дайындаған. Президент жаңадан сайланған депутаттарды әріптестерінің осы қарқынын сақтай отырып, анағұрлым өнімді жұмыс істеуге шақырды. Қасым-Жомарт Тоқаев жетінші шақырылымдағы Парламентке жеті тапсырма берді. Заң шығарушы органның жаңа құрамы Мемлекет басшысы жүктеген міндеттерді орындай ала ма? Депутаттардан қандай жаңашылдықтар күтуге болады? 30 пайыздық квота ережесі Мәжіліс жұмысының өнімділігін арттыра ма?
Жаңа Парламентке артылған екі міндет
2020 жылы алтыншы шақырылымдағы Парламент палаталарының 23 бірлескен отырысы мен Мәжілістің 186 жалпы отырысы өтіп, 1 208 мәселе қаралған екен. Нәтижесінде, депутаттар түрлі саладағы маңызды заңның қабылдануына түрткі болды. Өткен жылы халық қалаулылары жалпы саны 487 заң жобасын қарап, оның 432-сін мақұлдаған. Қазіргі таңда олардың 400-ге жуығына Президент қол қойып үлгерген. Оның ішінде Бас санитарлық дәрігердің өкілеттілігін кеңейту, вакцина сапасы мен тиімділігін бақылауды күшейтуге арналған «Денсаулық Кодексі» ерекше атап өтуге тұрарлық. Ұстаздар қауымына артылған міндетті жеңілдетіп, материалдық жағдайын оңалтуға көп пайдасын тигізген «Педагог мәртебесі туралы» заң жобасының да шапағаты мол болмақ. Қоғамда көп талқыланған заңнама ұстаздарды артық жүктемеден босату, олардың қызметіне қойылатын талапты күшейту және материалдық қолдау секілді мәселені дөп басып, шеше білді. Сондықтан аталған заң өткен жылғы қабылданған заң жобасының ішіндегі халықтың әлеуметтік-тұрмыстық жағдайын жақсартуға арналған ең ұтымды шешімге айналды деуге толық негіз бар. Сондай-ақ 2020 жылы «Әкімшілік рәсімдік-процестік кодекс» және Салық кодексі, Кедендік реттеу, Жер қойнауын пайдалану туралы маңызды құжаттар мақұлданды.
Жетінші шақырылым депутаттарына артылар жауапкершілік жүгі ауырламаса, жеңілдемейтіні анық. Өйткені Президент айтқандай, жаңарған Парламент алдында еліміздің заңнама жүйесін кешенді түрде жетілдіру міндеті тұр. Қоғамдағы барлық өзекті мәселе ең әуелі Парламентте талқылануы тиіс екенін баса айтты.
«Азаматтардың наразылығын туғызуы мүмкін даулы мәселелер бойынша тиімді кері байланыс орнату – басты талаптардың бірі. Парламенттің алдында маңызды екі міндет тұр. Бұл – сапалы заңдар қабылдау және өзекті мәселелердің шешімін табатын орталыққа айналу. Жалпы, еліміздің заңнама жүйесін кешенді түрде жетілдіру керек», – деді Мемлекет басшысы.
Халықтың тұрмыс сапасын жақсартып, әл-ауқатын арттыру басты басымдық болып қала бермек. Президент жұртты құрғақ сөз, жасанды жетістіктермен алдарқату мүмкін емесін, халық көзбен көріп, қолмен ұстайтын нақты нәтиже күтетінін қадап айтты.
Президент жүктеген жеті тапсырма
Мемлекет басшысы Парламенттің жаңа құрамына жүктеген жеті тапсырмасының біріншісі – құқығы қорғалған қоғам құру. Президенттің пікірінше, адамның құқығы аяққа тапталған ортада ешқандай өсім болмайды. Осы орайда, сот жүйесінің тәуелсіздігін нығайта түсу үшін реформаны соңына дейін жеткізу міндеті тұр.
