Нұрлан ОРАЗАЛИН: Ел тағдыры – қазақтың өз қолында

Нұрлан ОРАЗАЛИН: Ел тағдыры – қазақтың өз қолында

Нұрлан ОРАЗАЛИН: Ел тағдыры – қазақтың өз қолында
ашық дереккөзі
– Тәуелсіздік – кез келген ұлт үшін, ұлт пен ұрпақ үшін аяулы, асыл ұғым, кие­лі дүние. Тәуелсіз болғысы кел­мей­тін ұлт жоқ, халық жоқ. Тәуелсіз бол­ғы­сы келмейтін адам да жоқ. Тәуелсіздік дей­тін киелі де қасиетті ұғымға ресми құжат жүзінде қол жеткізгенімізге биыл 30 жыл толады. Өз басым осыдан отыз жыл бұрын­ғы жүрекпен сезініп, санамен аңғарған ақиқатты айтып отырмын. Ол кезде Қа­зақстанның тәуелсіз ел болып орны­ғарына Мәскеу де, алыс-жақын көрші-қолаң елдердің де біразы сене қойған жоқ. «Күтпеген жерден ыдырап бара жатқан алып империяның «парашютін» қалай бөліп аламыз, Қазақстан кімнің қолтығында кетеді, Орталық Азия кім­нің жемсауында кетеді?» деген секілді әртүрлі  жорамалдар айтылды. Кешегі Никонов пен Федоровтардың айтып отыр­ған әңгімесі де, сол кезеңде бас­талған еді. КСРО-ның соңғы президенті Горбачев кетіп бара жатып «отқа май құйғандай» «Қазақстанның солтүс­тігін­дегі 5 облыс Ресейге кіруі керек еді» деген болатын.  Шығыста «Ертістің оң және сол жағалауы» болып бөлініп, автономия сұрап жатты. «Ертістің оң жағалауы Ресейге қосылуы керек, сол жағалауы Қазақстанда қалсын» деп талап қойды. Жайықта да тынымсыз жағдай орнықты. Жасыратыны жоқ, қазақ жерінде Тәжікстандағы азамат соғысынан да бетер «сұрапыл майдан» басталып кету қаупі болды. Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығын ойлаған сайын, санадан өткізген сайын, ең әуелі 1991 жылғы желтоқсан еске түседі. 90-жылдардағы аласапыран оқиғалар ойға оралады. Турасын айту керек. Қиын, күрделі кезеңде Тұңғыш Қазақ Президентінің туабітті харизма- сы, көшбасшылық қабілеті көп рөл ойнады. Тәуелсіздік деген киелі ұғым заңға дауыс берген депутаттарға қанат бітірді. Сол ұғым қанатында жүріп қаншама ірге­лі заңдар, конституциялық заңдар қабылданды. Қазақстаның Мемлекеттік Тәуелсіздігі туралы заңды талқылаған 360 депутаттың арасында жаңағы Орал­дағы немесе солтүстіктегі сепара­тис­терді қолдайтын, солардың қол­тығына су бүркіп отырған адамдар да болды. Құрамда Мәскеудің айтқанымен жүріп-тұратын өзіміздің басшылар аз болған жоқ.  Аумалы-төкпелі кезеңде Тәуелсіз­дік туралы заң  қабылдау қиын­ға соқ­қаны рас. Біздің ел – онсан қырғындарды басынан өткізген ел. Соның салдарынан ұлтымыз сапалық тұрғыдан да, сандық тұрғыдан да көп нәрседен айырылып қалды. Өз жерімізде өзіміз аз санды ұлт болу сорына жеттік. Өткен ғасырдың 90-жыл­дары байырғы ұлт ретінде са­нымыз 40 пайыз болды. Соған қара­май, тарихи сүзгіден өткен зиялы қауым өкіл­дерінің жұдырықтай жұмылған әрекеті Жоғарғы Кеңестің оң шешімдер қа­былдауына мүмкіндік берді. Парла­мент құрамына кірген жазушылар мен академиктер, заңгерлеріміз бен экономистеріміз қуатты күш екенін анық аңғартты. Қазақ Елінің тәуелсіздігі білім мен парасаттың басымдығымен келді. Біз есімдері әлемдік деңгейде та­нылған тұлғалы кәсіп иелерінің арқа­сында, Президентіміздің ұстамды заңға, экономикаға жетік қабілеті мен беделі бәрімізді Назарбаев айналасына топ­тастырды. Соның арқасында егемен­дік­ке қол жеткіздік. Уақыт аласапыранынан аман өттік. Тәуелсіздік дегенде... Менің есіме өткен ғасырдың осындай қиын-қыс­таулы кезеңі түседі. Елдік тұтастығымызға осы кезеңде аса ауыр салмақ салған екінші бір тұс – сыртқы күштердің әралуан жолмен ішкі тір­шілігімізге араласа бастағаны. Эко­номикалық