265
Nur Otan екібастұздықтардың мұң-мұқтажына құлақ түрді
Nur Otan екібастұздықтардың мұң-мұқтажына құлақ түрді
Естеріңізге саламыз, Екібастұз өңіріндегі сайлауалды науқанға Nur Otan партиясынан 43 үміткер қатысып жатыр, соның ішінде 32-і – қалалық мәслихатқа, 11-і – облыстық мәслихатқа.
- Қазіргі сайлауалды науқан жаңа форматта өтіп жатыр, - дейді қалалық мәслихат депутаттығына үміткер Татьяна Шмидт. – Бұл – біз үшін жаңа жоба. Мұндай форматтың ерекшелігі, үміткерлер өзі туралы емес, партия жұмысы, сайлауалды бағдарламасындағы оның мақсаты мен міндеті жайлы көбірек әңгімелейді.Nur Otan партиясынан үміткерлер сайлаушылармен кездесуде бастысы, екібастұздықтардың мұң-мұқтажына құлақ түреді. Елде айтатын мәселе жетерлік. Сайлаушылар бағаның құрық бермес асаудай күннен-күнге шарықтап бара жатқанына наразы. Сонымен бірге, коммуникация тораптарының тозығы жеткендігі, жас мамандардың өзіне лайықты жұмыс таба алмай отырғаны, медициналық қызмет көрсету түрлерінің сапасыздығы, Екібастұз өңірінде экологияның нашарлап бара жатқандығы – бәрі сайлаушыларды алаңдатады. Тағы бір өзекті мәселе – тұрғын үй және өзге де проблеманы шешу үшін салымшыларға зейнетақы жинағының белгілі бір бөлігін шешуге мүмкіндік беріліп отырғаны.
- Біз депутаттыққа үміткерлермен кездесулерде осы мәселелерді шешуге олардың да бар жан-тәнін салып кіріскендерін қалаймыз, - дейді екібастұздықтар, - Nur Otan партиясы өзін нақты істерді шешумен айналысатын партия ретінде көрсетіп жүр. Ендеше біздің талап-тілегіміз ескеріліп, оң шешімін табады деп сенеміз.Екібастұз өңірінде кәмелеттік жасқа толғандарды есептегенде 100 мыңнан астам сайлаушы тұрады. Олардың жас ерекшеліктері мен мамандықтары да әрқилы: ауылдықтар, қалалықтар, жастар, ардагерлер, жұмысшылар, зиялы қауым өкілдері.