«Сот корпусының сапасына қатысты әлі де түйткілдер бар. Сот жүйесі жабық корпорация болмауы тиіс. Сондықтан сот корпусын едәуір жаңартып, оған түрлі құқық салаларының мамандарын тарту керек. Үміткерлерді іріктеген кезде олардың кәсіби тәжірибесімен қатар, жеке қасиеттерін де ескерген абзал. Бұл жұмыс бұқаралық ақпарат құралдарында ашық көрсетілуі тиіс. Сондай-ақ сот қызметі туралы ақпарат қоғам үшін неғұрлым қолжетімді болғаны жөн. Құқық қорғау органдарының жұмысын да барынша өзгерту қажет», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Білім беру сапасындағы теңсіздікті жою, отандық медицинаны күшейту, бұқаралық спортқа мән беру. Бұл – Президент жүктеген екінші тапсырма, яғни бір сөзбен айтқанда тиімді әлеуметтік саясат жүргізу. Бұл ретте Мемлекет басшысы айтқан бір тапсырма орындалғанын айта кеткен жөн. Биылдан бастап қазақстандықтар зейнетақы жүйесіндегі жинақтарының бір бөлігін қажетіне жұмсай алады.
«Әлеуметтік инфрақұрылымның тағы бір басты элементі – отандық зейнетақы жүйесі. Ол әділ, тұрақты, адамдардың мүдделеріне сай болуы керек. Біз өте маңызды реформаны – зейнетақы активтерін ішінара алу және пайдалану мүмкіндігін іске қостық. Сонымен қатар азаматтарға өз жинақтарын түрлі құралдар арқылы басқаруға мүмкіндік беру қажет. Үкімет пен Ұлттық банк зейнетақы жүйесін одан әрі дамыту тұжырымдамасын әзірлеп жатыр. Оны іс жүзінде жүзеге асыру заңнамалық қамтамасыз етуді талап ететіні анық. Жалпы Парламенттің жаңа мүшелерінен әлеуметтік саясатты жетілдіру бойынша белсенді жұмыс күтемін», – деп Президент депутаттық мандатқа ие болған елдің елеулілеріне ұйықтап отыруға уақыт болмайтынын ескертті.
Үшінші тапсырма – экономиканың үдемелі өсіміне жол ашу. Бұл мақсатта Парламентке Салық кодексіне тексеру жүргізіп, оны жеңілдету, іскерлік белсенділік пен бәсекелестікті ынталандыру жолдарын қарастыру тапсырылды. Бұдан бөлек, Қазақстанда «Өнеркәсіптік саясат туралы» жаңа заң қабылданатын болды. Ол құжатта отандық бизнесті қолдаудың нақты шаралары жазылмақ. Ұлттық экономиканы ұтымды ете түсуге қатысты тың ойларды Президент 29 қаңтарда өтетін Реформалар жөніндегі Жоғарғы кеңестің отырысында талқылауды ұсынды.
Мемлекет басшысы жүктеген төртінші тапсырма – өңірлерді дамыту. Жаңа стандарттарға сәйкес 3 500-ден астам ауыл жаңартылмақ. Айналасындағы елді мекендердің тірегі саналатын әрбір ауылға баратын жолдар мен республикалық маңызы бар күре жолдарды 100 пайыз жөндеу – алдағы 5 жылдың еншісіндегі маңызды міндеттердің бірі.
«Жергілікті өзін-өзі басқаруды әрі қарай жетілдіру үшін бюджеттік рәсімдерді жеңілдетіп, өкілді және атқарушы органдардың дербестігін арттыру маңызды. Осы орайда мен мәслихат депутаттарына мына мәселені баса айтқым келеді. Сіздердің белсенді ұстанымдарыңыз сайлаушылардың мүддесін қорғайтын сапалы әрі салмақты шешімдер қабылдауға ықпал етуі керек», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Қазақстандағы реформалардың басты бағытының бірі – саяси жаңғыру. Көппартиялы Парламент құруға деген талпыныс партиялық тізімде әйелдер мен жастар үшін берілген 30 пайыздық квота осы бағытта атқарылған жұмыстардың бір парасы болатын. Енді Қазақстанның ауылдары да саяси жаңғыруы тиіс. Бұл – жетінші шақырылымдағы Парламентке берілген бесінші тапсырма. Жергілікті өзін-өзі басқару жүйесін ең төменнен бастап нығайту үшін биыл жекелеген ауылдық округтерге өз әкімдерін сайлау мүмкіндігі берілмек.