топтар мен діни ағым­дар­дың «шайқасы» күшейді. Ең қауіпті әре­кеттер іске кірісті. Көзін уқалап ашып, оң-солын толық та­ни алмай, өз қолы өз аузына жетпей жат­қан жас мемлекетке не істеу керек еді? Әлемдік экономикалық жүйеге кір­мей ел тірлігінің түзелмесі белгілі бол­ды. Сол бағытта жаңа экономикалық ре­формалар өмірге келе бастады. Инвес­тиция тарту мен жұртты жұмылдыру ар­қылы, көпвекторлы саясат жүргізу ар­қылы өз жолымызды анықтадық. Соның арқасында Қазақстан әлемге кең танылды. Тағы бір мәселе – ұлт үшін аса маңызды мәселе  – рухани кеңістігімізге ді­ни ағымдар мен жемқорлықтың жарыса кіргені. «Дүмше молда дін бұзар» дейді. Дін­нің жолбике түрлері көбейді... Бір от­басындағы тіл шұбарлығы дін шұбар­лы­ғына жалғасты. Соның салдарынан неше түрлі ағымдар қаптады. Тарихтан білеміз – ең қауіпті нәрсе – бір мемле­кетте бірнеше дін мен түрлі наным-сенім­дердің қатар өрбуі. Діннің ала-құла­лығы қауіпті. Ата дініміздің айна­ласына берік топтасу керек! Әрине, бұл ға­ламдық проблема. Қанша жерден зайыр­лы қоғам орнатсақ та, өмірімізді қия­мет-қайымға айналдыруға бол­май­ды. Діннің біртектілігі тіл мен ұлттың бір тектілігін қамтамасыз етеді. Тіл мәселесінде де, мемлекеттік мәр­тебемізді бекіттік дегенмен түйт­кілді тұстар әлі бар... Өткен жылдың соңында Сол­түстіктегі көршілеріміз де жер ай­наласында намысқа тиер әңгіме бас­тады. Бұл – сауатсыздық! Бұл –әлемдік саяси ахуалды ескермей айтыла салған «дүмшелік»! Кезінде  Горбачев пен Сол­женицын айтып кеткен әңгімені кешегі мемлекеттік Думаның екі бірдей депу­таты шала бүлініп, қайталады. Қалай болғанда да жақсы емес. Ресей депу­тат­тары шоқ басып алды. Әлемнің озық ойлы саясаткерлері мен тарихшылары әңгімеге қызу араласып кетті. Ақылды саясаткерлер өзінің ең мықты одақтасы болып отырған көрші мемлекеттің жанды жеріне бұлай ине сұғып алғаны Ресей билігін қолайсыз жағдайда қал­дырды. Билік ойлануы керек. Тәуелсіздіктің алғашқы кезеңінде қалыптасқан либералдық-ұлттық бур­жуазияның өкілдері тәрбиеленіп шық­ты. Бірақ солардың көбі менің көңі­лімнен шықпайды. Оффшорларға ақ­ша­ларын жасырып, әдемі «замок­тардың» тасасына тығылып алып, елді алауыз­дыққа, қырғынға шақырулары дұрыс емес. Алда-жалда қазақ елі іріткі салу­шы­лардың «қармағына іліксе», Орталық Азия кеңістігі адамның ақылы игере алмас аласапыран жағдайда болуы мүм­кін... Құдай содан сақтасын! Онда біз қа­зақ елінің түбіне өзіміз жетеміз... Қа­зақ елінің тағдыры біз үшін қымбат! Тарих­та бөлшектеніп, талан-таражға түс­кен, жоғалып кеткен елдер аз ба?!  Қа­зақтың тағдыры қазақтың өз қо­лын­да! Біздің ұрпақ өзін, елін сақтағысы келсе, ең әуелі – парасатты түрде елдік мұра­тымыздың қайнары ұлттық идео­логиямызды орнықтыруымыз керек. Жемқорлық бар. Қасым-Жомарт Тоқаев:  «Короновирус есімді індетпен күресті қалай жүргізсек, коррупция дейтін  бұл індетпен де солай күресеміз!» деп ашық айтты. Ашынып айтты. Ылайым солай болсын! Қазақтың қазақтан басқа досы бар де­генге сенбеймін. Қазақстан ең әуелі қазаққа керек! Қазақ есімді халыққа – қазақстандықтарға, сонан соң нарық айдап, шекара асып келген  инвестиция салушыларға керек! Бай-бағландарға керек. Өмір, дәуір өзгеруде. Бізге туған елін шексіз сүйетін ақылды, саналы, жіберген қателерімізді түзейтін  мықты ұрпақ керек. Тәуелсіздігімізді сақтаймыз десек, жан-жақты, қазақ тілінде сөйлей­тін, қазақ тілінде ойлайтын, қазақ тілінде түс көретін ұрпақ қалыптас­тыру­ды күн тәртібінен шығармауымыз керек!