208
Жаңа экологиялық кодекс тұрғындар арасында аурушаңдықты азайтуға көмектеседі – ADAL
Жаңа экологиялық кодекс тұрғындар арасында аурушаңдықты азайтуға көмектеседі – ADAL
ADAL партиясынан Мәжіліс депутаттығына кандидаттар Қазақстан халқының ұсыныс-тілегі, партияның үгіт-насихат жұмыстарының нәтижесі туралы, сондай-ақ Қазақстанның жаңа Экологиялық кодексінде көрсетілген маңызды өзгерістер туралы айтты.
Партияның саяси кеңесінің мүшесі, кандидат Олжас Ордабаев партия жүргізген ақпараттық-түсіндіру жұмыстарының кейбір нәтижелері туралы хабарлады.
– Бүгінгі күні еліміздің барлық аймағында партия мүшелері халықпен 4 216 кездесу өткізді, оған 95 мың адам қатысты. Партияға мүше болуға 200 мыңнан астам өтініш келіп түсті. Бұл азаматтардың сенім білдіргенін, ADAL сайлауалды бағдарламасын қолдағанын білдіреді, – деді Олжас Ордабаев.
Ол тұрғындар көтерген өзекті мәселелер туралы айтты. «Көптеген адам үшін үйде газдың, тұрақты ауызсудың болуы – арман», – деді кандидат.
Оның айтуынша, негізгі мәселелерге жұмыссыздық, баспана жетіспеушілігі, азық-түлік бағасының өсуі және жолдың нашарлығы жатады. «Әрбір өзекті мәселе бекітіліп, ол бойынша жұмыс істеледі», – деп сендірді Олжас Ордабаев.
ADAL партиясынан Мәжіліс депутаттығына кандидат, Тәжірибелі экологтар қауымдастығының төрағасы Лаура Маликова жаңа Экологиялық кодекс туралы айтты. Бұл ADAL партиясының Instagram парақшасындағы тікелей эфир кезінде сөз болды.
Айта кетейік, Л.Маликова — жұмыс тобының мүшесі ретінде заң жобасын қарауға қатысқандардың бірі. Жаңа Экологиялық кодекс осы жұмыс тобының ұсыныстары негізінде және Еуропалық Одақтың тәжірибесін ескере отырып әзірленді. Өйткені бұл тәжірибе бірқатар елдерде атмосфераға шығарындылар көлемінің айтарлықтай азаюымен ерекшеленеді.
«Экологиялық мәселе маңызды. Бұған біздің халықпен кездесуіміз, талдауымыз дәлел. Мысалы, тек Өскеменнің өзінде 8 000-нан астам отбасы экологиялық жағдайды жақсарту мәселесі ең маңызды екенін атап өтті», – деді Лаура Маликова.
Оның айтуынша, жаңа кодекс ауызсудың сапасын жақсартуға, өнеркәсіптік кәсіпорындардан атмосфераға шығарындыларды азайтуға, ауаны, қоршаған ортаны тазартуға, сонымен қатар тұрғындар арасында аурушаңдықты азайтуға көмектеседі. Бұл құжат, спикер атап өткендей, «жасыл» технологиялардың дамуына серпін береді.
Жалпы, эколог еліміздегі экологияны жақсарту ADAL партиясының сайлауалды бағдарламасының басым міндеттерінің бірі екенін атап өтті.