Төлешовтің зауыты АТФ банктің иелігіне өтті

Төлешовтің зауыты АТФ банктің иелігіне өтті

Төлешовтің зауыты АТФ банктің иелігіне өтті
ашық дереккөзі
137

          Шымкенттік кәсіпкер Тоқтар Төлешовтің меншігіндегі «Шымкентсыра» зауыты АТФ банктің иелігіне өтті. Бұл туралы Астана  телеарнасының тілшілеріне берген сұхбатында банктің басқарушы директоры Елдос Жұмабаев хабарлады. 

         Банк өкілінің мәлімдеуінше, кәсіпорын банкке 100 млн АҚШ долларына тарта қаржы қарыз болған. 2007 жылы банктен несие рәсімдеген "Шымкентсыра" ЖШС кейіннен несиелік міндеттемелерін орындамай қойған. Былтырғы жылдың желтоқсан айында сот банк пайдасына шамамен 20 млрд теңге өндіріп алу туралы шешім шығарған.

         «Зауыт сатылымға қойылды. Өкінішке орай, оны сатып алуға әлеуеті жететін алушының болмауына байланысты сатылым жүзеге аспады. ҚР заңнамасына сәйкес банк сот орындаушыдан өтпей қалған сатылым мүлкін өз балансына алу құқығымен шағымдана алады. Біз солай жасадық. Аталған шағым сот орындаушы тарапынан қанағаттандырылды. Қабылдап алу актісі толтырылып, сәйкес қаулы шығарылды. Аталған өндіріс орны жұмысын тоқтатпайды, сыра шығаруды жалғастырады. Тек банкке ол жұмыстармен тікелей айналысуға тыйым салынғандықтан, банк еншілес компания құруға құқылы. Біз сонда аталған мүлікті толықтай аударамыз», - деді басқарушы директор.

         Атышулы шымкенттік кәсіпкер Тоқтар Төлешов 2016 жылдың 30 қаңтарында қалталы азамат Шымкентте өткен арнайы жасақ операциясы барысында құрықталған болатын. Оны құрықтау үшін қаладағы беделді мейрамханалардың бірі «Риксос Хадиша Шымкент» қоршауға алынды. Бизнесменнің тұрғылықты мекенжайы мен жұмыс орнын тексеру кезінде қару, есірткі заты мен оқулықтар табылған.  Мұнан соң Төлешов екі ай мерзімге уақытша қамауға алынып, істің тергелу барысы құпия сақталды. ҚР Бас прокуратурасы кәсіпкерді Ақтөбеде болған лаңкестік оқиғаға қатысы бар деп айыптап,  билікті күшпен құлатпақ болып, оған өткен жылдан бері дайындық жұмыстарын жүргізгенін мәлімдеді. Кейінірек ҰҚК қызметіндегілер бизнесменнің жер реформасына қарсы акцияларды қаржыландырғанын мәлімдеді.

         Кәсіпкер уақытша қамауға алынған соң оның иелігіндегі сыра зауытының қызметкерлері басы дауға қалған басшыларының былықтарын жайып салды. Айтуларынша, сыра зауыты есебінен кәсіпкердің төрт әйелі ай сайын 2 млн  282 мың теңге көлемінде жалақы алып келген. Сонымен қатар, Төлешовтің отандық банктердің біріне 300 млн доллар қарызы бар екені жария етілді. Осыдан соң оның меншігіндегі «Шымкент сыра» зауыты сатылымға шығарылды. Өндіріс орны 28 млрд теңгеге бағаланды. Алайда аталған зауытты сатып алатын адамның табылмауына байланысты аукцион өтпей қалды.

         Еске сала кетейік, жуырда әлеуметтік желіде қамауда отырған Тоқтар Төлешовтің өз қолымен жазылған мойындау хатының көшірмесі пайда болды. Онда кәсіпкер өзінің қоластында істейтін Аяновқа 100 000 АҚШ долларын беріп, қазақ жерінің шетелдіктерге сатылатыны туралы ақпаратты халыққа тарату туралы тапсырма бергені жазылған. «Мен мұның халық наразылығын тудыратынын, халық жерін қорғау үшін алаңға шығатынын білдім», — делінген бизнесмен жазған хатта.

         Тергеу жұмыстарының қорытындысына сәйкес Тоқтар Төлешовке адам ұрлау, кісі өлтіру және тағы да басқа бас-аяғы 16 қылмыс жасады деген айып тағылды. Кәсіпкердің тағдырын шешетін сот  отырысы  14 қыркүйекте басталмақ.

Серіктес жаңалықтары