Ақтөбе соты қару дүкені иесінің ісін қарап жатыр

Ақтөбе соты қару дүкені иесінің ісін қарап жатыр

Ақтөбе соты қару дүкені иесінің ісін қарап жатыр
ашық дереккөзі
231
Ақтөбе қалалық 2-соты маусымның 5-і күні қарулы шабуыл жасалған «Паллада» қару-жарақ дүкенінің иесі Артем Горлаевтың (30 жаста) ісін қарай бастады. Кәсіпкерге қылмыстық кодекстің 254-бабы («Мiндеттерiне адал қарамау») бойынша айып тағылған.
Маусымның 5-індегі қарулы шабуылдан кейін Ақтөбедегі қару-жарақ дүкендерін тексеріп шыққан прокуратура «Паллада» дүкенінде қару-жарақ талапқа сай сақталмаған» деп санайды. Ішкі істер министрлігі бекіткен ережелерге сай, сөредегі патрондардың дәрісі алынып тасталуы тиіс, ал қару сауда сөресіне арнайы троспен бекітілуі керек. Бірақ қарулы шабуылдан сәл бұрын жөндеуден өткен «Паллада» дүкенінде бұл талаптардың ешбірі орындалмаған. «Палладаға» шабуылдаушылар ол дүкеннен 18 қару мен патронды алып кеткен. Мемлекеттік айыптаушының пікірінше, Артем Горлаевтың бейқамдығы бірнеше адамның өліміне соқтырған. Сол күні дүкен сатушысы Андрей Максименко, бірінші қабатында «Паллада» дүкені орналасқан үйдің тұрғыны Николай Онищенко, жедел күзет қызметінің өкілі Мирхан Тәжібаев оққа ұшып қаза тапқан. Алғашқы сот отырысында «тросты үзу қылмыскерлерге еш қиындық келтірмеген болар еді» деген айыпталушы Артем Горлаев бүгін өзіне тағылған айыпты толық мойындады. Горлаевтың адвокаттары процессуалдық келісім жасауға ниеттері барын айтты. Артем Горлаевтың ісін Ақтөбе қалалық 2-сотының судьясы Ерлан Бақытжан қарап жатыр. 5 маусымда Ақтөбеде 26 адам екі қару-жарақ дүкеніне шабуылдап, ұлттық гвардияның әскери бөлімін басып алуға тырысқан. Шабуыл мен атыстан ресми мәлімет бойынша 7 адам қаза тауып, 40 шақты адам жараланған. Алты күнге созылған арнайы операцияда шабуылға күдікті делінген 18 адамның көзі жойылып, бірнеше адам ұсталған.

Серіктес жаңалықтары