50394
Дастан ЖӘНІБЕК: Huawei-де жұмыс істеп, ауылдағы бауырларыма көмектесіп отырмын
Дастан ЖӘНІБЕК: Huawei-де жұмыс істеп, ауылдағы бауырларыма көмектесіп отырмын
2020 жылдың екінші жартыжылдығында Huawei компаниясы өз тарихында тұңғыш рет Samsung және Apple корпорациясын артқа қалдырып, смартфондарды сатудың әлемдік нарығында көш басына шықты. Америкалықтар санкция енгізсе де, компанияның қызметіне жүгініп, құрылғыларын сатып алушылар саны күрт өсті. Компанияның табысты болуына ықпалын тигізіп жүрген отандасымыз Дастан Жәнібек бүгінде Huawei-дің Бахрейн еліндегі өңірлік кеңсесінде қызмет етеді. Таяу Шығыс елдеріне түрлі сервисті ұсынуға жауапты команданың менеджері қызметін атқаратын, қазіргі таңда Иракта іссапармен жүрген Дастанға хабарласып, әңгімеге тартқан едік.
– Дастан, әдетте бағдарлама жасақтаушылар Huawei секілді алпауыт корпорацияға жұмысқа тұрмас бұрын, көп сатыдан өтіп, еңбек жолын кішігірім компаниялардан бастап жатады. Ал сен оқу бітіре сала бірден Huawei-ге жұмысқа қабылданыпсың…
– Иә, бірден қабылдандым. Алдымен өзімді таныстыра кетсем, мен 1994 жылы Қарағанды облысы, Шет ауданына қарасты Талды ауылында дүние келдім. 5 жасымда отбасыммен бірге Қарағандыға көшіп келдік. Сосын 2-сыныпты бітірген соң, ауылға қайта көштік. Өйткені ауылдағы қарашаңырақты ұстап қалған әкемнің ағасы дүние салып, үйдің кенжесі ретінде әкеме бізбен бірге ауылға оралу қажет болды. Оның үстіне, ауылшаруашылығымен айналысу керек. Сосын 7-9-сынып аралығында Қарағандыдағы мамандандырылған «Дарын» мектебінде оқыдым. Кейін осындағы кооператив колледжінде қаржыгер мамандығы бойынша білім алдым. Мұны аяқтаған соң, білімімді шетелде жалғастыру туралы шешім қабылдап, Қытай Үкіметінің грантын жеңіп алдым. Онда екі жыл тіл курсын оқып, сосын Бейжің политехникалық университетінде компьютер ғылымдары және технология саласы бойынша оқыдым.
– Колледжде қаржыгер мамандығын оқыған сенің ІТ саласына бет бұруыңа не түрткі болды?
– Негізі, жастайымнан компьютер жөндеуге әуес болдым. Сөйтіп, ауданға қарасты ауылдарға барып, істен шығып қалған компьютерлерді жөндеп беретінмін. Сосын жаңа компьютер сатып алған ауыл тұрғындары қалаға барып, қымбат бағаға операциялық жүйе орнатады, ал мен мұны арзанға жасап беретінмін. Оның үстіне, мектепте математикаға жүйрік болдым. Сосын Қытайда үшінші курс оқып жүргенде стартап компанияларда тағылымдамадан өттім. Төртінші курс оқып жатқанымызда университетке Huawei компаниясының өкілдері келіп, жұмыс істеуге шақырып, өз жұмыстарын жарнамалап кетті. Бағымды сынап көрейін деп түйіндемемді жіберген едім, бір айдан соң компания әкімшілігі хабарласып, сұхбаттасуға шақырды. Екі кезеңнен құралған сұхбаттасу процесінен сәтті өткен соң, жұмысқа қабылданғанымды хабарлады. Сөйтіп, оқу бітірген бойда бірден жұмысқа кірісіп кеттім.
– Сонда сен алдымен Huawei-дің Бейжіңдегі кеңсесінде жұмыс істеп, сосын Бахрейндегі бөліміне ауыстың ба?
– Негізі, Huawei-дің бас кеңсесі Қытайдың Шэньчжэнь қаласында орналасқан. Бұдан бөлек, әлемнің 182 елінде кеңселері бар. Бастапқыда мені Қытайдағы кеңселерінің біріне жіберетін шығар деп ойлағанмын. Алайда мені бірден шетелдегі филиалына жіберу туралы шешім қабылдады. Әуелгіде жұмысқа орналасу туралы келісімшартты алған кезде, Бахрейн деген жазуды көріп, қай ел екенін, қайда орналасқанын білмей, интернеттен қарағанмын (күліп). Сөйтсем, компанияның Таяу Шығыс елдері бойынша өңірлік кеңсесі сол мемлекетте орналасқан екен.
