275
«Қазақ тілінің ғаламтордағы жаңа кеңістігі»
«Қазақ тілінің ғаламтордағы жаңа кеңістігі»
Бүгін Астанада «Тіл әлемі» порталының, «Атау.кз» ономастикалық, «Емле.кз» орфографиялық және «Терминком.кз» терминологиялық базаларының тұсаукесері өтті. Жаңа ақпараттық ресурстардың құрастырушысы Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің Тілдерді дамыту және қоғамдық-саяси жұмыс комитеті болып табылады.
«Қазақ тілінің ғаламтордағы жаңа кеңістігі» атты тұсаукесерге Парламент депутаттары, зиялы қауым, орталық және жергілікті органдардың өкілдері, лингвист ғалымдар, әр саладағы мамандар және бұқаралық ақпарат құралдары қатысты.
Тілдерді дамыту және қоғамдық-саяси жұмыс комитетінің төрағасы Қуаныш Асылов өзінің сөзінде тілді дамытудың маңыздылығына және инновациялық, компьютерлік, ақпараттық технологияларды қолданудың қажет екеніне тоқталды.
Портал және электронды сайттар Қазақстан Республикасында Тілдерді дамыту және қолданудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру, тілді оқытудың тиімді әдістерін қалыптастыру, интернеттегі тілдік контенттің ауқымын кеңейту, қазақстандықтар мен шетелдіктердің тілді қашықтықтан оқуына мүмкіндік жасау мақсатында құрастырылды.
Жобаларды құрастыру үрдісіне Шайсұлтан Шаяхметов атындағы Тілдерді дамыту орталығының басшысы, филология ғылымдарының кандидаты Ербол Тілешовпен бірге Шерубай Құрманбайұлы, Асқар Жұбанов, Әлімхан Жүнісбек, Сағымбай Жұмағұлов сияқты филология ғылымдарының докторлары, профессорлар, сондай-ақ педагогика ғылымдарының докторы, Қазақстан Ұлттық педагогика университетінің профессоры Нұрша Оразыханова, филология ғылымдарының кандидаты Бижомарт Қапалбек және тағы басқалары қатысты.
Парламент депутаттары Бақытжан Ертаев, Омархан Өксікбаев, Сауытбек Абдрахманов, Абай Тасболатов, Бақытбек Смағұл, қоғам қайраткері ОразкүлАсанғазы ақпараттық ресурстарға жоғары баға беріп, олардың тіл саясатын жүргізудегі маңызды рөлін атап өтті.