848
Еліңді қорғайтын – жеріңнің атауы
Еліңді қорғайтын – жеріңнің атауы

Елді ел ететін жері, жері жоқ ел болмайтыны сондықтан. Демек мемлекет дегенде ең алдымен оның аумағы есіңе келеді. Өйткені халықтардың әртүрлілігі секілді мемлекеттердің де аумағы әртүрлі. Мәселен, ұлан-байтақ жері бар Тәуелсіз Қазақстан мемлекеті территориясы жөнінен әлемде тоғызыншы орында тұр. Бірақ бізге бұны ешкім «сыйға» бермеді, ғасырлар бойы осынау даланы бабаларымыз төгілген қаны мен тері қорғады.
Сонау арғы дәуірдегі ғұндар мен сақтар, беріректегі Түркі қағанаты, Дешті қыпшақ, Алтын Орда секілді мемлекеттер (олардың бәрі біздің бабаларымыз құрған мемлекеттер) ұлы даланың иесі болса, ол билік осыдан 555 жыл бұрын Қазақ хандығы атты мемлекетке көшкені тарихқа хатталған. Ал Қазақ хандығының бүгінгі тәуелсіз Қазақстан Республикасының негізі екені дау тудырмайды. Оны тарих ғылымы да мойындайды. Алайда есте жоқ ескі замандардан бүгінгі азат мемлекетке жеткенше үнемі тек өз жерін қорғап, басқаның жеріне көз аларту ойында болмаған ұлы дала тұрғындарының басынан өтпеген қиындық жоқ. Құдай маңдайына шекаралас қылуды жазған шығыс пен солтүстіктегі елдер қазақ жеріне көз алартуын ешқашан тоқтатқан емес. Соларға соғысып, қарсы қан майданға мемлекет тұтастығын қорғаған хандарымыз бен батырларымыз – біздің мақтаныштарымыз!
Тарих – кім екеніңді ұмыттырмайтын ғажайып жадынама. Ол сенің қандай халық екеніңді ғана еске салып тұрмайды, сенің ел ретіндегі территорияңды да көрсетіп тұрады. Сондықтан еліміздің әр азаматы Қазақстан мемлекетінің аумағы мен әлем мойындаған шекарасы туралы анық білуге міндетті. Ол тіпті бізбен көршілес елдер де білуі тиіс мәлімет: Қазақстан шекарасының ұзындығы құрлықтағы
13 394, Каспий теңізінде 2 000 шақырымнан асады. Жалпы жер көлемі – 2 724 900 шаршы шақырым. Міне, осы аумақ әлем картасында Қазақстан деген елге тиесілі екені көрсетілген.
Біз мұны неге тәптіштеп отырмыз?
Кеңестік кезеңде ұлттық республикалар құрылып, шекарасы белгіленгенде қазақ елінің біраз жері өзге елдерге беріліп кетті. Орал тауының солтүстігі Еуропа, оңтүстігі Азия деген сылтаумен ежелден қазақтар мекен еткен Астрахан, Омбы, Түмен, Сарытау, Орынбор секілді қалалар мен оған қарайтын аумақтар түгелімен Ресейдің құрамына өтіп кетсе, оңтүстік батысымыздағы Бесқала аймағы мен қазіргі Түркістан облысының өзбек елімен шекаралас бірнеше ауданын Өзбекстан бауырына басты. Бұлардың ішінде Өзбекстанға өткен жерлердің шамалысы ғана кейін қайтарылды. Ал қалған жерлердің бәрінен заң жүзінде айырылып қалдық...
