584
Шын зиялы кім немесе Ясауи ілімі хақында
Шын зиялы кім немесе Ясауи ілімі хақында
Зиялы, зиялылықтың феномен ретінде қоғамда алатын орны мәселесі адамзаттың әртүрлі даму сатысында, әр қоғамда пікірталас көзі болып келді. Бұл мәселенің қазіргі Қазақстан қоғамы үшін де шешімін тапқан «сұрақтар» қатарында еместігі айқын. Кімнің зиялы, кімнің зымиян екенін ажыратып болмайды. «Зиялы деп кімді айтамыз? Бүгінгі тарихтың кезекті сынында ұлт зиялылары қандай болуы керек?» деген сияқты сан сұрақ, қансырап тұрған руханиятымыздың бүгінгі жайынан туындауда.
Бүгінгі таңда «кеңестік үңгірден» жарыққа шығып, бұрынғы қалыптасқан танымның орнын «жаңа сипаттағы» құндылықтармен толтыру науқанында «батыстық және шығыстық» дүниенің терезелерінен «өзімізді» табу жолында әрекеттер жасалып жатқан сияқты. Яғни, санамызды сансыратқан сансыз сұрақтарға өзімізден емес, өзгеден жауап күтудеміз.
Ал рухани дүниеміз бен мәдениетімізде үлкен орны бар, жөн сілтеуші әулие – Ясауи бабамыздың ілімінде «алдымен өзіңді тану» маңызды. Ясауи сияқты әулиелер қоғамның рухани тірегі, руханияттың күйреуіне, азғындауына тойтарыс беретін, Алланың жер бетіндегі «құты» ретінде танылған. Сондықтан оған тарихта, «құтб ул ақтаб, «султан ал арифин», хазрат ал султан», «ахмад ус сани», «пир и Туркистан» деген сияқты атақтар берілген.
«Кез келген мемлекет немесе қоғам рухани іргетасының шайқалуының, азғындауының нәтижесінде тарих бетінен жойылады» деген исламдық қағида бар. Исламдық дүниетанымды, оның рухын, мәнін терең түсінген, ақиқатына жеткен әулиеміздің, Алланың алдындағы бірінші парызы, қоғамның қараңғылығы мен рухани азғындауына қарсы риясыз күресі болатын.
Ясауи іліміндегі зиялылық мәселесін қарастырудағы мақсат, бүгінімізге өткенімізден дертке шипа, келешегімізге үміт қақпасын нұсқайтын, тұманды күндегі сәуледей, пайдамызға жарайтын «өзімізді табуға» жол сілтер сүрлеу көрсете ме деген ойдан туындаған еді.
Ахмет Ясауи рух тәрбиешісі, сана қалыптастырушы ұстаз ретінде қоғамға жаңа тыныстағы толық адам жетілдіру жолында күрескен кемеңгер дана, әулие. Рух адамда болғандықтан да оның ілімінің тақырыбы да адам. Ол адам факторына, атап айтқанда, қоғамға жол көрсетіп, жөн сілтейтін зиялыларға, сонымен қатар мемлекет басқарып отырған басшыларға үлкен мән береді. Ғалымдар, зиялылар ғылымына, ал әкімдер әділетке сай шешім қабылдамаса қоғам құрдымға кетеді, мемлекет күйрейді.
Енді Ясауидің өз дәуірінде шын зиялы немесе зиялылық туралы айтып кеткен анықтамасын, қазіргі таңдағы зиялылық анықтамасымен салыстырып көрелік. Мысалы, бір Батыс ойшылы: «Зиялы адам турашыл, дұрысын сөйлейді. Батыл, бір істі аяғына дейін жеткізеді. Ең негізгі қасиеті: сыни көзқарас. Өз ойын ашық айтады. Осы жолда қандай да бір саяси биліктен, яки тақ иесінен, шенділерден қорықпайды. Әлеуметтік құрылыстар мен құбылыстарды салыстыра зерттеп жауап іздейді, қоғамда дамыған гуманистік рационалдық жүйенің орнауына ықпал етеді. Бір сөзбен айтқанда қоғамның ой-санасы мен озық интеллигенцияның сөзін сөйлейді», – десе, екінші бірі: «Зиялы адам ең алдымен дұрыс, көкірегі ояу, көзі ашық, сонымен қатар батыл болуы керек. Яғни білім қоймасы немесе білім туралы жай ғана бір элемент емес, ақиқат жолындағы қатерге бас тіккен ерікті жауынгер», – деп шын зиялы «Ақиқат деп танығаны мен білгендері үшін ойларының өмір сүруі және жайылып таралуы үшін жанпидалыққа бас тіккен, өз пікірін қанымен, болмысымен қорғай алуы тиіс» деген даналардың тұжырымын қуаттайды.