«Біз осы жолғы сайлау науқаны карантин шектеулеріне қарамастан қаншалықты қызу өткеніне куә болдық. Кейбір партиялардың Мәжіліс пен мәслихаттарға өтуіне сәл ғана дауыс жетпей қалды. Олардың әрқайсысында белгілі бір саланы жетік меңгерген білімді, білікті азаматтар да бар. Солар Парламенттің биік мінберінен айтылуға тиіс көптеген өзекті мәселелерді дер кезінде әрі орынды көтеріп жүр. Осындай партиялардың өкілдері Парламентке өтсе, ондағы пікірталасты қыздыра түсер еді, ортақ жұмысқа тиімді болар еді. Олар заң шығару жұмысының сапасын арттыруға да сүбелі үлес қосары анық. Сондықтан саяси партиялардың Мәжіліске өту шегін 7-ден 5 пайызға төмендетуіміз керек», – деді Мемлекет басшысы.
Президент елдегі саяси процеске қатысты тағы бір тың ұсыныс айтты. Ол – барлық деңгейдегі сайлау бюллетеньдеріне «бәріне қарсымын» деген жазу енгізу. Қасым-Жомарт Тоқаевтың сөзінше, таңдауы жоғын ресми көрсетудің өзі – таңдау.
Алтыншы тапсырма – азаматтық қоғам өкілдерінің белсенділігін арттыру, жастар саясатын жетілдіру және қайырымдылық қызметін қолдау. Жыл басында Президент кейбір заңнамалық актілерге қоғамдық кеңестер қызметі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы тиісті заңға қол қойды. Сол арқылы қоғамдық кеңестердің өкілеттігі едәуір күшейтілді. Енді азаматтық белсенділікті арттыру жолында тағы бір маңызды қадам жасалмақ. Бұл – талқыланып жатқан «Қоғамдық бақылау туралы» заң. Мемлекет басшысы заң шығарушы органға онлайн-петиция институтын заң жүзінде рәсімдеу, мемлекеттік жастар саясаты саласындағы заңнаманы жетілдіру, елімізде «Жастардың даму индексін» енгізу секілді бірқатар тапсырма берді.
Адам құқығын қорғау саласын дәйекті түрде жетілдіру – жетінші сайланым депутаттарына жүктелген жетінші тапсырма. Елімізде омбудсмен институты болғанымен, ол әзірге өзінің әлеуетін толық көрсете алмай отырғаны белгілі. Сондықтан жақын арада Парламенттің алдында Омбудсмен туралы арнаулы заң қабылдау міндеті тұр. Бұл заң аталған институттың қызметін барлық бағыт бойынша реттеуі тиіс. Сонымен қатар бала құқықтарын қорғау саласында да түйткіл көп. Балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, балалар арасындағы суицид пен буллингтің алдын алу үшін мемлекеттік бақылауды күшейту, білім беру мекемелеріндегі тиісті қызметтердің тиімділігін арттыру үшін нормативтік база қалыптастыру – кезек күттірмейтін мәселелердің бір парасы осы.
Төрт сөйлемнен сүрінгендерге сенуге бола ма?
Президент депутаттық корпусқа арналған жарты сағаттық үндеуінде жаңа Парламент жұмысының бағыт-бағдарын айқындап қана қоймай, ең бірінші кезекте түйіні тарқатылуы тиіс түйткілдерді тізбектеп берді. Кеңесін айтты, талап-тілегін де тыңдатты. Мемлекет басшысының пайымынша, Парламент проблемалардың шешімін табатын орталыққа айналуы тиіс. Заң әзірлеу барысында біреулердің жеке мүддесін қорғауды қою қажет. Халықтың таңдауы түскен екен, халықтың қамын жеу керек.