Әрине, кеткен кетті. Оны қайтарып аламыз деп жанталасып жатқан біз жоқ. Бірақ өзгелердің үнемі жерімізге көз алартуын тоқтатпайтыны түсініксіз. «Даудың басы Дайрабайдың көк сиыры» демекші, даудың басы 1945 жылдың 25 мамырында саяси көзқарасы үшін 8 жылға сотталып, 1950-1953 жылдары Қазақстанда айдауда болған, 1974 жылы «Отанын сатқан» адам ретінде КСРО азаматтығынан айырылып шетелге қуылған орыс қаламгері А.Солженицынның 1990 жылы жарияланған «Ресейді қалай құрамыз?» деген мақаласынан басталды. Сол мақалада Қазақстанның солтүстік облыстары Ресейдің жері деген пікір алғаш рет ашық түрде айтылды. Бірақ оны қазақтың зиялы қауымының беделді тұлғалары тікелей айыптап, батыл тойтарыс берді. Алайда КСРО-ның алғашқы және соңғы президенті М.Горбачев те биліктен айырылар алдындағы бір сөзінде Қазақстанның солтүстігі орыстың жері деп сандырақтады. Бірақ кейін кешірім сұрады. Қазақстанның Халық жазушысы Шерхан Мұртаза сол кездегі Ресей президенті Б.Ельцинге осы мәселе бойынша сұрақ қойғанда ол «Ресей мен Қазақстан арасында жер дауы жоқ. Барлық мәселелер халықаралық заңдар негізінде шешілген» деп бұл мәселеге нүкте қойған-ды. Бірақ кейінгі кезде баяғыда жойылып кеткен, бүгінде мәні мүлде жоқ КСРО кезіндегі кейбір құжаттарда айтылған нәрселерді алға тартқысы келетін ресейлік шенеуніктер ара-тұра Қазақстанның солтүстігіне көз салып, арам ниеттерін байқатып қояды. Оның басында Қазақстанда туған ресейлік саясаткер В.Жириновский тұр. Артық-ауыс әңгімені көп айтып, жүрген жерінде үнемі жанжал тудырып, жұрттың назарын өзіне аударып жүретін Жириновскийдің сөзіне жұрттың көбі күле қарап, айтқандарын дені сау пікірге қоспайтын. Бірақ кейбір орыс шенеуніктері Жириновскийдің арандатуын дұрыс деп қабылдай ма, әлде басқа бір себебі бар ма, кейінгі кезде РФ Мемлекеттік Думасының білім комитетінің төрағасы В.Никонов пен РФ Мемлекеттік Думасының депутаты Е.Федоровтың бірінен соң бірі Қазақстан мемлекетін қасақана мойындағысы келмеген ыңғай танытып, еліміздің аумағын Ресейдің сыйға берген жері деп сандырақтауы бір жағынан күлкі шақырса, екінші жағынан наразылық оятатын-ақ жағдай болды. Алайда көшеде жүрген әлдебіреу емес, мемлекет билігінде жүрген адамдардың бұлайша тым шектен шығуы ойландыратын жағдай.
Сонда не істеу керек?
Әр құбылыстың не індеттің салдарымен күресіп, оны жоюға ұзақ уақыт пен үлкен күш кетеді, кейде оның өзі жеткіліксіз болады. Сондықтан тынышымызды алған мәселенің себебін тауып, соны тоқтату керек. Біздіңше бұл – елімізде өте баяу жүрген деколонизация үдерісі. Себебі жетпіс жыл Ресей патшалығының, жетпіс жылдан аса қызыл империяның боданында болуымыз елімізде тарихи атаулардың жойылуына, тілдің әлсіреуіне, қазақ халқының санының азаюына жеткізді. Қазір осының алдыңғы екеуінің шешілуінде әлі аяғына жеткізілмеген істер бар, ал мемлекет құраушы ұлттың пайыздық деңгейі жетпіс пайызға жуықтап қалды. Демек, бізге Қазақстанның солтүстігінің атын да, затын да қазақыландыру үдерісінің жылдамдығын көтеру керек. Рас, бір кезде қаптаған орысша атаулардың астында қалған еліміздің солтүстігі мен шығыс жағындағы елді мекендердің біразының атауы қазақыланды. Тіпті, солтүстік жаққа оңтүстіктің халқы көптеп көшіп, қазақи демографияның деңгейін көтеріп те жатыр. Солай да болса, әлі шешілетін маңызды шаруалар бар. Соның бірі әлі күнге арқамызға аздай бататын Петропавл, Павлодар қалаларының атаулары.