Енді Ясауидің қоғамдағы шын зиялының орны мен маңызын, атқаратын қызметін қалай бағалағанына тоқталайық. Өткеніміздегі ой-сана жүйесін зерттеуге ұмтылған әрбір еңбек, ең алдымен, осы жүйенің әр түрлі құбылыстарын, сол дәуірдің әлеуметтік шарттарымен байланыстыруға мәжбүр екендігін елестететін болсақ, Ахмет Ясауидің өмір сүрген ортасы мен дәуіріндегі зиялылардың қоғамдағы орны, тұрмыс-тіршілігіне қанығамыз, екінші жағынан сол ой-сана жүйесін қазіргі таңдағы қоғамдық ой-сана жүйесімен салыстыруға мүмкіндік туады.
Қандай да бір қоғамды қаптаған қараңғылықтар мен қиындықтардың жойылуы үшін күмәнсіз осылардың салмақ қатынасындай жан-жақты әрекет жүргізілуі тиіс. Осы әрекетті бастамастан бұрын «қараңғылық, қиындық, кедергі дерттердің» ара салмағы, көзі мен себептері айқындалуы тиіс. Қоғамдағы қараңғылықты анықтау дегеніміз оны тану деген сөз. Ахмет Ясауи «тану – ақиқат пен жалғанды айыра білу деген сөз» дейді. Ақиқат пен жалғанды айыру сатысы «өзіңді тану» қағидасынан басталады. Ясауидің көзқарасы бойынша: «Қоғамдағы қараңғылық – зұлматтың ең үлкен көмекшісі – надандық, оның әкелген қараңғылығы залымдардың зұлымдық орнатуына және оны әрі қарай өршітуіне ең ыңғайлы мүмкіндік туғызады», – дейді. «Әділетсіз қоғамда елден рахым, сүйіспеншілік, мейірім жоқ болады, ар-ұят, намыс, иман көшеді, мұсылман мұсылманды өлтіреді, бұзықты, залымды жақтайды, ақиқатты жалғанмен айырбастайды, осылайша қияметке жолыға-
ды», – дейді. Қоғамдағы әлеуметтік ынтымақтастықтың тірегі болған әділет пен оның айналасындағы қолдаушы этикалық құндылықтардың иман, бақыт, ар-ұят, сүйіспеншілік, мейірім, рахым, намыстан жұрдай болады. «Құндылықтар құбылып, жақсы мен жаманның айырмашылығы жоғалған, жүгенсіз қоғамда» дүние теріс айналады, зиялы атаулыға көңіл бөліп, құлақ асар жан табылмайды. Керісінше оларға материалдық, рухани қысым беріледі. Міне, осындайдан барып қоғам құрдымға бет алады», – деп ақиқаттан айырылған қоғамның ақырын білдіріп отыр.
