243
Көлік жүргізушісінің темекі шегуіне тыйым салына ма?
Көлік жүргізушісінің темекі шегуіне тыйым салына ма?
Көлікті жүргізіп келе жатқанда темекі шегуге тыйым салынуы мүмкін. Бүгін Мәжілістің жұмыс тобында «Жол жүрісі туралы» ҚР Заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын талқылау барысында депутат Омархан Өксікбаев осындай ұсыныс жасады.
«Жүргізуші рульде отырып темекі шегуге оқталып, алаңдаса, ол жолға назары төмендейді, реакция да ақырындайды. Ал темекі шегу барысында қолынан шылымы түсіп кетуі де мүмкін. Оны алуға да алаңдайды, тіпті шегу процесінің өзі адам миына белгілі бір әсер ететіні анық», - дейді депутат Омархан Өксікбаев.
Сонымен қатар, депутат қолданыстағы заң нормалары бойынша көлік жүргізу барысында телефонмен әңгімелесуге тыйым салынғанын ескертті. «Ал темекі шеккеннің телефонмен сөйлескеннен артықшылығы не? Мұнда да назарын екі жаққа аударуға соқтырып тұр емес пе? Бүгінгі баяндамада жол апатынан жылына үш мың адамға дейін қаза болатыны айтылды. Дәл қандай заң бұзушылықтар бойынша өлім-жітім көп екені туралы статистиканың жоқтығы өкінішті. Десе де, кез келген мәселеде азаматтар мен олардың қауіпсіздігі бірінші кезекте болуы керек. Бұл да жолдағы апатты азайтуға оң серпін береді деп ойлаймын», - деді депутат Өксікбаев.