Мәжіліс құрамы көп жаңарды

Мәжіліс құрамы көп жаңарды

Мәжіліс құрамы көп жаңарды
ашық дереккөзі
335
Мәжіліс пен мәслихаттар сайлауында 7 пайыздық межеден астам дауыс жинаған «Nur Otan» партиясы – 5 148 074 (71,09 пайыз), Қазақстанның «Ақ жол» демокра­тиялық партиясы – 792 828 (10,95 пайыз), «Қазақстан Халық партиясы» –  659 019 (9,10 пайыз) Мәжіліске өтті. Мәжілістің 98 депутаты партия тізімі бойынша, ал тоғыз депутат Қазақстан халқы Ассамблеясының атынан сайланады. Қазір Парламент Мәжілісінің VII шақырылымына ұсынылған депутаттардың есімі толық белгілі болды. «Nur Otan» партиясы 12 қаңтарда 76 кандидат­тан тұратын тізімін бекітіп, Орталық сайлау ко­мис­­сиясына жолдады. Жалпы, Мәжіліске ұсынылған «Nur Otan» пар­тиясы фракциясының құрамы 70 пайызға жаңар­ған. Тізімдегі 36 кандидат – праймериз жеңім­паз­дары болса, 40 кандидат Саяси кеңес бюро­сы­ның кво­тасы бойынша бекітілген. Депутаттардың ор­та­ша жасы – 49 жас, яғни 4 жылға жасарған. Тізім­дегілердің ең жасы – 25 жаста. 76 кандидаттың 40 пайызы – әйелдер мен 35 жасқа дейінгі жастар. Со­ның ішінде әйелдер – 30,2 пайыз. Депутаттыққа кан­дидаттардың 7-еуі ғана бұрынғы мемлекеттік қыз­меткерлер, яғни олардың үлесі 10 пайыздан ас­пайды. Негізінен Мәжіліс депутаттарының құра­мына көбінесе денсаулық сақтау, үкіметтік емес ұйымдар, бұқаралық ақпарат құралдары, сарап­шы­лар қауымдастығы, өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы және т.б. салалардың өкілдері еніп отыр. Тізімдегі аймақтардан ұсынылған депутаттардың да саны едәуір. «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конс­титуциялық заңның 97-1-бабының 5-тар­ма­ғына сәйкес «Nur Otan» партиясы Саяси кеңесі Бю­росының 12 қаңтардағы шешімімен 76 канди­даттан тұратын тізім бекітіліп, Парламент Мә­жілісінің VII шақырылымының депутаттары ре­тін­де тіркеу үшін Орталық сайлау комиссиясына жол­данды», – делінген партия сайтында. Сонымен қатар, 12 қаңтар күні «Ақ жол» пар­тиясынан Мәжіліс депутаттығына ұсынылған 12 адамның тізімі жарияланды. Олардың 4-еуі бұрын да депутат болған, арасында партия көшбасшысы Азат Перуашев, президенттікке кандидат болған Да­ния Еспаева бар. Ал 66,7 пайызы (8-і) жаңа есім­дер. 16,7 пайызы, яғни 2-еуі – әйел. 13 қаңтар күні «Қазақстан Халық партиясы» (ҚХП) Мәжіліс депутаттығына ұсынылған 10 адам­нан тұратын тізім жариялады. Тізімдегі депу­таттардың 3-еуі бұрыннан бар, 7-еуі жаңадан қо­сыл­ған, демек, құрам 70 пайызға жаңарған. Де­путат­тардың орта жасы – 48,6-ға тең. Жастар мен әйел­дердің үлесі – 20 пайыз. Ал жеке әйелдердің үлесі 16,7 пайызға тең. Ал 11 қаңтарда Қазақстан халқы Ассамблея­сы­нан сайланатын Мәжіліс депутаттары да анық­талды. Заңға сәйкес, тізімге партиядан тыс 9 депутат тө­менгі палатаға кіреді. Солардың тек 1-еуі ғана VI шақырылымның депутаты болған. Тек жалғыз әйел депутат бар. Жалпы, дауыс беруге Ассамблеяның 351 мүшесі қа­тысқан. Оған Қазақстан халқы Ассамблеясының тө­рағасы Нұрсұлтан Назарбаев та қатысып, биыл ассамблеяға 25 жыл толатынын атап өтті. – Ассамблеямыз 25 жылдан бері қарай елдің ішін­дегі көп этностарды бір-біріне жақындастыра­тын, толеранттықты тәрбиелейтін, елімізді алға жетелейтін бірегей орган болып келе жатыр. Ассам­блеядан сайланған біздің депутаттарымыз елдің бірлігін сақтап, әр этностың құқығын сақтап, қазақ халқының төңірегінде біріктіретін осындай бір ұйым болып саналады, – деп Нұрсұлтан Әбішұлы ширек ғасыр тарихы бар ассамблеяның жұмысын қорытындылады. Жалпы тізімдегі 107 депутаттың 92-сі жаңадан қосылған. Тек 15-і ғана бұрыннан бар депутаттар. Осы жолы тізім едәуір «жасарған» да сияқты. Яғни бұл – Мәжілістен жаңа серпін, тың идеялар күтуге үміт бар деген сөз.

Серіктес жаңалықтары