– Бірден Бахрейнге жіберетінін естіген кезде үрейленген боларсың?
– Жоқ, себебі 14 жасымнан бастап интернатта тұрдым. 18 жасымда Қытайға көштім. Сол себепті жалғыз жүріп-тұруға үйреніп алғанмын. Бахрейнге келген күннен бастап жұмысқа қызу араласып кеттім. Жалпы, компания басшылығы әр жарты жыл сайын өзіңді жұмыс барысында қалай көрсеткеніңе қарай бағалап отырады. Үздік баға алсаң, компания дәрежеңді де, лауазымыңды да өсіреді. Сөйтіп, әуелде жұмысқа бастапқы деңгейдегі бағдарлама жасақтаушы болып араласқан мен қазіргі таңда автоматтандыру мәселесіне жауапты бөлімнің менеждерімін. Қоластымда он бес шақты жасақтаушы жұмыс істейді. Мен олардың атқаратын жұмысын бақылауда ұстаймын. Негізгі кеңсе Бахрейнде болғанымен, өзім онда көп болмаймын. Көбіне іссапарда жүремін. Huawei-де істеп жүрген екі жыл жеті айдың ішінде жұмыс барысымен он шақты елде болдым, көбінесе Таяу Шығыс елдеріне жұмыспен жиі барамын. Қазір Иракта іссапарда жүргеніме жиырма күн болды. Мұнда автоматтандыру ісі бойынша клиенттермен жұмыс істеудемін.
– Ал қоластыңдағы мамандарға сөзіңді өткізу, тыңдата білу қиынға соғып жатқан жоқ па?
– Негізі, оңай емес. Командамда арабтар, қытайлықтар, пәкістандықтар мен үндістер жұмыс істейді. Әрқайсысының менталитеті, мәдениеті бөлек. Шамам жеткенше тыңдатқызып жүрмін. Тіпті сөзім өтпей бара жатса, бастығыма жүгінемін, соңғы сөзді сол кісі айтады.
– Тәжірибесі аз жас маманға үлкен команданы сеніп тапсырғанына қарағанда тағылымдамада жинаған тәжірибең көмектескен сияқты...
– Дәл солай. Бәлкім, басшымен жолым болған шығар. Мысалы, Бахрейнге келгеніме бір ай уақыт болмай жатып, мені Кувейт еліне іссапарға жіберді. Бастапқыда қорқақтап «Ештеңе білмеймін ғой» деп уайымдаған едім, басшым «Жоқ, барып кел. Осылайша барлығын үйренесің» деді. Ол жақтағы шаруаны бітіріп келген соң, маған ауқымды жобалар ұсына бастады. Мұның барлығын сәтті орындап жүргенімді байқап, қолдау білдірді. 2018 жылы Бахрейндегі кеңсеге әртүрлі департаментте жұмыс істеуге көп қызметкер келгенбіз. Сол жылы олардың арасынан озып шығып, «Ең үздік жаңа қызметкер» атағын иелендім. Сосын 2019 жылы компанияның үздік қызметкерлеріне ұсынылатын Future Star жүлдесін алдым. Өткен жылдың бірінші жартыжылдығында High Performance жүлдесін еншіледім. Осылайша, үнемі үздіктер қатарынан көрініп жүргендіктен, басшылық мені көтермелеп, тәжірибем аз болса да, жоғарыда айтып өткен команданы басқаруға тағайындады.
– Бізге Huawei десе, тек телефон елестейді. Ал шынында компанияның телефон құрастырудан бөлек, көрсететін сервистері, жасап шығаратын құрылғылары көп екен. Түсінуімше, сенің қазіргі атқарып жүрген қызметің телефон құрастыруға қатысы жоқ, солай ма?
– Huawei компаниясының негізгі табыс көзі телефон құрастырумен байланысты емес. Телефон сатудан келіп түсетін пайда тек 10 пайызды құрайтын шығар. Компания мобильді операторларға телекоммуникациялық құрылғылар, сервистер сатудан көп табыс табады. Ал біз істейтін автоматтандыру жұмысын қарапайым тілмен түсіндіретін болсам, мобильді операторлардың желі тарататын мұнарасы бар екенін білетін боларсыз. Сол мұнарада желінің жақсы жұмыс істеуіне септігін тигізетін арнайы құрал-жабдықтар болады. Мобильді операторлар әлгі жабдықтарды өздері жасақтап шығара алмайды, сондықтан олар бізден сатып алады. Жалпы, әлем бойынша мұндай құрылғыларды тек Huawei, Erikson және Nokia компаниялары әзірлеп шығарады. Десе де, Huawei – екеуімен салыстырғанда, ең ірі өндіруші. Қазақстандағы мұнараларда да Huawei-дің жабдықтары орнатылған. Сол жабдықтар бірде қызып кетсе, енді бірде істен шығып қалады. Сөйтіп, күніне мыңдаған сигнал келіп түседі. Бұрынырақта мұның барлығын диспетчер, бақылаушы маман істейтін, ал қазір бұл олқылықтарды түзетуге адамның мүмкіндігі жете бермейді. Сол себепті мұны бұрынғыдай мамандарды жұмылдыру арқылы бәленбай сағат емес, компьютер арқылы бірнеше секунд ішінде түзеуге жауаптымыз.
