305
Өзгенің қателігі – зор сабақ
Өзгенің қателігі – зор сабақ
Өткен 2020 жылды қай жағынан болмасын, бүкіл әлем үшін қиындық пен сынаққа толы болды деп қорытындыладық. Індеттің салдары мен зардабынан бөлек, қаншама мемлекетте шиеленіскен саяси қақтығыс болды, қаншама елдің экономикасы шатқаяқтады. Табиғи апаттар, дінге байланысты шиеленістер де аз болмады. Дерт жайлаған қысылтаяң шақта мұндай оқиғалардың барлығы екі есе ауыр салмақ болғаны анық.
Көршілес қырғыз елінде жаздың аяғында эпидемиологиялық жағдай жақсара бастады, сөйтіп қырғыз елінің бар назары алдағы парламент сайлауына ауысты. 2020 жылғы 5 қазанда сайлаудың алдын ала нәтижелеріне қарсы митинг басталды. Жаппай тәртіпсіздіктер мен Қырғыз Республикасының Үкімет үйіне шабуыл жасау әрекеттерінен кейін Қырғыз Республикасының президенті Сооронбай Жээнбеков отставкаға кететінін мәлімдеді. Жээнбеков билікке бағынбайтынын және өз азаматтарына қан төгіп, оқ атқан президент ретінде ел тарихында қалғысы келмейтінін атап өтті. Кейіннен қырғыз елі Ресейге қосылады деген мазмұндағы ақпарат тараған болатын.
Өткен жылы Беларусь елінде де саяси жағдай айтарлықтай шиеленісті. Тараптар арасындағы тартыс сайлауалды науқан басталмай-ақ күшейді. Түрлі акциялар ұйымдастырылып, қылмыстық іс қозғалды. Сайлаудың бекітілген нәтижелері бойынша Лукашенко 80,1 пайыз дауыспен жеңіске жетті. Бірақ президент сайлауының нәтижесі жарияланғаннан кейін Беларусь халқы митингілер мен наразылық акциясына жинала бастады. Демонстрация полиция мен бейбіт халықтың арасындағы қақтығысқа ұласты. Минскідегі ауруханалардан реаниматологтер мен травматологтардың қосымша топтары шақырылды. Медицина мекемелері зардап шеккендердің нақты санын айта алмады. Алайда, Минскіде өткен қаншама күнгі толқу Лукашенконы президенттіктен тайдыра алмады. Беларусь халқынан бөлек кейбір мемлекеттер оның өкілеттігін мойындамайтынын мәлімдесе де, ол өзінің басшылық қызметінде қалды.
2020 жылдың басты саяси әрі шиеленісті оқиғаның бірі АҚШ-тағы президентін сайлауы болды. Трамп пен Байден арасындағы тартыс сайлау аяқталған соң да тоқтамады. Сайлау нәтижесі бойынша Байден жеңіске жеткенімен, Трамп өзінің жеңілісін әлі күнге мойындаған жоқ.
Жаңа жылға жаңа үмітпен қадам бастық. Өткен жыл – енді тарих. Бізде барлығы орнында десек те, өзіңнің ғана емес, өзгенің де өткенінен сабақ ала білу – болашақ үшін керек. Осы орайда саясаттанушылардың пікірін білген едік.
Расул ЖҰМАЛЫ, саясаттанушы:
–2020 жыл расымен де ауыр жыл болды. Оның дені жаһанды жайлаған пандемиямен байланысты. Тек денсаулық сақтау жағынан ғана емес, үйреншікті өмір тәртібі, экономиканың дамуы, әлеуметтік мәселелердің шешімі, ішкі және сыртқы саясат – барлығына да бұл пандемия кері әсерін тигізді. Бұдан Қазақстан да шет қалмады. Ауыртпалығы өз алдына, індеттің салдары әлі аяқтала қойған жоқ. Әлі түрлі болжамдар айтылып жатыр. Әсіресе, экономиканың қайта қалпына келуі 2023-2024 жылдарға созылып кетуі мүмкін екені, ғаламдық экономикада құлдырау мәселелері. Экономика әлеуметтік мәселелерге, елдің, қоғамның тыныс-тіршілігіне де өз әсерін тигізетіні түсінікті. 2020 жылдың салдары бізге әлі де әсер ететін түрі бар.
Оған қоса, биыл әлемде бұған дейін болған, бірақ шешімін таппаған мәселелер одан әрі ушықты. Түрлі қарулы қақтығыстар, Таяу Шығыстағы жағдай, Ливиядағы азаматтық соғыс, Сириядағы 10 жыл бойы толастамай отырған шиеленіске тағы бірқатар кикілжің қосылды. Мысалы, ТМД кеңістігінде Қырғыз Республикасындағы революция, Беларусьтегі көтеріліс, Ресейдің өз ішіндегі, әсіресе Хабаровсктегі дүрбелең. Ғаламдық тұрғыда ірі державалардың арасындағы тайталас, Ресей мен Батыстың, Қытай мен АҚШ-тың – мұның барлығы, әрине әлемдегі саяси-экономикалық тұрақтылыққа кері әсерін тигізіп жатыр. Осы мәселелерді реттеуші халықаралық ұйымдар қауқарсыздық танытып отыр. Мұның барлығы әрине, барлық әлем елдеріне, оның бір бөлшегі саналатын Қазақстанға да әсер етпей қоймайды. Әсіресе, геосаяси тұрғыдан өте күрделі әрі қиын аймақта орналасқан біздің ел үшін тәуекел өте зор. Осының барлығын біз назарда ұстауымыз керек. 2020 жылы экономикамыздың күретамыры саналатын мұнай-газ бағасының күрт төмендеуі экономикамызға кері әсер еткені анық. Сарапшылар мұнай-газ бағасының әлі де құлдырай беретінін болжап отыр. Сыртқы факторларды ғана емес, ішкі мәселелерді де ұмытпауымыз керек.
Саясат дегеніміз – қолда бар мүмкіндіктерді оңтайлы пайдаланудың өнері деп санайтын болсақ, ел билігіне өте ауыр жүк түсіп отыр. Көріп отырғанымыздай, осындай қиындықтарға, осындай кесапаттарға тек қана іштей мығым, қуатты, ынтымағы жарасқан жоғары дәрежедегі ел ғана төтеп бере алады. Оған мысал ретінде қырғыз еліндегі жағдайды айта аламыз. Қырғыз еліндегі революцияға әсер еткен факторлар өте көп, бірақ соның ең негізгісі жемқорлықтан қалжыраған халықтың ішкі ашу-ызасы болды. Мемлекет пен халықтың арасында түсінбестіктің болуы. Сондықтан бізге өз ішіміздегі бірліктен ажырамау – басты мақсат болуы керек. Мәселелерді ушықтырмай, бейбіт жолмен шешудің тетіктерін қарастыру керек. Оны енді алда уақыт көрсете жатар. Жауапкершілік тек билікке емес, белгілі бір дәрежеде зиялы қауымға, оппозицияға, қоғамның өзіне де түседі. Себебі бұл – ортақ мүдде, ортақ жауапкершілік.
Дос КӨШІМ, саясаттанушы:
– Әр уақытта сайлауды әділ өткізуге тырысу керек. Жалпы, сайлаудағы әділетсіздіктер жаға ұстатарлық. Ең қызығы, олардың ешқайсысы жауапқа тартылған жоқ. Көптеген дүрбелеңге әділетсіз сайлау қозғау болады. Сондықтан біз үшін әділетті стандартқа сай сайлау өткізу – аса маңызды.