Қырғыз республикасы жол айрығында

Қырғыз республикасы жол айрығында

Қырғыз республикасы жол айрығында
ашық дереккөзі
10 қаңтар – Қырғыз Республикасында пре­зи­дент  сайлауы және бүкіл­ха­лық­тық ре­ферендум күні. «Мен Қырғыз Рес­публика­сының пре­зи­денті боламын!» деп 17 үміткер талпынып отыр. Ал референдумға басқару жүйесін анықтайтын екі мәселе қойылған. Біреуі – президенттік басқару, енді біреуі – парламенттік бас­қару. 2010 жылдан бері елдің Конституциясы бойынша, Қырғыз Рес­публикасы – парламенттік басқаруға басымдық берген пар­ламенттік-президенттік республика. Бірақ, өткен он жылда Ата заң­ның ережелері сақталған жоқ, және оған бірнеше рет өзгерту ен­гізу арқылы республика президенттік басқаруда болды. Сонымен, ел «президенттікке кімді таңдасақ, басқарудың қай­сы жүйесін алсақ дұрыс» деп бас қатыруда. Егер, ел пар­ламенттік басқаруды таңдаса, бұрынғы Конституция күшінде қа­лады. Президенттік басқару таңдалған жағдайға жаңа Конс­ти­туцияның жобасы жасалды, ол бүкілхалықтық талқыға салынады. Халықтың көңіл ауанына қарағанда, көпшілік президенттік басқаруды таңдайтын сыңайлы. Оған ең басты себеп – өт­кен жылғы қазан айында болған парламенттік сайлаудың нә­ти­жесі. Халық Жоғарғы Кеңестегі 120 депутаттың 100-ге жақынының бес жылдық «қайраткерлігіне» наразы еді. Сайлауда партиялық тізім­мен сол депутаттар Жоғарғы Кеңеске қайтадан келген. Төң­керіс сол себептен болып, ойламаған жерден от алып кетті. Осы­лай­ша, парламенттік басқару жаманатқа ұшырады. Елде пар­ламенттік басқаруды жақтаған адамдар көп. Бұл тараптың көбі зия­лы қауым өкілдері. Бірақ, парламенттік басқарудағы 10 жылдан жақсылық көрмеген қарапайым ел президенттік басқаруға ыңғай беріп отыр. Президенттік сайлауда елдің көпшілігі 17 кандидаттың іші­нен Садыр Жапаровты таңдайтынын ашық айтуда. Садыр Жа­паров ел алдында беделге қалай ие болды? Қырғыз рес­пуб­ликасында өткен жылдың қазан айындағы төңкерісте, бұқара ха­лық билікті басып алып, бірақ бұл жоспарсыз, алдын ала әзір­ліксіз болғандықтан, ел басқарусыз қалған. Елді басқарып отыр­ғандардың бәрі жасырынды, кейбіреулері шетелге қашып кетті. Әлеуетті органдардың бірінші басшылары әлі күнге дейін із-түзсіз, қайда екені белгісіз. Сол кезде саясат сахнасына түрмеде жатқан экс-депутат Садыр Жапаров және оның жақтастары шығып билікті қол­ға алды. Сөйтіп Садыр Жапаров лидер атанды. Дәл қазіргі күндерде, сайлауға жақындаған сайын Садыр Жапаровты сынап-мінейтіндер көп. Оған, негізінен, екі дәлел айтылуда. Біріншісі, түрмеден сот процедуралары сақ­талмастан уақытынан бұрын босануы. Екіншісі, президенттің мін­детін атқарушы болып тұрып, президенттікке кандидаттығын ұсынуы. Бұл – Конституцияға қайшы. Ол президент болған күнде де, «Жаңа Конституция қабылдағандықтан Президент қайта сай­лануға тиіс» деген пікір бар. Өз ойымызды білдіре кетсек, төңкеріс, революция дұрыс таңдау емес. Революцияда қан төгіліп, заң аяққа басылады. Анық емес мәліметтерді есепке алмағанда, Қырғыз Рес­публика­сын­дағы қазан төңкерісі бір өрімдей жас жігіттің өмірін қиды. Садыр Жапаров сайлауалды үгіт-насихат кезінде оп­по­ненттерінің сауалдарына сенімді жауап қайтаруда. Бұл елдің сенімін күшейтуде. Садыр Жапаровтың өзі де басқарудың пре­зиденттік жүйесіне дауыс беретінін айтты. Оның ойынша, ел­дегі қазіргідей қиын кезеңде мемлекет басшылығын жауап­кер­шілікті бір адам мойнына алуы керек. «Он жыл президент де, спи­кер де, мемлекет басшысы да, үкімет те өлкеміздің осындай жағ­дайға келгеніне жауап берген жоқ», – деген С.Жапаров. Ол өзінің парламенттік жүйеге қарсы емес екенін, бес жылдан кейін сондай жүйеге өтуге болатынын білдіруде. Сонымен бірге ол: «Біз төң­керіс күндерінде өлкеде тұрақтылықты орнаттық. Жұмыс­тарын тастай қашқан Президентті, Үкімет мүшелерін, депутат­тар­ды шақырып алып, ісін жалғастырдық. Мен премьер-министр бо­ларда үш рет парламенттің қолдауынан өттім», – деп ол өз аргу­менттерінде 2010 жылдағы төңкеріс жағдайын мысалға кел­тіруде. Ол кезде оппозициядағы 14 адам жиналып, уақытша үкімет құрып, үкімет басшылығына Роза Отынбаеваны өздері тағайындап, республика декрет шығарылу арқылы басқарылған еді. Сосын төңкеріс екпінімен президенттік сайлау өтіп, Р.Отынбаева уақытша президент болған. Сол сайлауда да Жаңа Конституция ре­ферендум­ға қойылып, сайлау мен референдум бюллетені бірік­тіріліп, жұрт Конституцияға қалай дауыс бергенін білмей қалған. Сол Конституцияда «Роза Отынбаева президент болып қалмасын, өзіміздің біреуіміз болайық» деген пиғылда 13 ер-азамат «уақытша пре­зидент президенттікке кандидаттығын ұсына алмайды» деп Конс­титуцияға енгізген. Президенттікке кандидаттардың ішінде Ада­хан Мадумаров, Равшан Жеенбеков, Канатбек Исаев, Қаныбек Има­налиев, Кұрсан Асанов сияқты «ауыр салмақты» белгілі тұл­ғалар бар. Сондай-ақ әйелдер арасынан заңгер Клара Сооронкулова, өзбек халқынан белгілі азамат Бабыржан Төлбаев президенттікке атын ұсынуда.  

Назарбек БАЙЖІГІТОВ,

túrkistan-ның Қырғыз республикасындағы тілшісі (Бішкек)