– АҚШ президенті Дональд Трамп ұлттық қауіпсіздікке нұқсан келтіреді деп осы жылдың мамыр айына дейін Huawei және ZTE компаниялары өндіретін құрылғыларға қарсы санкция енгізді. Бұл жайында не айта аласың?
– Негізі, бізге бұл жайында пікір білдіруге рұқсат жоқ. Бірақ қай компанияның өнімін алсаңыз да, арасында зияндысы да, пайдалысы да бар. Былтыр Қытай халқы Huawei-ге қолдау білдіру үшін компания жасап шығаратын телефондарды көптеп сатып алды. Өзге мемлекеттерден де клиенттердің көбейгенін білемін. Жалпы, компанияда екі түрлі бағыт бойынша жұмыс атқарылады. Бірі мен жұмыс істеп жүрген операторлармен байланыс орнатып, сервистер ұсынса, екіншісінде телефон, сағат, планшет, ноутбук әзірлеумен айналысады. Сол себепті телефонға қатысты дүниелерді біле бермеймін. Елдегі достарым «Қандай телефон жақсы?», «Жаңасы қашан шығады?» деп жиі сұрайды. Ал мен тіпті компанияның қандай жаңа телефон әзірлеп жатқанын да білмеймін. Білсем де, бұл ақпаратпен бөлісуге рұқсат жоқ.
– Технология неғұрлым тез жаңарып отырған сайын, бағдарлама жасақтаушылар соған қарай соғұрлым шапшаң түрде бейімделетінін білеміз. Сондай-ақ олардың жаңа шыққан технологияны меңгеруге аз уақыт жеткілікті деп, позицияларын ауыстыруды құп санайтынынан хабардармыз. Сол секілді сен де менеджерлікті ауыстырғың келіп жүрген жоқ па?
– Ойымды дөп бастыңыз. Күнделікті берілетін тапсырмалар ауқымы кең болғанымен, бір-біріне ұқсас, сол себепті қызығушылық кеміп бара жатыр. Жалпы, компанияда атқарылуы тиіс тапсырмалар көп. Мысалы, бізде зерттеу жүргізіп, жаңа, тың дүниелер ойлап табатын департамент бар. Сол департаментке, соның ішінде Еуропадағы бөліміне ауысқым келіп жүр. Қазір бір бөлімде менеджер болсам да, бұған масайып, бір орында тұрып қалғым келмейді. Сосын жұмыстан бөлек құрастырғым келіп жүрген жеке жобаларым бар. Алдағы уақытта сол жобаларым сәтті жүзеге асып кетсе деп ниеттеніп отырмын.
– Қандай бағдарлама құрастырмақ ойың бар, құпия болмаса?
– Негізі, ешкіммен бөліспей жүргенмін. Бірақ, ақыры барлығын ашық әңгімелей бастаған соң, айта отырайын. Болашағын ІТ саласымен байланыстырған әр маман үлкен корпорацияда қызмет етіп, тәжірибе жинақтағысы келетіні белгілі. Ал корпорация өкілдері сұхбаттасуға келген жас маманға код жазып шығуды тапсырады. Сол код жазудың тәсілін, алгоритмдерін білмесең, сұхбаттасу процесінен өту қиын. Ал егер мұны жаңғақша шағып тұрсаң, жұмысқа бірден алады. Десек те, ІТ десе ішкен асын жерге қоятындардың арасында мұны білмейтіндердің қарасы көп. Мен соны ескеріп, студенттерге практика жасауға қолайлы платформа әзірлеп жатырмын. Ең алдымен Қытай студенттеріне жасап ұсынғым келеді, себебі Қытайда студенттер саны көп, оның үстіне өзім сонда оқыған соң, көп нәрсені жетік білемін. Жұмыс жүріп кетсе, Қазақстандағы студенттерге де үйретемін. Алайда, қазіргі таңда мұнымен тек демалыс күндері шұғылданып жүрмін, себебі басқа күндері негізгі жұмысымнан қол босамайды. Бірақ жұмысыма қарағанда сол жобам әлдеқайда қызығырақ.
– Ал код жазуды университетте үйретпей ме?