Бір қынжылтатыны, халықтың қалаулысы деп төрге оздырған депутаттарымыз жұмысқа кіріспей жатып, ә дегеннен сүрінді. Ант беру рәсімінде бар-жоғы 4-5 сөйлемнен тұратын мәтінді ежіктеп оқып, туған тіліміздің туын жыққан таңдаулылар желідегі жұрттың ашуын тудырды. «Анттың өзін дұрыс бере алмай тұрған депутаттар басқа тірлікті қайдан оңдырсын?» деп кейіді көпшілік. Әсіресе, айтыскер ақын Жандарбек Бұлғақовтың сыны халықтың көкейіндегісін дөп басты.
«Депутаттарға халық тағдырын сеніп тапсыра ма, әлде әліппені қайтадан өту керек пе, мен түсінбедім. Ант беру рәсімінде сіздер антты бұзып тұрсыздар ғой. «Халыққа адал қызмет етемін» дейсіздер. Бірақ халықтың тілінде сөйлей алмай тұрсыздар. Аяқ астынан сөз келіп қалса, түсінемін, адам сасып қалуы мүмкін. Бірақ сіздерге «Ертең сағат осындайда-осындай жерде ант беру рәсімі өтеді» деп, алдын ала берілді, берілмеді емес. Ол ақымақ адамға да түсінікті. Сол 3-4-ақ сөзден тұратын мәтінді мыңқ-мыңқ, быдық-быдық демей, халықтың көзіне қарап, шын жүректен ант беруге болатын еді. Мына тірліктеріңіз үшін сіздер ұялуларыңыз керек», – деді Жандарбек Бұлғақов.
Cаясаттанушы Расул Жұмалы 60-70 пайызға жаңартылған, жаңа ұстаныммен келіп отырған құрамнан үлкен өзгерістер күтуге болады деген пікірде. Саясаттанушының пайымдауынша, жаңа құрам ә дегеннен үлкен өзгерістер енгізе қоймайды. Жарты жыл немесе бір жылдан соң саяси сахнада өзгерістер орын алуы мүмкін. Сондықтан Расул Жұмалы жаңа сайланған депутаттарды аяқтан шалмай, керісінше қоғам болып қолдауға шақырды.
Расында төменгі палата бұл жолы айтарлықтай жаңарды. Бұған дейінгі шақырылымдарда ескі құрамның 70-80 пайызы депутаттық мандатты қайта иеленсе, бұл жолы Мәжіліске жаңа есімдер көптеп келді. Президент айтқандай, Парламентте білікті, абыройлы азаматтардың қатары артты. Төменгі палатада 10-20 жылдап отырған зейнеткерлер, ешқандай мәселе көтермеген, бар-жоғы білінбеген депутаттар орнын босатты.
«Nur Otan» партиясының Мәжілістегі фракциясы 70 пайызға жаңарды. Билеуші партия атынан депутаттық мандатқа ие болған 76 азаматтың 36-сы – праймериз жеңімпаздары болса, 40 депутат партия саяси кеңесінің квотасымен бекітілген. Нұротандықтар «Сайлау туралы» және «Саяси партиялар туралы» заңдарға 2020 жылы енгізілген өзгеріс талаптары орындалғанын, партия фракциясы жаңа құрамының 40 пайызы әйелдер мен 35 жасқа дейінгі жастардан тұратынын атап өтті. Мәжілістен 12 орын алған «Ақ жол» мен 10 мандатқа ие болған «Қазақстан халық партиясы» да егде жастағы депутаттарын азайтқанын аңғару қиын емес.
Жаңарған Парламенттің қарым-қабілеті қабылдаған заңдары мен шешкен мәселелерінен көрінбек. Халық сайлаған қалаулылар мен елеулілер елді өрге сүйрей ме, кері тарта ма – уақыт сыншы.