Өз пікірін еркін айта білген, батылдық көрсеткен әулиені неге заманының нағыз шын зиялысы ретінде танымасқа?! Ахмет Ясауи бабамыз осыларды өз заманында сөйлеуге батылдық, жігер таба білді. Ал қазір ше?! Парақорларға, жалған үкім шығарушыларға, халыққа зұлымдық жәбір көрсеткендерге ілтипат, құрметпен қарайды. Олардың қасында «бақ пен тақ» іздеген «оқымысты зиялылар» көп-ақ. Жалғанды жақтаушылар, шындықты шырылдап қорғаушылардан артып жатыр. Ой-пікірін іште сақтау, бұқпантайлық барып тұрған адамгершілік моральға жат қылық. Осы сияқты мысалдар кешегі «қызыл империя» дәуірінде жиі-жиі ұшырап отырды. Ақыл-ойын өрістетіп, бір сәт ойлану қылмыс, ауыр күнә болатын. Олар өлтіріліп, абақтыға қамалды. Ауыр идеология тұманы астында болу және заң да сол идеологияны көздің қарашығындай сақтауға және қорғауға құрылғандықтан адам адамдық қадір-қасиетін жоғалтты, адамгершілік моральдан айырылды. Ал қазір жағдай басқа, қасаң идеология бұлты да жоқ, кеңестік «үңгірден» шықтық, дегенмен әлі де қараңғылық тұманындамыз, біліп, сезіп те жүрміз. Зиялының қоршаған ортасын, қоғамын нұрландырар, ағарту қызметі негізінен қараңғылық басқанда басталуы тиіс және үздіксіз болуы керек еді. Бүгін зиялы деп танығандарымыздың, яки өздерін зиялы санағандардың тағы да үні шықпай отыр. Жанпидалық, батылдық, жүректілік жоқ, неге?!
Ахмет Ясауиге құлақ түрсек, бүкіл мәселе нәпсіге келіп тірелетін көрінеді. «Еріксіз адам үшін ақиқат ұғымы да жоқ. Еркінмін деген сөз – бармын деп айта алу деген сөз. Болмыстың, өзінің «бар» екендігінің сырына, мәніне жете білген адам еркін адам». Сонымен бостандықтың негізі нәпсінің тұтқынынан құтылу дегенге саяды.
Ясауи: «Білімін іспен дәлелдеген зиялылар, ғалымдар дініміздің, қоғамымыздың шам-шырағы, түнді жарықтандырған Ай сияқты. Олар – хикмет иелері, елдің «қыдыры» сияқты», – дейді. Байқасаңыз Ясауидің мақсаты қоғамды қараңғылықтан құтқару екендігі анық көрінеді. Өйткені, қараңғылық жайлаған қоғамның соңы құрдым.
Қоғамда зиялы болып көрінген, зиялы шапанын жамылғандар да бар. Бұлар жайлы Ясауи «халықты азғырған, рия тәпсісі жолында шайтан-нәпсісімен дәурен сүрген. Алла ризашылығы үшін емес, шайтан-нәпсі дүние рахатын көздегендердің кесірінен қоғам азып, қараңғылыққа батып жоғалады» дейді. «Зиялы, кәміл адам болып көрінгендерге» «білгішсініп сөйлеме, аузыңдағы сасықты, сөз қадірін біл, көңіл кірін сөздің сөзі алады» дейді. «Ғалыммын» деп көкірек кергендер, асып-тасқандар наданның дәл өзі дейді. Өйткені, шын зиялы ғалым топырақ сипат болар. «Дүниеден қол үзбей тұрып, Алла жолына түстім дегендер, өзін зиялы ғалым санағандар, дүние үшін рия көрініспен «зікір» салғандар – нағыз надан қауымы». «Олар, өз нәпсілерінің (шайтанның) жүгендеулі, ноқталы есегі секілді. Надандық, расуалық, олардан іргеңді аулақ сал», – деп олардың сыртқы көріністерін әшкерелейді.
Шын зиялылар, көңіл-рухты, сана-ойларын әшекейлейді. Яғни, қоғамдағы адам өмірін, қоғамды әрлейді, жөндейді. «Ақырзаман «зиялылары» ілім жоқ сауатсыздан бетер. Хикметті естімес керең, көңілі мен көкірегі көр соқыр, иманы жоқ жүрексіз, өзі жақсы мен жаманды айыра алмай тұрса да насихат айтып мазаңды алар. Надандардың қулық-сұмдығы шайтаннан асып, артылады», – дейді.
Батыс ойшылы Ф.Бекон бір қоғамдағы қараңғылықтың төрт себептен туындайтынын ескертеді. Бұлар «беделге» (авторитетке) құрмет, «әдет-ғұрыпқа айнымастық», «еш нәрсеге үйренуге мұқтаж еместігін көрсететін бос кеуде – көкіректік» және соңғысы «қара халықтың надандығы – қараңғылығы».