Бұрын Қазақстанның солтүстігінде орыстілді халықтардың пайыздық жағынан артықшылығы болғаны рас, бірақ тәуелсіздік алғалы ол атмосфера біраз өзгерді. Өйткені ол аймақтағы орыстілді халықтардың көбі тарихи Отанына көшіп кетсе, ол жерге шетелдерден келген қандастарымыз қоныстанды, ішкі миграция да әсер етіп жатыр. Сөйтіп қазақтардың солтүстік пен шығыста үлесі көбейді. Бірақ неге екенін белгісіз, Павлодар мен Петропавл деген қала аттары отарлық кезеңнің таңбасындай болып әлі тұр. Олардың атын өзгерту туралы мәселе тәуелсіздік алғалы талай көтерілген, бірақ әлі нәтиже жоқ. Неге? Неліктен біз өз территориямыздағы елді мекен, қала атауларын өзгертуге, жаңартуға аса сақтықпен қараймыз? Тәуелсіз мемлекет өз аумағындағы барлық мәселені еркін шешуі тиіс емес пе?
Ресейлік депутаттардың сөзінен кейін жұртшылық Павлодар мен Петропавл қалаларының аттарын өзгерту туралы қайта бастама көтеріп жатыр. Дұрыс әрекет! Шекаралық аймақтардағы, орыс отаршылдығы кезінде зорлықпен таңылған атаулар әлі өзгеріссіз тұрса, өзгелер оған көз алартпағанда қайтеді?
Петропавл қаласының іргесі 1752 жылы әскери бекініс ретінде қаланса да ол тұрған жердің ежелгі атауы – Қызылжар. Ол маңды атамзаманнан бері орта жүз қазақтары мекендеген. Тіпті ХХ ғасырдың бас кезінде де қаланы қазақтар Қызылжар деп атаған.
Ал Павлодар қаласы да ежелден қазақтар мекендеген жер. Әлі күнге баяғы қазақтардың ұрпақтары тірлік кешеді сол жерде. Кейінгі кезде аталған шаһарға еліміздің әр тұсынан көшіп барып жатқан қазақтар да аз емес. Қала Ертіс өзенінің бойында тұр. Сондықтан оған Ертіс атауы берілгені дұрыс деген пікірлер жиі айтылып жатыр. Несі бар, өзенмен аттас қалалар аз ба жер бетінде? Мысалы, Ресей астанасының атауы да Москва өзенінен алынған. Сондықтан Павлодарға Ертіс деген атау жүзікке қас қондырғандай жарасатыны сөзсіз!
Ендеше Петропавлға тарихи Қызылжар атауы қайтарылып, Павлодарға Ертіс деген ат берілуі тиіс. Ол тарихи жағынан да, саяси жағынан да дұрыс шешім болары сөзсіз. Оған біреулер ренжи қояды деп ойламаймын. Бар болғаны жаңа ғасырда тәуелсіз елімізде екі ірі қаланың атауы жаңаланып, жаңаша дамудың жолына түседі. Елімізде ондай тәжірибе жоқ емес, мәселен, Алма-Ата – Алматы, Целиноград – Астана, Нұр-Сұлтан, Гурев – Атырау, Шевченко – Ақтау, Жамбыл – Тараз деп ескі атауларын өзгерткенде халық жатырқамай қарсы алды емес пе?
Шекарасынан, аумағынан басқа елдің кімге тиесілі екенін білдіріп тұратын екі нәрсе бар, оның бірі халықтың сөйлеу тілі мен жер-суының, қаласының аттары! Бүгінде халқының көбі ана тілінде сөйлеп тұрған қазақ даласы бөгде атаулардан тазартылса, сырттағы жұрттың тіліне тиек етер дәлелі жоғалып, ешкімнің бізге айтар дауы болмас еді. Сол үшін деколонизацияны ақырына дейін жеткізіп, күмән атаулыны көміп тастауымыз қажет.