50288
TAZA SAILAU: Бақылаушылар сайлаушылардың белсенді екенін алға тартуда
TAZA SAILAU: Бақылаушылар сайлаушылардың белсенді екенін алға тартуда
Алматыда «TAZA SAILAU» тәуелсіз бақылаушылар азаматтық қозғалысының баспасөз брифингі өтті. Онда Жанна Ахметова, Эдуард Полетаев, Бигелді Ғабдуллин және Ерқанат Көпжасар бүкіл ел бойынша тәуелсіз бақылаушылардың жұмысын ұйымдастыру және оның барысы туралы айтып берді. Журналист Мақат Садық Нұр-Сұлтан қаласынан онлайн қосылды.
«Өздеріңіз білетіндей біз «TAZA SAILAU» атты тәуелсіз бақылаушылар тобын Парламент сайлауынан екі ай бұрын құрдық. Біршама жұмыс жасалды. Мысалы, Алматыда бір күндік семинар өткізіп, соған ірі 25 қаланың өкілдері қатысты. Олар заң, саяси жағынан қажетті білім алды, басқа да көмектер көрсетілді. Жалпы Қазақстан бойынша 5000 бақылаушы дайындап, олардың бәрі осы сайлауда қызмет атқарады. Олар бүгін 3200 сайлау учаскесінде бақылаушы ретінде жұмыс атқарып жатыр. Сонымен қатар саясаткер мектебін ашып, бақылаушылардың саяси мәдениетін көтеруге де үлес қостық», – деді қоғам қайраткері Бигелді Ғабдуллин.
Б.Ғабдуллиннің айтуынша, осы мерзім аралығында қиыншылықтар да болды. Бақылаушыларға құқық органдары келіп, кім екенін, қайдан келгенін бақылаған. Сондай-ақ ол «TAZA SAILAU» тәуелсіз бақылаушылар азаматтық қозғалысының мүшелері ешқандай партия тізімінде жоқ екенін, өздерінің негізгі мақсаты – Парламент сайлауының дұрыс, таза өтуін бақылау екенін де тілге тиек етті.
«Сайлау барысындағы әзірге біз байқаған ең үлкен мәселе – ПТР сынамаларына қатысты болды. Өздеріңіз білетіндей, ПТР сынамасы 3-ақ күнге жарамды. Тапсырылған сынама нәтижесін уақытында шығарып беруге көптеген ауруханалар үлгермей жатыр. Алматыда бақылаушы ретінде тіркелген ондаған азаматтың ПТР сынамасын түнде әрең алып үлгердік. Маңғыстау, Жамбыл облыстарында және Шымкент қаласында да осындай мәселелер болды. Қазір кейбір сайлау учаскелелерінде санитайзерлер жоқ екені туралы ақпарат алып отырмыз. Кіреберісте сайлау туралы толық мағлұматтар ілінбеген. Бақылаушыларға санитарлық нормаға сай шаршы метрлердің қарастырылмағанын да байқадық, – деді бақылаушы, тележурналист Ерқанат Көпжасар.
Е.Көпжасардың айтуынша, сайлау учаскелеріне келіп жатқан адамдардың белсенді екендігі байқалған. «Тұрғындар сайлау учаскелері ашылмай жатып дауыс беруге келіп жатты. Бұл азаматтық қоғамның сайлауға белсенді дайындалуының және сайлауға үгіт-насихат жұмыстарының дұрыс жүргізілуінің нәтижесі деп ойлаймын», – деді ол.
«Біздің ең маңызды жұмысымыз – арандатуға жол бермей, заң үстемдігін қамтамасыз етуге күш салып, яғни түптеп келгенде, елдің бірлігі мен берекесіне қызмет ету. Құзырлы сайлау комиссиялары мүшелерінің жұмысына кедергі болмай, байқап-бақылау, қатесі болса айту – біздің басты міндетіміз», – деді саясаттанушы Эдуард Полетаев. Ол «TAZA SAILAU» қозғалысының қандай мақсатпен құрылғаны және олар бүгін қандай жұмыс атқаратыны туралы ақпаратпен бөлісті.