Әдет-ғұрыпқа беріктік» сатысы өзгерместей дәрежеге барса традиционализм мен (метатрадиционализм) тұрақтау, ақырында кері кету, құлдырауға апарады, қоғамды қараңғылыққа батырады. Ясауи ілімінде традиционализмге орын жоқ, әрдайым үздіксіз өзгеріс, жаңа мақам баспалдақтарды, халдерді иемдену, жаулау, өзін-өзі бақылау әдістері ерекше дамыған.
Адамға енді ешнәрсе үйренуге мұқтаж еместігін білдіретін бос кеудешілік, «оқымысты надандар» деп аталатын бір қауымды дүниеге әкеледі. Алайда бұлардың қолдарында «жалтыраған» куәліктері болуы мүмкін. Өздерін жұртқа зиялы ретінде танытып, талтаңдатқан сол куәліктерінің сыртындағы жалтырауық мөрдің шарапаты болуы мүмкін. Ал сол жалтыраған мөр тек қана жарықта жалтырайды, өздігінен жалтырамас. Осындай «зиялысымақтардың» негізінен алғанда, басқаларды жолға салу қабілеті жоқ.
Халықтың қараңғылығы өз алдына бір себеп емес, қараңғы қалудың салдары. Ой еркіндігін өз орнымен жұмсап қолдана білген батыл, жүректі зиялылары бар қоғамда ең болмағанда басты мәселелер бойынша халықтың қараңғылығын сейілтуге болады. Кейбір «зиялысымақтар» халықтың өздерін ұқпайтындығынан өз пікірлерінің ескерусіз қалатындығынан, қоғамның қараңғылығынан, сол сияқты өзін жұбататын себептерді айтып, «сәулелерін» жан-жағына шашудан қашқақтайды.
Ясауи ілімінде мұндай «себептерге» орын жоқ. Ол айтатындарын әркім және әр топ ұғына алатын дәрежеде ұсынады, ойының аздаған адамдарға ғана жететіндігінен қорықпайды, ол өзінің айтқан үгіт-насихаты тыңдаушысының қабылдау қабілеті мөлшерінде екенін біледі. Ойының таңдаушыға оның қабілеті дәрежесінде пайдалы болатындығына сенеді. Халықты қараңғы деп кінәламайды, қоғамның қараңғылығына үнсіз қалмайды, өз қоғамының қараңғылығынан өзін кінәлі санап, надандық түнегін сейілту, құтқару жолдарын қарастырады. Осы жолда «Жетпіс екі ұлыстың тілінде» сөйлейді, яғни оларға түсіндіруге, ұғындыруға тырысып бағады, ағартушылық күресін жүргізеді.
Шын зиялылар өздерін қоғамның түсінуін күтіп жатпайды, керісінше, өздерін қоғамға ұғындыруы тиіс екенін сезіне отырып, халықпен бетпе-бет кездеседі. Қоғамның жауапкершілігі зиялының мойнында. Өйткені шын зиялының білімі мен ілімі білгіштігін көрсету үшін емес, ақиқат, зиялылық күресі үшін берілген. Өзінің қасиетті қызметі қай жерде қараңғылық бар болса, сол зерде зиялылық, сәуле шашу деп түсінеді. Әртүрлі қауіп-қатерге (рухани материалдық) қарсы бас тігуге мәжбүр. Алланың зиялы кісілерге деген жақындығын олардың қоғам үшін, адамзат үшін атқарған қызметтерінің ұлылығы мен тектілігінен көруге болады.
Ясауи іліміндегі шынайы зиялы тұлғасын қысқаша түйіндейтін болсақ, зиялы кісі болу мәселесі, біздің санамызда бұрыннан қалыптасқан бір диплом, куәлік немесе атақ иесі болудан бұрын, сана-сезім, парасат, кісілік мәселесіне тіреледі. Бұдан зиялы кісінің зиялылығы өзінен туған, қайнар көзі де өзі болып табылатын қоғам қайраткері, халқының перзенті, адамзаттың ұлы, хақтың құлы екенін көреміз.
Досай КЕНЖЕТАЙ,
Ясауи атындағы
ХҚТУ профессоры