– Университетте көп жағдайда ІТ-дың тарихын оқисың, ал технология күн сайын дамып жатыр. Сол технологияларды әзірлеп шығаратын бағдарлама да өзгеріп жатыр. Университетте мұны үйретпейді. Жұмыс берушілер бізден тарихты емес, жаңа трендтерді сұрайды. Жоғарыда айтып өткенімдей, үшінші курста стартап компанияда тағылымдамадан өттім. Жарты жыл жұмыс істеген соң, деңгейім сол жерде штатта еңбек ететіндермен тең екенін байқадым. Сөйтіп, оқу бітіргенге дейін үш жерде тағылымдамадан өтіп, көп нәрсені біліп алдым. Huawei-ге жұмысқа орналасар кезде де «Не білесің? Не істей аласың?» деп сұрағанда үш жерден үйренгенімді айтқан едім, мұның көмегі маған көп тиді.
– Huawei-дің Алматыда кеңсесі бар екенін білеміз. Сен секілді маманның шетте істеп жүргенін білген ол жақтағылар жұмысқа шақырған болар...
– Иә, шақырды. Шынымды айтсам, Қазақстанды, әсіресе ауылымды қатты сағынып жүрмін. Еңбек демалысында елге барғанда ұшақтан түсе сала ауылға қарай тартып отырамын. Ауылға ештеңе жетпейді. Ауылда өсіп-өнген қазақтың баласы әлемнің қай жеріне барса да, бәрібір ауылдай әдемі жер таппайды! Сыртта осылай жүре бергенше, алдағы уақытта Қазақстанда жұмыс істегім келеді. Мысалы, мен күнделікті тағамымды дұрыстап ішпеймін. Анамның өз қолымен әзірлеген тамағын ішкім келеді. Сосын елдегі достарым күн сайын ет жеп жүргендерін суретке түсіріп, қалжыңдап мазақ қылады. Тек осы жақтағы жағдай қолайлы, табыс қомақты болған соң жүресің, амал жоқ. Мысалы, мен осы жұмысымнан алатын бір айлық еңбекақым елдегі бірнеше айда жинайтын табысқа тең. Әкем жеті жыл бұрын дүние салған, сол себепті ауылда тұрып жатқан отбасым маған қарап отыр. Ал мен дәл қазір осында жүріп анам мен бауырларыма көп көмек бере аламын. Қазақстанда осындай жоғары жалақы алатын болсам, қайтып барар едім. Сөйтіп, анам мен бауырларымды қасыма алып, бір шаңырақтың астында тұрмаймын ба?! Дегенмен, 5-10 жылдан кейін тәжірибе жинақтап, біліктілігімді арттырған соң, елге оралатынымды білемін. Тек айтарым, біз секілді тәжірибе жинап келген жастарға көмек беріп, стартап жобаларды іске асыруға көмектессе екен деймін. Бізде ірі корпорацияларда небір жаңалық ашып жатқан мамандардан кем түспейтін ақылды жастар өте көп. Мысалы, ҰБТ-дан 123, 120 ұпай жинаған достарым грантта оқып, диплом алған соң, жұмыс таба алмай, біраз жыл бос жүретіні бар. Сол алғыр балалар қазір зауытта әртүрлі жұмыс істеп жүр. Ал мен олардың озық білімді, ұшқыр ойлы екенін жақсы білемін. Сол себепті елде жастарға мүмкіндігін молынан көрсететін бағдарламалар іске асырылса деп ойлаймын. Қытайда «әйнектен жасалған шатырдан биікті көре аласың, бірақ әлгі шатырдан асып ешқайда секіре алмайсың» деген мақал бар. Сол секілді елде алған білімің, жеткен деңгейің аспанға дейін жетіп тұрса да, көздеген нысанаға жете алмайсың. Мен Қазақстанда жұмыс істеп көрген жоқпын, десек те достарымның осындай мұңын жиі естимін. Тағы бір байқағаным, елде барлығы орыс тіліндегі мобильді қосымшаларды көп қолданады. Қосымша құрастырып шығарғым келсе, орыс тілінде жасауға мәжбүрмін, себебі өкінішке қарай елде қазақтардың басым көпшілігі орыс тілінде сөйлейді. Бұған қоса, Қазақстан халқының 20 пайызы – орыстар. Сосын бұл экономикалық жағынан маған қолайлы, әрі қолданушылар қатарын көбейтуге мүмкіндік береді. Ал қытайлықтар ағылшын тіліндегі қосымшаны қолданбайды. Сол секілді алдағы уақытта елде қазақтілді контентке баса мән беріп, қазақ тілінде құрастырылған ІТ өнімдерді қолданатындар қатары көбейеді деп сенемін.
Сұхбаттасқан
Әлия ТІЛЕУЖАНҚЫЗЫ